A+ A A-

talgatzhan 46 Бүгін, 16:35 0

Өскеменде 80 жастағы қарт IT мектебін тәмамдап, сертификат алып шықты

Бүгін / Өскемен

Бұл туралы бүгін Oskemen Hub орталығында өткен брифингте Tomorrow School мектебінің өңірлік жетекшісі Антон Чухрай айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Tomorrow School – бағдарламалау мен жасанды интеллектіні үйрететін тегін мектеп. Белгілі болғандай, білім беру ұйымы Alem.ai Foundation қорының Astana Hub экожүйесі аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша тегін білім береді.
– Tomorrow School мектебінің басты ерекшелігі – білім берудің мүлдем жаңа тәсілін қолдануы. Мұнда дәстүрлі дәрістер мен оқытушылар жоқ. Оқу халықаралық peer-to-peer, яғни «тең-теңімен» әдістемесіне негізделген. Қатысушылар практикалық тапсырмаларды өз бетінше орындап, жобалармен жұмыс істейді, бір-бірінің жұмыстарын тексеріп, білімі мен тәжірибелерін өзара бөліседі, – деді Антон Чухрай. 
Сөзінше, мектепке түсу үшін бағдарламалау саласында алдын ала тәжірибенің немесе арнайы білімнің болуы міндетті емес. Оқуды нөлден бастауға болады. 
– Жас шектеуі жоқ. 15 жасқа толған кез келген адам қатыса алады. Оған дәлел, біздің алғашқы оқу кезеңінде 80 жастағы қатысушымыз да болған. Ол сертификат алып шықты. Кампус оқушылар үшін тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде ашық. Қатысушылар сабақ кестесіне тәуелді болмай, өздеріне ыңғайлы уақытта келіп, білім ала алады. Оқу бағдарламасы бағдарламалау бойынша төрт апталық іріктеу қарқынды курсынан басталады. Іріктеуден сәтті өткен қатысушылар 18 айға созылатын негізгі бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама аясында 50-ден астам практикалық жоба орындалып, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект бағыттары меңгеріледі, – деді мектеп жетекшісі. 
Анықталғандай, өңірде жобаның алғашқы нәтижелері шыққан. Алғашқы қабылдау кезінде 60-тан астам адам оқуға қатысып, қыркүйек айында іріктеу кезеңін аяқтады. Екінші лекке 70-тен астам адам қосылды. Олар да жақын арада іріктеу кезеңін аяқтамақ.
– Қазір үшінші лекке қабылдау жүріп жатыр. Алдағы таныстыру кездесуі 23 қазанда өтеді. Төрт апталық қарқынды курс 26 қазаннан 21 қарашаға дейін жалғасады. Заманауи технологияларға қызығатын, жаңа мамандықты меңгергісі келетін немесе цифрлық дағдыларын жетілдіруді мақсат ететін баршаңызды оқуға шақырамыз. Жобаның басты мақсаты – бұрынғы мамандығы мен тәжірибесіне қарамастан, облыс тұрғындарына сапалы әрі практикалық IT-білім алуға мүмкіндік беру, – деді Антон Сергеевич.

Оқу толығымен тегін. Мекенжайы: Протозанов көшесі, 69, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғимараты, 4-қабат, 405-аудитория.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив