A+ A A-

talgatzhan 30 13-02-2025, 10:30 0

Шығыстың Швейцариясы: Катонқарағайға жолыңыз түссе, міндетті түрде баруыңыз керек 5 жер

Бүгін / ШҚО / Катонқарағай / Пайдалы

Buqara.kz сайтының редакциясы өңірдегі әр, қала ауданның туристер тартатын көрікті, тарихи жерлері мен демалыс орындары жайлы ақпарат беретін арнайы айдар ашты. Ендігі кезекте әр мекеннің өзіне тән ерекшеліктері мен ТОП-5 жері туралы материалдар легі жарық көрмек. Бұл материалда Шығыс Қазақстанның Швейцариясы атанған Катонқарағай ауданына тоқталмақпыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Үздік туристік орындар

Катонқарағай ауданының тұмса табиғаты мен саф ауасы осында келген әрбір жанның жүрегінен жол табады. Ағашқа да, аң-құсқа да бай бұл мекен облыстағы туристік орындардың алдыңғы қатарында тұр. Катонқарағай - әсем табиғаты және тарихи мұраларымен танымал аудан. Мұнда алыс-жақыннан табан тіреген туристерді қызықтыратын негізгі бес нысан бар.

Катонқарағай ұлттық табиғи паркі

Қазақстандағы ең ірі ұлттық парк 2001 жылы құрылған. Оның жалпы ауданы 643 мың гектарды құрайды. 2014 жылы саябақ ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын мұра тізіміне енді. Катонқарағай ұлттық табиғи паркі Оңтүстік Алтайдың эталондық ландшафттарын зерттеумен және сақтаумен айналысады. Мұнда флора мен фаунаның бай түрі шоғырланған. Саябақ аумағында жоғары тамырлы өсімдіктердің 1000-нан астам түрі жайқалып тұр. Қызғылт ceмiзот, сафлор тәрiздес аюдәрi, алтай суықшөбi, қар дәуаяғы, алтай сібірі, Людвиг ирисі сынды 30 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Саябақ аумағының 34%-ын орманды аумақ алып жатыр. Негізінен қылқан жапырақты ағаштар өседі. Ал омыртқалы жануарлардың 363 түрі мекендейді. Қызыл кітапқа таймен, алтай ұлары, қара дегелек, сұр тырна мен ақбас тырна, қарақұс, балықшы тұйғын, ителгi, лашын, дентұмсық тұрпан, қар барысы, тас сусары енгізілген.
Саябақтың аумағында таңғажайып табиғи нысандар ғана емес, маңызды мәдени ескерткіштер де бар: Берел қорғандары, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы, ескі Австрияжолы, Көк-Көл кеніші. Шығысқа саяхат жасауға шешім қабылдағандардың барлығына Катонқарағай ұлттық табиғи паркіне бару ұсынылады. Ұлттық парк өкілдерінің мәліметінше, былтыр келушілер саны 10 840-қа жеткен.  

Көккөл сарқырамасы

Бұл сарқырама - 80 метр биіктіктен құлап ағатын Қазақстандағы ең биік сарқырамалардың бірі. Ол Рахман қайнарлары курортты ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 23 шақырым жерде орналасқан. Бір ерекшелігі - жоғары биіктіктен құлаған су ұсақ тамшылар түзеді. Ашық күндері сарқырамадан жоғары көтерілген ұсақ су тамшылары кемпірқосақтың барлық түріне боялады. Көккөл танымдық туризмнің дараланған, маңызды нысаны саналады.

Көккөлге тек жаяу немесе салт атпен жетуге болады. Бұл жер Берел мұздығына беталған туристер арасында да танымал.  

