ШҚО Туризм және инвестиция басқармасының ақпаратынша, жыл басынан бері өңірге 195,6 мың турист табан тіреді. Оның ішінде 188,9 мың адам - отандық туристер, 6,7 мың адам - шетелдік туристер, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде облыста 447 орналастыру орны жұмыс істейді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64 нысанға артық.
- Бір мезгілде қабылдау сыйымдылығы 5,8%-ға өсіп, 22,3 мың төсек-орынға жетті, ал орналастыру қызметтерінің көлемі 23,8%-ға өсіп, 5,2 млрд теңгені құрады. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 2025 жылы 21,6 млрд теңгені құрап, 45%-ға өсті, ал бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 9,5 млрд теңгені құрады, - деді ШҚО Туризм және инвестиция басқармасының басшысы Ержан Сембинов.
Қазір инвестициялық пулға 2030 жылға дейін іске асырылатын жалпы сомасы 123 млрд теңгені құрайтын 30 жоба енгізілді. Анықталғандай, өңірде бірнеше демалыс орны бой көтермек:
- Глубокое ауданында «The Forest» ЖШС тау шаңғысы курортын салу – 30 млрд теңге;
- Өскеменде «Hilton» көпфункционалды кешенін салу – 17 млрд теңге;
- Катонқарағай ауданында «Ornek auyly» туристік аймағын салу – 10 млрд теңге;
- Өскеменнің сол жағалау бөлігінде «Өскемен қаласының Причалы» ЖШС-ның қонақ үйлерін салу – 10 млрд теңге;
- Катонқарағай ауылында «Wellness Resort» санаторийлік-сауықтыру кешенін салу – 8 млрд теңге;
- Өскеменде «Luncin International» ЖШС қонақ үй кешенін салу – 12 млрд теңге;
- Ұлан ауданында «VISTA LAGO» демалыс базасын салу – 11,5 млрд теңге.
Пікірлер