29 қарашада мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне енгізілу үшін өтінішті 29 қазанға дейін беруі керек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сайлаушылар тізімдерін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органдар әзірлейді. Тізімге дауыс беру күніне дейін 18 жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тиісті сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелген Қазақстан азаматтары енгізіледі.
Облыстық сайлау комиссиясы ақпаратынша, уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде енгізіледі. Ол үшін өтінішті дауыс беру күніне дейін кемінде 30 күн бұрын, яғни 29 қазанға дейін беру қажет.
Бұл жағдайда әкімдік азаматты өзі дауыс беретін сайлау учаскесінің тізіміне енгізіп, оны тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады. Әр азамат тек бір сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.
13 қарашадан бастап азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады. Ол үшін тиісті сайлау учаскесіне жүгінуге немесе әкімдіктің колл-орталығы арқылы өз деректерін нақтылауға болады.
Пікірлер