A+ A A-

talgatzhan 40 Бүгін, 15:05 0

Өскеменде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері марапатталды

Бүгін / Өскемен

Қалада Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында сала мамандарына құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бірқатар қызметкерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі марапаттары мен облыстық Алғыс хаттармен марапаттады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

 

Бұл күн 2011 жылдан бері қазанның соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл кәсіби мерекенің белгіленгеніне 15 жыл толып отыр.
Салтанатты жиында облыс әкімі әлеуметтік қорғау саласы мемлекет пен қоғам арасындағы маңызды байланысты қамтамасыз ететінін атап өтті.
– Әлеуметтік қорғау жүйесі азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, түрлі қиындыққа тап болған адамдарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Сіздердің еңбектеріңіз – мейірім мен жанашырлықтың, адалдық пен жауапкершіліктің көрінісі. Сала дамуына қосқан үлестеріңіз бен адал қызметтеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

 
Марапаттау рәсімінде өңірдің әр ауданынан келген мамандарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі мен «Әлеуметтік қорғау саласының үздігі» марапаты табысталды.
Солардың қатарында Катонқарағай ауданының жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Әсия Шакирова да бар. Ол 2024 жылдан бері осы қызметті атқарып келеді.
– Екі жыл ішінде ауданның әлеуметтік саласында бірқатар жұмыс атқардық деп айта аламын. Бүгін облыс әкімінің қолынан «Әлеуметтік қорғау саласының үздігі» марапатын алу – еңбегіміздің еленгені. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, – деді Әсия Шакирова.
Ал облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Бұлбұл Құсманова әлеуметтік салада 31 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

– Әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әлеуметтік салада көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуді үлкен жауапкершілік деп санаймын. Еңбегіміздің арқасында адамдарға көмегіміз тиіп жатқанына қуанамыз. Бүгінгі марапат мен үшін ерекше. Қатты толқып тұрмын, – деді ол.

 
Іс-шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Ән мен биден шашу шашылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.

Еркежан Еркінбекқызы

Фотосуреттер: автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив