
Ауылдағы ақ халаттылардың ахуалы қалай?
2025 жыл Шығыс Қазақстан облысында «Денсаулық сақтау жылы» болып бекітілді. Халықтың денсаулығы түптеп келгенде аймақтағы денсаулық сақтау саласының жайын көрсетеді. Медицинаға арналған жылға үміт көп. Бас ауырып, балтыр сыздағанда бар ауылға бөлінген бір дәрігерді таппайтын шеттегі жұрт абзал жандарға мұқтаж екені бесенеден белгілі. Кей аудандарда тозығы жеткен медицина мекемелеріндегі қызмет көрсету жайы мен ақ халаттылардың кемшіндігі мәселесі тағы бар. Бұл мақалада биыл әр қала, ауданның медицинасын қандай өзгерістер күтіп тұрғандығын сөз етпекпіз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Катонқарағай
Қысы-жазы Катонқарағай жеріне келіп-кетушілердің саны жыл өткен сайын артпаса кеміген емес. Табиғат аясында қыдырамын деп келген жұрттың алда-жалда денсаулығы сыр берсе барар орны - «Катонқарағай ауданының аудандық ауруханасы». Бүгінде емханаға тіркелгендердің саны 9104 адамды құрайды. Соның жартысына жуығы шалғай және жетуі қиын аймақтардағы ауыл азаматтары. Бұндай елдімекендерге жедел жәрдемнің өзі жедел жетуі мұң. Аудандық аурухана бас дәрігерінің айтуынша, биыл шет ауылдардағы денсаулығына байланысты ерекше қарауды қажет ететін және мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшінқұны кемінде 72 млн теңге тұратын жылжымалы рентгенологиялық кешен алу жоспарда бар. Сондай-ақ аурухананың өзінде заманауи талаптарға сай стационарлық рентгенографиялық кешен орнатылатын болады. Аудан бойынша медициналық нысандар «Денсаулық сақтау» жылында емес, 2027 жылы салынатыны мәлім болды.
- Жоспар бойынша 2026 жылы қажетті сметалық құжаттарды әзірленіп, 2027 жылы Еңбек, Аршаты ауылдарында жаңа медициналық пункті салынады. Сол сияқты «Катонқарағай ауданының аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК негізгі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жалпы жыл көлемінде медициналық нысандарға өз қаражаты есебінен жыл көлемінде тұрақты түрде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. 2025 жылы мәйітхана ғимаратын күрделі жөндеуге сметалық құжаттар даярланбақ, - делінген ресми жауапта.
21 дәрігер, 103 орта буындағы медициналық маман қызмет ететін Катонқарағай аудандық ауруханасында қанша маман жетіспейтіні белгісіз. Десе де акушер-гинеколог, хирург, ультра дыбыстық зерттеу дәрігері, провизор, тіс дәрігерлеріне ауданда сұраныс бар.
- Маман тапшылығын шешу мақсатында және елдімекендерге жас мамандарды жұмысқа тарту үшін дәрігерлерде арнайы аурухана жанынан екі пәтерлі тұрғын үйлер, бірреттік қаржылай көмек беріледі. Ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асырылуда. Семей мемлекеттік медициналық университетінде өткізілетін түлектермен кездесуге мекеме басшылығы барып, жас мамандарды жұмысқа тарту жұмыстарын атқаруда, - деді аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлмира Сәкенова.
Күршім мен Марқакөл
Қос аудан жеке дара бөлініп, Марқакөл ауданының қайта құрылғанына жылдан асса да медициналық мекемелер Күршім ауданының аудандық ауруханасына қарайды. Газет редакциясы жіберген сауалхатқа жауап берген Марқакөл ауданынының әкімі Рүстембек Кемешовтың айтуынша, биыл 10 қаңтарда аудан азаматтарын жергілікті ауруханаға тіркеу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттар тапсырылған. Яғни жақын арада марқакөлдіктер бұрынғыдай іргедегі ауданға бармай-ақ, өздерінде толық ем алады.
Ал Күршім ауданында «Денсаулық сақтау жылы» жаңа медициналық нысандар салынбайтыны белгілі болды. Биыл тек аудан орталығындағы емханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ Күршімнің аудандық ауруханасының жәнеМарқакөлдегі аудандық емхананың лифттері жөнделмек.
- 2025 жылдың ақпан айынан Күршім ауданында жылжымалы медициналық кешен өз жұмысын бастады. Алыс-жақын елді мекендерді аралап, мамандар халық арасында профилактикалық тексерулер жүргізуде, - деді Күршім аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Қасымбаева сұраухатқа берген жауабында.
Белгілі болғандай, Күршімде ақ халаттылардың тапшылығы байқалмайды. Дегенмен хирург мамандарға сұраныс көп болғандықтан, аудан жас мамандарды жұмысқа алуға ниетті.
Өскемен
«Денсаулық сақтау жылы» аясында өскемендік соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға медициналық қызмет көрсетуді жақсарту үшінақпан айында 4 ауруханада Ашық есік күні өтті:
-
Ақпанның 3-і «Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында» невропатолог, офтальмолог, хирург, кардиохирург, травматолог дәрігерлер кеңес берді;
-
Ақпанның 4-і «Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығында» уролог, нейрохирург, нефролог, эндокринолог мамандары тұрғындарды қабылдады;
-
Ақпанның 5-і Көпсалалы онкология және хирургия орталығында Ашық есік күні өтті.
-
Ақпанның 6-ы тұрғындар №4 қалалық ауруханасындағы кардиолог, пульмонолог, ревматолог, аллерголог мамандардың тегін қабылдауында болды.
Биыл Өскемендегі Гемотология орталығының құрылысы жалғасады. Сондай-ақ қала іргесіндегі Ахмер ауылына қарасты дәрігерлік амбулатория құрылысы толық аяқталып, жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған.
- Емхана құрылысы 2024 жылы басталған, жобаның жалпы құны 665,8 млн.теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың аяғына дейін тәмам болады, - делінген Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының ақпаратында.
2025 жылы Өскемен қаласында жөндеуден өтетін ауруханалар мыналар:
-
Өтепов көшесінде орналасқан стационар ғимараты;
-
Ана мен бала орталығының перзентханасы;
-
Серікбаев көшесінде орналасқан Онкология және хирургия орталығы;
-
Өскемен қаласының №1 емханасының ғимараты.
Облыс бойынша дәрігер жетіспеушілігі - 152 адамды құрайды. Оның ішінде Өскемен қаласы бойынша 52 ақ халаттының орны бос тұр. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы нақты қай дәрігерлерге сұраныс көп екендігін айтпаса да, бос орындар «Enbek.kz электрондық еңбек биржасы» ақпараттық жүйесінде орналастырылғанын мәлім етті.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ
Фотосурет gov.kz сайтынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер