A+ A A-

talgatzhan 40 Бүгін, 17:10 0

Республика күні қарсаңында ел көлемінде бес мыңға жуық ту ілінеді

Бүгін / Республика

Қазақстандағы қалалар мен ауылдарда Республика күніне орай бес мыңға жуық мемлекеттік ту ілінеді. «Әділет» партиясының жастар қанаты «Менің Елім – Менің Туым» патриоттық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

25 қазанға дейін жалғасатын акция елдің барлық өңірін қамтып, мыңнан астам белсенді жасты, спортшыны, кәсіпкер мен тұрғынды бір жерге топтайтын көрінеді. Мемлекеттік ту бүкіл ел аумағындағы тұрғын үйлер мен ұйымдардың ғимараттарына ілінбек. Бастама мемлекеттік рәміздерді күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырып, қазақстандықтарды ортақ ұлттық құндылықтар төңірегіне топтастыруды мақсат етеді.

Акция Алматы қаласындағы «Медеу» мұз айдынында басталды. Мұнда 500-ге жуық адам Мемлекеттік туды желбіретіп, Әнұран орындады. Одан бөлек, KZ жазуы пішінінде сапқа тұрды. Ал Астанада ту Республика даңғылы бойындағы тұрғын үйлерге ілінді. Қарағандыда акцияға студенттер қауымы қосылды: партия жастар қанатының белсенділері Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің жатақханасына мемлекеттік туды ілді. Іс-шараға қатысқан Құралай Баймолдина аталған акцияның жастар үшін маңызы мен осындай дәстүрді сақтаудың мәніне тоқталып, өз пікірімен бөлісті.

– Мұндай бастамалар құрдастарымның бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырып, туған жерге деген құрметімізді арттырады. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл акция баршамызды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретініне сенімдімін, – деді ол.

Республика күні қарсаңындағы іс-шараға Шымкент жастары да қосылды. Мұнда Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты викторина өтті.

– Бүгінгі викторина – біз үшін өте қызықты әрі пайдалы. Ойын барысында еліміздің тарихы, мәдениеті мен ұлттық құндылықтары туралы білімімізді тексеріп, көптеген жаңа мәлімет алдық. Мұндай іс-шаралар дүниетанымды кеңейтіп, білімге деген қызығушылықты арттырады, сондай-ақ топтасып жұмыс істеуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – деді викторинаға қатысушы Диас Базаралыұлы.

Мерекелік бағдарлама патриоттық акциялардан бастап, жастарға арналған танымдық ойындарға дейінгі түрлі форматтағы іс-шараларды қамтыды. Олардың ортақ мақсатын «Әділет» партиясы жастар қанаты өкілдері атап өтті.

– Мемлекеттік ту – тәуелсіздігіміз бен бірлігіміздің, сондай-ақ еліміздің болашағы үшін ортақ жауапкершілігіміздің символы. Мұндай бастамалар патриотизмді нығайтуға және өз еңбегімен, белсенді азаматтық ұстанымымен Қазақстанның дамуына үлес қосатын жасампаз ұлт қалыптастыруға ықпал етеді, – деді «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов.

Айта кетейік, «Менің Елім – Менің Туым» акциясы 25 қазанға дейін жалғасып, Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бір бөлігіне айналады. Салт-дәстүрді сақтау, тарихқа құрметпен қарау және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету – «Әділет» партиясы атқарып жатқан жұмыстың маңызды бағыты болып қала береді.

Анықтама: Республика күні 25 қазанда атап өтіледі. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, ол Қазақстанның Тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды кезеңге айналды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мерекеге ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив