Бұл туралы облыс әкімдігінің кезекті отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетовтің сөзінше, бүінде өңірдегі 349 елдімекеннің 307-і байланысқа қосылды. Оның ішінде 6 қала және 301 ауыл бар, бұл облыс халқының 99,0 % қамтиды (713,6 мың адам).
- Қалған 42 шағын және шалғай елдімекенді байланыспен және Интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз ету әрқайсының географиялық, климаттық және инфрақұрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке техникалық шешімдер негізінде жүзеге асырылатын болады, - деді Қайрат Бимағамбетов.
Жалпы облыста 2022 жылы 17 елдімекен интернетке қосылды. Ал 2023 жылы - 20, 2024 жылы - 45, 2025 жылы - 53, 2026 жылы 41 ауыл байланыспен қамтамасыз етілді.
- Бюджет қаражаты есебінен 14 антенна-діңгекті құрылыс орнатылды. Қазір 9 антенна-діңгекті құрылысқа байланыс қосылды. Атап айтқанда, Топқайың ауылы (Катонқарағай ауданы), Зимовье ауылы (Глубокое ауданы), Жоғарғы Тайынты ауылы (Ұлан ауданы), Жолнұсқау, Қаратоғай және Егіндібұлақ ауылдары (Күршім ауданы), Шілікті және Жалшы ауылдары (Зайсан ауданы), Большая Речка ауылы (Шемонаиха ауданы), Быково ауылы (Алтай ауданы). Тағы 6 антенна-діңгекті құрылыс қосылу сатысында: Жаңатұрмыс және Жаңаауыл ауылдары (Зайсан ауданы), Палатцы ауылы (Самар ауданы), Жаңаауыл ауылында (Тарбағатай ауданы) және Үшбұлақ ауылы (Күршім ауданы), - деді басқарма басшысы.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, «Қазақстан Республикасының ауылдық елдімекендерін Интернет желісіне жоғары жылдамдықты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасы бойынша 193 елдімекенді байланыспен қамту көзделген. Ол үшін «Қазақтелеком» АҚ талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстарын бастады.
Әкімдік отырысында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов аталған бағыттағы жұмысты бақылауда ұстауды тапсырды.
- Әкімдер, байланыс операторларына байланыс нысандарын салуға қажетті рұқсат беру рәсімдерінен өту барысында тиісті көмек көрсетіңіздер. Өскеменде мобильді байланыспен қамтудың «ақ дақтарын» жою іс-шараларын жалғастырыңыздар. Енді қалған 42 шағын және шалғай елдімекенді интернетпен қамту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз керек, - деді Нұрымбет Аманұлы.
Пікірлер