Берел қорымы

Ежелгі сақ мәдениетінің археологиялық ескерткіштері сақталған қорым Берел ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан. Жетпістен астам обадан құралған қорымның жалпы аумағы 4000х1000 шаршы метрді құрайды. Дәл осы жерде табылған артефактілер сақ дәуірінің мәдениеті мен тұрмысын зерттеуге мүмкіндік береді. Берел қорымында 1997 жылдан қазіргі кезге дейін 20 ескерткіш зерттелді. Қорымдағы қорғандар орналасуына қарай бірнеше топқа бөлінген. Зейнолла Самашевтің болжамы бойынша әр топтағы жерленген адамдар белгілі бір тайпаларға немесе руларға қарасты болған.
Аталған туристік жердің Қазақстанның мәдени құндылықтарын әлемге танытудағы орны ерекше. Берел мұражай-қорығының ақпаратынша, өткен жылы мұнда 11 031 турист келген.

Рахман қайнарлары

«Рахман қайнарлары» мемлекеттік қорықшасы бүгінде танымал жерлердің тізімінде. Ондағы Рахман көлінің емдік қасиеті мол. Сондықтан мұнда келушілердің басты мақсаты – денсаулығын жақсартып, күш-қуат жинау. Қайнардың шипалық қасиетi бұрыннан белгiлi. Оның құрамында гидрокарбонаттар, натрий, кальций, радон, гранит секілді бірқатар химиялық элемент бар. Бұл асқазан, ревматизм, омыртқа сүйектері, жүйке, тыныс, улану, гинекологиялық аурулар, буындардың ауруы, және де теріге шығатын жараларды емдеуге көмектеседі.

Мұзтау (Белуха)

Шығыстағы киелі орындардың қатарына жататын Мұзтау – Алтай тауларының ең биік шыңы. Ол Еуразияның қақ ортасында, Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан,

Биіктігі 4 506 метрді құрайды. Ол Шығыс Мұзтау және Батыс Мұзтау деген екі бөліктен тұрады. Ал Үлкен, Кіші Берел, Меңсу мұз­­дықтарынан Ақкем, Едігем, Қатынсу сынды өзендер бастау ала­ды. 1998 жылы Мұзтау ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілді.

Көркем табиғатымен талайларды тамсандырған Мұзтау көпшіліктің сүйікті орнына айналған. Мұнда туристер жиі келеді. Оған қоса альпинистер қатары да сейілген емес.

Ал ғалымдар Мұзтаудың ерек­ше энергетикасының бар екенін айтады. Оның шыңдары аспанмен астасады. Тағы бір қызығы, арнайы құ­рыл­ғылар таудың үнемі діріл­деп тұратынын байқаған. Сондықтан аңыз бен тарихқа толы Мұзтау Катонқарағайдағы туристік орындардың үздік бестігіне кіруге әбден лайықты.

Туризмді дамыту үшін…

Катонқарағай ауданы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанна Асқарованың сөзінше, Катонқарағай ауданының туристік әлеуетін арттыру мақсатында маңызды жоспарлар мен жобалар қолға алынуда.

- Аудан әкімдігі «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қорымен бірлесе отырып, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және «PKF hospitality group» шетелдік консалтингтік компаниясының қатысуымен туризмді дамыту бойынша шеберлік жоспарын әзірледі. Бұл ауданның мәдени-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық ұсыныстарды қамтиды. Сондай-ақ алдағы бес жылда ауданға 30 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл қаражат сумен жабдықтау желілері мен жолдарды, оның ішінде туристік нысандарды жөндеуге, қонақүй салуға гранттар беруге, мектептер мен ауруханаларды қайта жаңғыртуға және салуға, ауылдарды интернетпен қамтуға жұмсалады, - дейді ол.

Белгілі болғандай, ауданда 16,7 миллиард теңгеге 25 туризм жобасы жүзеге асырылмақ. Олар заманауи әрі жайлы, жыл бойы жұмыс істейтін туристік кешендер мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

- «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Катонқарағай ауылында 10 шағын қонақүй ашуға бизнес-жоспарлар әзірленді. Бұл туристерді қабылдау мүмкіндігін арттыруға үлес қосады. Мұның барлығы ауданның туристік инфрақұрылымын жақсартып, оның Қазақстандағы тартымды туристік бағыттардың біріне айналуына ықпал етеді, - деді Жанна Дүйсенбайқызы.

Қымбат МУХАМАДИЕВА 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив