A+ A A-

talgatzhan 118 29-11-2024, 10:10 0

Шығыста шұжық шығарылады

Бүгін / Зайсан / Сұхбат

Бүгінде облыста ауыл шаруалышығы қарқынды дамып келеді. Осы салада кәсібін дөңгелетіп отырғандар да аз емес. Соның бірі - Саулеш Абылғожина. Ол Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында “Ақбай” шаруа қожалығын басқарып, қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсірумен айналысады. Оған қоса түрлі ет өнімдерін шығаруды да қолға алған. Көпбалалы ана әрі іскер кәсіпкердің айтуынша, қазір халал шұжық халық тарапынан мол сұранысқа ие, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 


- Шаруа қожылығы қай жылы ашылды? 

- Бастапқыда отбасымызбен жылқы шаруашылығымен айналысқан едік. Ал бұл қожалық 2012 жылы Үлкен Қаратал ауылында жолдасымның бастамасымен ашылды. Сөйтіп, ақбас сиырын өсіруді бірден қолға алдық. Дәл сол уақытта қазақтың асыл тұқымды ақбас палатасына мүше болып кірдік. Әрине, алғашында қиындықтар болды. Қаражат, құжат жағынан біраз жүгірдік. Мал өсірудің өзі де оңай емес. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында қожалықта жұмыс істейтін малшылардың шыдамды болғаны жөн. Оларды да басқарып, жағдайын жасау керек. Төрт түліктің жем-шөбі тағы бар. Жаз бойы шөп шабамыз, малды жайлауға көшіреміз. Қожалықтың осындай көзге көрінбейтін, бірақ төзімділікті талап ететін тұстары баршылық. 2016 жылы жолдасым мезгілсіз дүниеден өтті. Сондықтан шаруашылықты әрі қарай жүргізу өз мойныма артылды. Осы уақытқа дейін барымызды салып, тырысып келеміз. Қанша жерден қиын болса да, жемісін көріп жатырмыз. 

- Қанша мал басын ұстап отырсыз?  

- Қазіргі таңда қожалықта 400 аналық, 600-700 мал басын өсіріп жатырмыз. Әрине, жалғыз өзімнің үлгеруім мүмкін емес. Ұжымда барлығы 20 шақты адам жұмыс істейді. 

- Ал ет өнімдерін шығару идеясы қалай келді? 

- Былтырдын бастап өсіріп отырған мал етінен халал шұжық пен әртүрлі ет өнімдерін дайындап келеміз. 5 миллион теңге көлемінде грант ұтып алып, қажетті құрал-жабдықты сатып алдық. Оның ішінде тартылған етті араластыратын құрал, шұжыққа арналған шприц, тоңазытқыш, мұздатқыш, вакумды аппарат пен пеш бар. Бұл кәсіпті бастағандағы басты мақсатым - халыққа табиғи таза, пайдалы өнім ұсыну. Зайсандағы Қабырғатал фермасында шөп өте құнарлы келеді. Сондықтан да болар, өзіміздің өсіріп отырған мал еті өте дәмді. 

- Негізінен қандай өнім түрлерін дайындайсыздар? 

- Шұжықтан басқа қақталған жылқы еті, қазы, жартылай фабрикат өнімдерін шығарамыз. Сиырдың өкпе, бауыр, жүрегінен әсіп жасаймыз. Малдың бас сирағынан дірілдек дайындаймыз. 

- Өнімдеріңіздің басқалардан ерекшелігі неде? 

- Біздегі қай тауарды алсаңыз да, құрамында ГМО, соя, крахмал мен түрлі тағамдық бояғыштар сынды зиянды заттар жоқ. Барлығы таза еттен жасалады. Дәмін келтіру үшін тек тұз бен бұрыш, сарымсақ қосамыз. 

- Шұжықтың дайындалу тәсілі туралы айтып берсеңіз…

- Рецепті шұжықпен айналысатын мамандардан арнайы оқып-үйрендік. Технологияны толығымен меңгерген соң ғана дайын тауарды нарыққа ұсынамыз. Ал тұшпара сынды жартылай фабрикат өнімдерін өзіміз күнделікті тұрмыста үйренгеніміздей дайындаймыз. Ең бастысы - барлығын қолдан жасаймыз. 

- Тұтынушылар тарапынан сұраныс бар ма? Айына қанша тауар шығарылады?

- Қазір санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен жұмыс істеп жатырмыз. Арнайы сертификат жасалу үстінде. Сол бойынша өнімдерімізді сатып жатырмыз. Сұраныс жоғары десем де болады. Зайсаннан басқа көрші аудандарға жеткізу қызметі жұмыс істейді. Одан бөлек, алыс-жақын орналасқан Өскемен, Семей, Астана қалаларынан да тапсырыс жиі түседі. Жалпы айына шамамен 1 тоннаға дейін өнім шығарамыз. Бағасы да қолжетімді. Мысалы, шұжықтың орташа бағасы 2000 теңгені құрайды.  

- Шаруашылықты әрі қарай дамыту үшін қаңдай жоспарларыңыз бар? 

- Әрине, бір орында тұрып қалуға болмайды. Алға қойған жоспарымыз көп. Идея да жетерлік. Байқасаңыз, қазір халық бұрынғыдай тамақтанбайды. Тек табиғи өнімдер сұранысқа ие. Сондықтан тауар түрін көбейтіп, көлемін арттырғымыз келеді. Осы уақытқа дейін жұмысшыларға жалақыны өз қалтамнан төлеп келген едім. Енді мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жұмыспен қамту орталығы арқылы қаржыландырылатын болады. 

- Ал өзіңіз сияқты кәсіп бастағысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз? 

- Не нәрсені бастағанда бірден жетістікке жету мүмкін емес. Әсіресе, жеке кәсіпте. Алғашқы екі-үш жылдың ішінде мол табыс бірден келмейді. Ол үшін шыдамдылық пен табандылық қажет. Қолға алған ісіңді жарты жолда тастамай, соңына дейін жауапкершілікпен апару керек. Сонда ғана нәтижесін көресіз. Ең бастысы - ештенеден қорықпай, ойда жүрген істі бастап кету керек. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА 

Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив