
Ұлан ауданы шырайлы шығыстың оңтүстік-батысында орын тепкен. Соңғы жылдары ауданның көз тартар көркем табиғатына тамсанған туристер саны артып келеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Шығыс Салбурыны» мен «Altai Fest» фестивалдері де туристік әлеуетті арттыруға бағытталған. Дегенмен ауданға аяқ басқандар мұнымен шектелмей, бірқатар тарихи әрі мәдени жермен таныса алады, деп хабарлайды деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешені
Бұл - ауданның ең тартымды орындарының бірі. Ол Өскеменнен 38 шақырым қашықтықта орналасқан. Ақбауыр кешені туралы алғашқы деректер ХIХ–ХХ ғасырдың басында жазылған. Ал 1980 жылдан бастап жоспарлы түрде зерттеу басталды. Алғашқы болып Зейнолла Самашев Сағыр ауылының аумағын және Ақбауыр үңгірін кеңінен зерттеген. Ол түрлі тарихи кезеңнің көптеген жартасқа салынған суреттерін ашып, олардың сипаттамасын жасап, ғылыми түсіндірме берген.
Шатқалдың топонимикалық атауын «Ақ» сөзіне теңеуі кездейсоқ емес. Ежелгі мәдениетте ақ түс киелі болып есептелген. Яғни, тау биіктігін құдірет тұтып, жергілікті құдайлардың мекені деп түсінген.
Ақбауыр үңгірі біздің заманымызға дейінгі 3-2 мыңжылдыққа жататын петроглифтердің өзегі саналады. Мұнда ежелгі тау-кен жұмыстарын, қорғасын өндіруге арналған құралдарды, тас балғалар және тас шығару ошақтарының іздерін көруге болады. Зерттеулерге сүйенсек, ежелгі заманда бұл жер киелі табыну орнының басты нысаны болған.
Қызылтас тауы
Қызылтас тауы Сағыр ауылына жақын орналасқан. Оның биіктігі - 840,6 метр. Қасиетті саналатын тау етегінде археологиялық маңызға ие нысандар бар. Мұнда ежелгі қорғандар мен жерлеу орындары әлі күнге дейін табылып жатыр.
2023 жылдан бері Қызылтас тауына көтерілуден «Altai Fest» фестивалі өткізіледі. Спорттық шараға облыс пен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келгендер қатысады. Былтыр ауқымды шараға 500-ден астам турист келген.
«Sibiny family resort» жағажайы
Шалқар көлі жағасындағы «Sibiny» family resort» муниципалды жағажайы 2018 жылы ашылды. Нысан Бозанбай ауылдық округі әкімі аппаратының балансына алынған. Бұрын-соңды абаттандырылмаған жағажайда балалар алаңы, ересектерге арналған спорттық алаң, киім ауыстыруға, жуынуға арналған бөлмелер, ас әзірлеу орындары, көлеңкелі шатырлар мен дәмханадар қарастырылған. Жағалау қамыстан тазартылып, құммен жабылды. Мұнда жыл сайын 6500-7000 адам демалуға келеді.
Шалқар көліндегі мұз айдыны
Соңғы жылдары Шалқар көлінде конькимен сырғанау белсенді дамып келеді. Мұз айдынына облыс орталығының тұрғындары жиі келетін көрінеді. Әсіресе демалыс күндері халықтың қарасы көбейеді. Жуықта көл жағасында қысқы туризм маусымының салтанатты ашылуы өтті. Оған тек облыс жұртшылығы емес, шетелдік қонақтар да атбасын бұрды. Франциядан келген саяхатшы жұп Максим Пави мен Дельфин Пошиньо маусымның ашылу салтанатына қатысып, ерекше әсер алды.
Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасовтың сөзінше, мұнда атпен серуендеуге арналған нұсқаушылар да бар. Бозанбай ауылынан екі түйені де туристік қызметке тарту жоспарланып отыр. Келушілердің жайлылығы үшін көл маңында қысқы үйлер салу мәселесі де талқылануда. Мұнда «Мадина» жеке кәсіпкерлігінің өкілдері өз қаражаты есебінен үш киіз үй орнатқан. Сондай-ақ демалушыларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынылады. Қысқы спорт құралдарын жалға беруді де бастады.
«Шығыс салбурыны» фестивалі
Былтыр қазан айында әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған құсбегілер кезекті рет шығыста бас қосты. Бозанбай ауылының іргесіндегі Бүркіт төбеде отызға жуық киіз үй құрылып, ауқымды шара ұйымдастырылды. Төртінші жыл қатарынан өткен фестивальге алты елден құсбегілер мен жеті елден туристер келді. 5 000 адамның басын қосқан халықаралық бүркітшілер фестивалі облыстық брендке айналды. Бұл шара биыл да жалғасын табады. Ұлан ауданы әкімдігінің мәліметінше, фестивальды қыркүйек айында өткізу жоспарланып отыр.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділбек Рамазановтың сөзінше, Бозанбай ауылында ұлттық спорт түрлеріне арналған орталық ашылмақ.
- Орталық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында орналасады. Іс-шараларды өткізуге арналған ипподром да салынбақ. Оған 52 гектар жер бөлінді. Қазір инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету жобасы әзірленуде. Оның ішінде электр қуатын және су құбырын тарту, трансформаторлық стансаларды орнату ұңғымалар бұрғылау, сахна және мінберлерді орнату жатады. Сонымен қатар Ұлан ауданының барлық рекреациялық аймақтары үшін туристік дамыту кешендерін құру жобасы әзірленуде, - деді бөлім басшысы.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер