Бүгін өткен облыс әкімдігі отырысында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жауапты басқарма өкілдерімен Мұзтауға көлікпен жету мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның айтуынша, Рахман қайнарларына барған туристер әрі қарай Мұзтауды да көргісі келеді. Алайда оған жету барлығына бірдей қолайлы емес көрінеді.
– Мұзтауға салт атпен 8-9 сағат жүріп жету екінің бірінің қолынан келмейді. Ал тікұшақ жалдау қарапайым халықтың қалтасына салмақ салады, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Оның ойынша, ең қолайлы шешім Мұзтауға көлікпен жету мүмкіндігін қарастыру. Осыған байланысты жауапты басқармаларға салт атпен жүретін бағыттардың бір бөлігін ретке келтіріп, жол талғамайтын көліктер жүре алатын балама жол әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Айта кетейік, өңірдегі Туризм және инвестициялар басқармасы басшысы Ержан Сембинов қазір инвестормен жұмыс жүргізіліп жатқанын, Мұзтауға жету үшін шағын тікұшақтар алынуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Пікірлер