A+ A A-

talgatzhan 47 2-12-2024, 10:00 0

Өскеменде жұмысшы мамандықтар қалай оқытылады?

Бүгін / Өскемен

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұндағы мақсат — еріншектікті тәрк етіп, еңбектің жалауын ұстаған жандарды қолдау, өзгеге үлгі ету. Осы ретте, жұмысшы мамандарды дайындайтын оқу орындарының да маңызы зор. Шығыс Қазақстан облысындағы бұл міндетті арқалағандардың бірі — Өскемен жоғары политехникалық колледжі. Таяуда Kazinform тілшісі аталмыш оқу ордасына барып қайтты, деп хабарлайды Buqara.kzсайтының тілшісі.


Студент саны артып келеді


Өскемен жоғары политехникалық колледжі 1953 жылы ашылған. Ең әуелі тек жылу энергетикасы үшін кадр даярлап келді. Қазір көлік жөндеуші, техник-механик, слесарь сынды жұмысшы мамандықтарын да оқытады. 70 жылдан астам тарихында оқу ордасы 25 мыңнан астам түлек дайындады.


Колледж директоры Исатай Исиннің айтуынша, бүгінде осында 1203 студент білім алып жатыр. Оның ішінде 1115-і грантта оқиды. 2024 жылдың жазында 277 студент қолға диплом алған. Түлектерді жұмысқа орналасу көрсеткіші — 81 пайыз. Биыл студент саны 100 адамға өсіпті.


-Қазіргі уақытта колледжде 142 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 80 оқытушы, соның қатарында 27 магистр, 5 докторант бар. 2 педагог «Үздік педагог» атағын алған. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды оқытып жатырмыз. Студенттердің 30%-дан астамы үшжақты шарттар жасасу арқылы дуальді оқыту бойынша білім алуда. Яғни, олар сабақ оқып қана қоймай мамандық бойынша жұмыс та істейді. Нәтижесінде, айлық алып, еңбек өтілі де молая береді, — дейді Исатай Исин.


Білім ордасындағы мамандықтар: 


— Электр жабдықтары (163 адам оқып жатыр);


— Электрмен қамтамасыз ету (31 адам);


— Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары (103 адам);


— Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану (73 адам);


— Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару (163 адам);


— Мехатроника (12 адам);


— Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (94 адам);


— Бағдарламалық қамтамасыз ету (77 адам);


— Автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану (249 адам).


-2012 жылы халықаралық конкурсқа қатысып, 380 мың доллар көлемінде грант ұтып алдық. Соған техникаларды жаңарттық. Ал 2020 жылы республикалық «Жас маман» бағдарламасы бойынша бізге 235 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа да жаңа жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ IT және энергетика бағыттары бойынша құзырет орталығы ашылды. Соның арқасында WorldSkills қозғалысының жарыстарына белсенді дайындық жүргізілуде, — дейді колледж директоры.


Қажетті мамандарын кәсіпорындар оқытады


Құзіреттілік орталығында студенттер күрделі технологиялық құзырет бойынша дағдыларын жетілдіріп, біліктілігін арттырып жатыр.


Атап айтқанда, мехатроника, электроника, мобильді робототехника, электр монтажы, өнеркәсіптік автоматика, мобильді қосымшаларды әзірлеу, CAD инженерлік графикасы, IT бизнес шешімдері, прототиптеу, графикалық дизайн, WEB әзірлеу және басқалар. Колледждің WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионаттарының медальдық қоржынынында: 3 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль және 5 үздік медальон бар.


Бір айта кетерлігі, облыстағы кәсіпорындар мен түрлі компаниялар Өскемен жоғары политехникалық колледжіне хабарласып, өздеріне қажетті мамандарды айтады. Грантқа түсіру үшін ақша да бөледі. Ал оқуға түскен жасөспірім қолға диплом ала салып жұмыспен қамтылады. Биыл осы әдіспен 50 бала грантқа қабылданған. Іске асырылып келе жатқанына 3 жыл болған бұл бастама бойынша жыл сайын 50-60 студент қамтылады.


Колледждің әлеуметтік серіктестері көп. Соның ішіндегі ерекше атап өтетіндері: «Востоктехносервис» ҒТО ЖШС, «КАЗЦИНК» ЖШС, «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Согра ТЭЦ» ЖШС, «Өскемен құс фабрикасы» ЖШС, «Шығыс жылу» АҚ.


