Бұл туралы ШҚО Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дархан Камалханов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның айтуынша, алаяқтар адамдардың жеке деректерін, ақшасын немесе банктік шоттарын иемдену үшін түрлі айла-тәсілдерді қолданады.
- Көп таралған тәсілдің бірі – 1414 нөмірінен келген жалған хабарламалар. Бұл нөмір eGov.kz Біріңғай порталына тиесілі. Ол - мемлекеттік қызметтер ұсынатын ресми ресурс. Бірақ алаяқтар осы нөмірді пайдаланып, адамдардың жеке мәліметтерін алдап алуға немесе телефонға зиянды бағдарламалар орнатуға тырысады,- деді ол.
Әсіресе мерекелер қарсаңында интернет-дүкендер арқылы жасалатын алаяқтық белсенді түрде артады. Мысалы, Халықаралық әйелдер күніне орай алаяқтар гүлдер мен сыйлықтар сататын жалған сайттар ашады. Олар алдын ала төлем жасауды сұрап, кейін тапсырысты орындамай қояды. Кейбір жағдайларда, тапсырысты жеткізу туралы хабарлама жіберіп, оны растау үшін арнайы код сұрайды. Бұл код арқылы олар азаматтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізуі мүмкін.
- Интернет-алаяқтар күн сайын жаңа тәсілдерді ойлап табуда. Сақ болып, жеке мәліметтеріңізді ешкімге бермеуге тырысыңыздар. Егер алаяқтардың құрбаны болып қалсаңыз, бірден полицияға және банкке хабарлаңыз. Ең бастысы – сенімсіз сілтемелерге өтпеу, белгісіз интернет-дүкендерге ақша аудармау және ешкімге жеке деректеріңізді айтпау, - дейді киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дархан Камалханов
Айта кетейік, интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін eGov.kz қосымшасы арқылы немесе 1414 нөміріне қоңырау шалып, “несиеге тыйым салу” пәрменін таңдауға болады. Бұл қызмет азаматтардың атыңыздан рұқсатсыз несие алуға тыйым салады.
Пікірлер