Облыс әкімдігінің отырысында белгілі болғандай, өңірдің туристік нысандарына көлікпен жету қолжетімділігін арттыру мақсатында бірнеше жоба қолға алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Туризм және инвестиция басқармасының басшысы Ержан Сембиновтің сөзінше, «Рахман қайнары» шипажайына апаратын жол учаскесінің құрылысы аяқталды. «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» республикалық тасжолының Осинов асуын айналып өтетін учаскесіндегі көпір құрылысы аяқталу сатысында. Берел ауылы маңындағы Язовое көліне апаратын Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпір құрылысы жалғасуда.
- Ақ Берел өзені арқылы Көккөл сарқырамасына апаратын көпірді, Ескі Австрия жолының бойындағы бес көпірді салу мәселелері әлі де шешімін таппай отыр. Аталған инфрақұрылымдық жобалар Инфрақұрылымды дамыту қоры шеңберінде республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру үшін Туризм және спорт министрлігіне жолданды, - деді Ержан Сембинов.
Бұдан бөлек, облыс бойынша барлығы 50 санитариялық-гигиеналық торап жұмыс істейді. Жыл басынан бері туристік маршруттар мен нысандарда орналасқан 20 торапты субсидиялау жүзеге асырылуда.
- Биыл туристік бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандарына 12 санитариялық-гигиеналық торап орнатылды, - деді басқарма басшысы.
Пікірлер