Колледжде оқудың екі түрі бар. Біріншісі екі жыл 10 айда жұмысшы мамандығын алып шығады. Ал екіншісінде 3 жыл 10 ай білім алып, белгілі бір салаға маманданады. Ары қарай университетті де қысқартып оқиды.


-210 орындық жатақханамыз бар. Студенттеріміз жатын орынмен толықтай қамтамасыз етілген. Жыл сайын оқуға түскен жастардан жатақхана қажет пе деп сұраймыз. Сол бойынша тізім жасалып, орын дайындап қоямыз. Бірақ үнемі 50-60 орын бос қалады. Соған басқа колледждердің студенттерін орналастырамыз. Келер жылы «Серпін» бағдарламасымен де студент қабылдауды бастаймыз, — дейді Исатай Исин.


Қазір облыс бойынша түгел дерлік өнеркәсіптік кәсіпорындарда осы оқу ордасының түлектері еңбек етіп жүр. Себебі студенттер сабақ кезінде-ақ теорияны практикамен ұштастырып, жұмысқа дайындалып шығады. Әрине, әр кәсіпорынның өз ерекшелігі болады. Бірақ жастар тез үйреніп, оңай бейімделіп кетеді.


Жастардың қызығушылығы зор


Колледждің ішін аралап, сабақ өтетін дәрісханаларды көрдік. Мұғалімдерді де сөзге тарттық.


-Өзім 2016 жылы осы колледжді тәмамдағанмын. Одан соң оқуымды Астанада жалғастырып, магистратураны Чехияда аяқтадым. Қазір осында мұғалім болып жұмыс істеп жүрмін. Электроэнергетика саласына қатысты пәндерден сабақ беремін. Соның бірі — электротехникалық материалдар пәні. Электроэнергетика саласында қолданылатын мыс, аллюминий өткізгіштер сынды барлық электр жабдықтарының материалдарымен таныс болмаған студенттер арнайы пәндерге кірісе алмайды. Сондықтан олар әр материалдың ерекшеліктерін, жұмыс принципін, қолданылу аясын білуі тиіс, — дейді арнайы пәндер мұғалімі Алма Сәрсенбина. 


Ары қарай студенттер басқа пәндер арқылы сол материалдардың есептемесін жүргізеді, қолмен ұстап жұмыс барысында қалай қолданылатынын үйренеді. Колледжде бұған қажетті жабдықтар толықтай алынған.


Электроника бағытындағы пәндерден шәкірт тәрбиелеп жүрген Досхан Зиядабектің айтуынша, бала күннен радиоэлектроникаға қызыққан. Сөйтіп, бұл салаға қадам басқан.


-Өз білгенімді басқаға үйреткім келгендіктен мұғалімдік жолды таңдадым. Өзім де студент болғандықтан жастарды қандай сұрақтар мазалайтынын жақсы білемін. Қалай түсіндірсе өтімді, қалай айтса қонымды болатынын сеземін. Сабақты қызықты қылып өткізуге тырысамын. Дәл қазір студенттер стандартты дәнекерлеуді үйреніп жатыр. Бұл ертең зауытқа барғанда ең әуелі қажетті қабілет. Себебі дәнекерлеуді білмейтін адам басқаны да істей алмайды, — дейді ол.


Келесі аптадан бастап осы студенттер бағдарламалауды үйренуге көшеді екен. Оларға код жазып, датчиктермен жұмыс істеу принципі түсіндіріледі.


-Жастардың қызығушылығы жақсы. Әр айтқаныңды қағып алып, білмегенін ұққысы келіп тұрады. Әке-шешесі кәсіпорында жұмыс істегендіктен олардың жолын жалғастырып, сол салаға қадам басып жатқандар аз емес. Мектепке барғанда кейбіреулерді өзіміз қызықтырып, жұмыссыз қалмас үшін сұранысқа ие мамандықтарға түсу қажеттігін, бұл жақта жоғары жалақы алуға болатынын түсіндіреміз, — дейді Досхан Зиядабек.


Колледжде студенттерге қажетті кітаптар топтастырылған шағын кітапхана, оқу ордасының тарихынан сыр шертетін музей де бар. Мақтан тұтар түлектерінің фотосуреттері де кіреберістегі дәлізге ілініп қойылған. Бұл «сендер де осындай бола аласыңдар» деп студенттерді жігерлендіре түсетіндей. 


Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив