Өңірде қатерлі ісікке шалдыққан балаларды емдеуге арналған заманауи медициналық орталық салу жоспарланып отыр. Жоба аясында америкалық St. Jude клиникасы мамандарын тарту мәселесі де қарастырылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, министр Ақмарал Әлназарова Өзбекстанның Самарқанд қаласында St. Jude клиникасының атқарушы вице-президенті, St. Jude Global халықаралық бағдарламасының жетекшісі Карлос Родригес-Галиндоумен кездесті.
Тараптар балалар онкологиясын емдеуде заманауи технологияларды енгізу мәселесін талқылады. Атап айтқанда, жілік майын транспантациялау, молекулалық диагностика және жасушалық терапия әдісін дамыту көзделген.
Сондай-ақ қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыру, америкалық мамандармен бірлескен медициналық консилиумдар өткізу мен ғылыми зертеулер жүргізу жағы қарастырылды.
Одан бөлек, кездесуде Шығыс Қазақстан облысында заманауи көпсалалы аурухана кешенін салуға ерекше назар аударылды. Жоспар бойынша, өңірде салынуы мүмкін көпсалалы госпиталь Шығыс Қазақстаннан бөлек, Павлодар мен Абай облыстары бүлдіршіндеріне медициналық көмек көрсетеді.
Кездесу барысында Ақмарал Әлназарова америкалық мамандарға жобаны сараптамалық сүйемелдеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Әзірге медициналық орталық құрылысы қашан басталатыны және шетелдік мамандардың жобаға нақты қалай қатысатыны туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі
Пікірлер