
Өскеменде қазақтілді жарнамалардың сауатты жазылуына назар аударылуда
Бүгін облыс орталығында ШҚО Мәдениет басқармасы және ШҚО Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен “Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру” атты облыстық семинар өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараға Өскемен, Риддер қалаларындағы жауапты бөлім өкілдері, жеке кәсіпкерлер мен тіл жанашырлары қатысты. Назарға алынған басты мәселе - көшедегі жарнама тақталарындағы мәтін мен көше атауларының дұрыс әрі сауатты жазылуы. ШҚО Мәдениет басқармасы Тілдерді дамыту, ономастика және мәдени мұра бөлімінің басшысы Гүлжан Казимова айтуынша, өңірде жарнама, хабарландыру орналастыруда Тіл туралы заң талаптарының өрескел бұзушылықтары кездеседі.
- Бүгінгі семинарда көрнекі ақпарат мәтіндерінің дұрыс рәсімделуі, аударма тілінің сапасы, заңбұзушылықтардың алдын алу мен кемшіліктерді жою туралы талқыланды. Көрнекі ақпарат - елдегі қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық жағдайға әсер ететін факторлардың бірі. Қазіргі заманды онсыз елестету мүмкін емес. Олардың дизайнынан бөлек, дұрыс жазылуы да маңызды рөл ойнайды. Қоғамдық орындарда тек орысша жазылған немесе тура мағынасында аударылған мәтіндер қоғам тарапынан наразылық тудырып отыр. Әлеуметтік желілерде бұл туралы сыни ақпараттар жарияланып, теріс пікір қалыптасуда. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты өзінің жеке парақшасында Өскемендегі Өтепов көшесінде орналасқан дәмханалардың біріндегі қате аударма туралы пост қалдырған. Онда “Сыраны бүгініміз бен ертеңіміз жарқын болу үшін қайнатамыз” деп жазылған. Тіл жанашыры ретінде танылып жүрген қала тұрғыны Әділ Юсупов та әлеуметтік желіде Глубокое, Самар аудандарына апарар жол бойындағы ақпараттық нұсқағыштарды талапқа сай орналастыру керектігін жазған, - дейді ол.
Биыл көрнекі ақпараттардың заңға сай жазылуын қадағалау үшін 26 іс-шара ұйымдастырылып, қала тұрғындарына 180-нен астам ақпараттық жадынама, 150 сөздік таратылды. Жыл сайын “Сауатты жарнама - мәдениет нышаны” айлығы өткізіледі. Сондай-ақ көрнекі ақпарат мәтіндерінің орфографиялық нормаға сай жазылуына қатысты кеңес беретін 11 жедел желі жұмыс істейді.
Жиын барысында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит шаһардағы көрнекі ақпарат пен жарнамаларды заңға сәйкестендіру ісіне тоқталды.
- Жыл басында көрнекі ақпараттардың дұрыс жазылуы жөнінде кеңес беру және түсіндіру бойынша жұмыс тобы бекітілді. Биыл 439 кәсіп иесімен жарнама мәтіндерін дұрыс орналастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қателік табылған жарнама үшін 212 нысан иесіне ұсыныстар беріліп, 30-дан астам жарнама бейнеролигі тексерілді. Қала тұрғындары жиі баратын қоғамдық орындарда 148 көрнекі жарнама қатесі түзетілді. Тұтынушылардың құқығын қорғауға да ерекше көңіл бөлінуде, - деді ол.
Ал ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы сәулет және қала құрылысы кадастры бөлімінің басшысы Талапжан Қауашевтың сөзінше, жарнама тақталарын орналастыруда бірнеше талаптар қойылады.
- Сыртқы көрнекі жарнама – белгілі бір объектте орналастырылған және үй-жайдан тыс ашық кеңістікте көрнекі қабылдауға қолжетімді жарнама түрі. Оны орналастыру үшін жарнама иесі 5 күн бұрын әкімдікке өтініш жібереді. Оған жарнама түрі, орны мен мәтіні туралы ақпараттар көрсетіледі. Сыртқы көрнекі жарнамада жалған ақпарат, қандай да бір пропаганда, ұлт пен нәсілге бөліну, жаман әрекеттерге шақыру болмау керек, - деді Талапжан Рахатұлы.
Айта кетейік, биыл 1873 көрнекі ақпарат зерделенді. Нәтижесінде 301 қате анықталды. Оның 212-сі түзетіліп, 89 жарнама мәтінін жөндеуге уақыт берілді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер