Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде тұрған 200 мыңнан астам азаматтың кезектегі мәртебесі тоқтатылуы немесе олар есептен шығарылуы мүмкін. Бұған олардың баспана алуға қойылатын жаңартылған талаптарға сәйкес келмеуі себеп болып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы «Отбасы банк» Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Әшімов мәлімдеді.
Айтуынша, 21 қазандағы мәлімет бойынша, елімізде мемлекеттік баспана кезегінде 1 миллион 89 мың адам тұр.
- Яғни баспана кезегінде тұрған миллионнан астам азаматтың ішінен 200 мыңнан астамы есептен шығарылуы немесе кезектегі есебі уақытша тоқтатылуы мүмкін. Алайда әзірге біз азаматтарды кезектен шығару жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқпыз. Қазір қалыптасқан жағдайды талдап жатырмыз, – деді Азат Әшімов Астанада өткен қолжетімді баспана мәселесіне арналған конференцияда.
Оның түсіндіруінше, кезекте тұрған азаматтардың бір бөлігі тұрғын үй алуға қатысты жаңартылған талаптарға сай келмейді. 21 қазанға дейін 64 мың адам кезектен шығарылған. Тағы 227 мың азаматты тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тартылған. Сонымен қатар түрлі себеппен кезекте тұрған 239 мың адамның мәртебесі уақытша тоқтатылған.
Биыл кезекте тұрғандарға қанша пәтер берілді?
2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы 20 қазанға дейін әкімдіктер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 41,9 мың пәтер берген. Оның 35 мыңы иелеріне бөлінген, ал қалған 6,8 мың пәтер бойынша жұмыстар әлі жалғасып жатыр.
2026 жылдың алғашқы 10 айында бағдарлама аясында 320,6 млрд теңге бөлініп, 15,4 мың несие берілген. Ал 2019–2025 жылдары азаматтарға жалпы сомасы 1,4 трлн теңге болатын 105,4 мың несие рәсімделген.
Банк мәліметінше, 21 қазандағы жағдай бойынша 344,3 мың қазақстандықтың жинақ шоттарында жалпы сомасы 184 млрд теңге болған.
2033 жылға дейін тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін 292 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл ретте азаматтар үйді несие арқылы сатып ала алады немесе жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізе алады.
Кей азаматтар неге ұсынылған пәтерден бас тартады?
Азат Әшімовтің айтуынша, кезекте тұрғандардың арасында өздеріне ұсынылған пәтерден бас тартып, басқа нұсқаны күтетіндер де бар. Бұған тұрғын үйдің орналасқан ауданы сияқты себептер әсер етеді.
- Азамат келесі нысан бойынша ұсыныстан бас тарта алады. Мысалы, Алматыда кейбір азаматтарға 11 рет пәтер ұсынылған. Олар 2011 жылдан бері, яғни 2026 жылға дейін кезекте тұрғанымен, бұған дейін бірде-бір рет баспана ұсынылмаған. Ал соңғы екі айда оларға 11 пәтер ұсынылып, шартты түрде айтқанда, барлығынан бас тартқан, – деді ол.
Әшімовтің сөзінше, Алматыдағы бұл азаматтарға қаланың белгілі бір ауданынан баспана қажет болған.
- Сондықтан азамат ұсынылған пәтерден бас тартады. Келесі бөлу кезінде ол Медеу ауданындағы пәтерлерді бөлуге қатысады. Ақырында өздеріне қолайлы ауданға жеткенде ғана баспананы алды, – деді Азат Әшімов.
Пікірлер