A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 10:20 0

ШҚО-да жасөспірімдерге арналған алғашқы құқықтық лагерь ашылды

Бүгін / ШҚО

Бүгін Өскеменде PVE LABS жобасы жұмысын бастады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бастама «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Алғашқы лагерь Ш.Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицей базасында ұйымдастырылды. Оған Өскемендегі 30 мектептің оқушылары қатысты. 
Қоғамды дамытуға ақпараттық қолдау көрсету қорының басшысы Ольга Сириденконың айтуынша, аталған жоба Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) бірлесіп, PREVECA II өңірлік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

 
– Бүгін біз алғашқы құқықтық лагерь жобасын бастадық. Бұл бастаманы ұзақ уақыт бойы әзірлеп, идеямызды жетілдірдік. Жоба аясында қала мектептерімен қатар ауылдардағы білім беру ұйымдарының оқушыларын да қамтуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта лагерь тағы үш елді мекенде ұйымдастырылады. Жалпы жобаға 220 бала қатысады деп күтілуде. Әр мектептен екі оқушыдан іріктеледі. Олар алған білімдерін тәжірибеде қолданып қана қоймай, жобаның амбассадорына да айнала алады, – деді ол. 
Жобаны жүзеге асыруға құқық қорғау органдарының, білім беру және психологиялық қолдау ұйымдарының мамандары, халықаралық сарапшылар тартылған. Олардың қатарында GIZ және FIPRO өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, прокуратура мен полиция қызметкерлері, Өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығының сарапшылары, ҚР ІІМ академиясының өкілдері бар.
– Лагерь қатысушылары төрт ай бойы алған білімдерін жетілдіріп, кейін өз құрдастарына арналған сабақтар өткізіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бастамаларын ұсына алады. Ал келесі жылы наурыз айының соңында Өскеменде ауқымды слет өткізу жоспарланып отыр. Оған төрт пилоттық аумақтан келген балалар қатысып, өз идеяларын ортаға салмақ. Іс-шараларды ұйымдастыруға Алматы қаласындағы Каспий университеті мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері де атсалысады. Жоба бағдарламасы зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмнің алдын алу, қақтығыстарды шешу, сыни ойлау, медиасауаттылық және психология бағыттарын қамтиды, - деді Ольга Сириденко. 

 
Іс-шараға ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Рауан Жампеисов, Өскемен қаласы прокурорының орынбасары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор және өзге де сала мамандары қатысты.
– «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізіліп жатқан бұл іс-шараның маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың, жалпы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Әр адам өз құқығы мен заңды білуі керек. Қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді Рауан Жампеисов.
Құқықтық лагерь бағдарламасы интерактивті оқыту мен практикалық тапсырмаларға негізделген. Қатысушылар қақтығыстарды шешу, сыни ойлау мен медиасауаттылықты дамыту, сондай-ақ зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмнің алдын алу тақырыптары бойынша тренингтерден өтті.
Айта кетейік, құқықтық лагерьлер алдағы уақытта облыстың тағы үш елді мекенінде өтеді. Атап айтқанда, 30 қазанда – Белоусовка кентінде, 3 қарашада – Риддер қаласында, 5 қарашада Алтай қаласында ұйымдастырылады.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив