A+ A A-

talgatzhan 60 13-03-2025, 09:35 0

Ер аз болса, тәрбие мәз болмайды: ШҚО-да білім саласында ер мұғалімдер неге кемшін?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Қазақта халыққа тәрбие мен білім беруде Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлының салып кеткен жолы һәм ерен еңбегі дүйім елге аян. Ал бүгінгі қоғамда мектепте қызмет ету, шәкірт тәрбиелеу - әйел адамның шаруасы деген жансақ пікір бар. Мектептің қай-қайсына барсаңызда бастауыш сыныптарға білім беруден басшылық лауазымға дейін негізінен нәзік жандылар жұмыс істейді. Ұстаздардың жалақысы артып, мәртебесі өссе де мектептерде неге ер мұғалім аз? Ер мұғалімдердің рөлі қаншалықты маңызды? Өңірде бірде-бір ер мұғалім қызмет етпейтін мектеп бар ма? Мақалада осы сұрақтарға жауап бермекпіз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сандар сөйлесін
Мектеп дегенде етегі ұзын, ақ жейделі, шашын төбеге түйген, тоқылдап басатын өкшелі аяқ киім мен белдемше киген, қолында қызыл сия қаламы бар, ұстаздық қызметтегі қыз-келіншек елестейді. Көп жылдар ішінде қоғамда қалыптасып қалған заңдылық бұл. Себебі сонда, бүгінгінің көзімен қарасаң шәкірт тәрбиелеу - әйел затына арналған іс дерсің. Бұған облыстағы мұғалімдерге қатысты сандық дерек дәлел. Өңірде барлығы 11 385 педагог қызмет етсе, соның 1 871-і ер мұғалімдер. Пайызға шаққанда бұл көрсеткіш бар жоғы 16%-ды құрайды. Мәселенің төркініне көз жүгіртпес бұрын Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасы берген мәліметтерді бір шолып шығайық. Глубокое ауданында 889 пән мұғалімінің ішіндегі ер азаматтардың саны -137, Зайсан ауданында барлық 797 ұстаздың 165-і, Катонқарағайда 402 ұстаз болса,с оның 94-і, Күршімде барлығы 468 мұғалім қызмет етсе, оның 99-ы, Үлкен Нарын ауданындағы 371 ұстаздың 96-сы, Алтай ауданындағы 768 мұғалімнің 126-сы, Марқакөл ауданында қызмет ететін 266 білім берушінің небәрі 48-і, 355 самарлық ұстаздың 74-і, Риддердегі мектептерде 501 пән мұғалімі қызмет етсе, соның бар болғаны 62-і, Тарбағатай ауданында барлық 678 ұстаздың 182-і, Ұлан ауданында 827 мұғалім болса, соның 190-ы, Өскемен қаласындағы 3758 педагогтің 525-і, Шемонаиха ауданында 546 пән мұғалімдері жұмыс істесе, соның 73-і ер мұғалімдер. Сандық көрсеткішті түйіндей келе, облыс бойынша ер мұғалімдер Тарбағатай мен Үлкен Нарында (26-25%) көп қызмет етсе, Риддер мен Алтай қалаларында ұстаздық жолда еңбек ететін ер азаматтардың саны ең аз (12,3-12,5%).
Өңірде бірде-бір ер мұғалім қызмет етпейтін мектептердің бар екендігі анықталды. Санына көңіл толмай жүргенде, ауыл-аймақтардағы кей білім ордаларында тек әйелдер қауымы қызмет ететін болып шықты.
- Катонқарағай ауданының Үшбұлақ бастауыш мектебінде, Жазаба бастауыш мектебінде, Алтай ауданының Подорловка бастауыш мектебінде, Крестовка бастауыш мектебінде, Васильевка бастауыш мектебінде, Зайсан ауданындағы С.Биқадамов атындағы шағын жинақты бастауыш мектебінде, Қарасай шағын жинақты бастауыш мектебінде, Самар ауданындағы Жаңажол шағын жинақты бастауыш мектебі, И.Яроцкий атындағы негізгі мектебі, Ы. Алтынсарин атындағы бастауыш мектебінде сабақ беретін бірде-бір ер азамат жоқ, - делінген ШҚО Білім басқармасы сұраухатқа берген ресми жауапта.
«Әке көрген оқ жонар»
Облыс орталығында болашақ ұстаздарды тәрбиелейтін жоғары оқу орындары мен колледждері жетерлік. Жас мамандар «Мұғалімдік қызметпен шалғайдағы ауылдарға бармаймыз» деген күннің өзінде Өскеменде ер мұғалімдердің саны көңіл көншітерлік деп айтуға әсте келмейді. Мәселен қаладағы ер ұстаздары көп мектептер мыналар - №46 орта мектебінде пән мұғалімдерінің ішінде 19, №47 орта мектебінде - 19, №48 мектеп-қосымша білім беру орталығында - 22, №49 жалпы білім беретін мектебінде - 18 ер мұғалім. Ал аудандар арасында Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебінде ең көп ер азамат (16) қызмет етеді.

Осы мақаланы жазбас бұрын білім беру саласында қызмет ететін, басшылық лауазымдағы, жас түлектер мен оқытушылардың пікірін білуді жөн көрдік. Ахмет Байтұрсыновтың «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» деген сөзінен-ақ үйде әкеге қарап өскен бала мектепте ер мұғалімнен тәлім алса құба-құп емес пе? Бірақ бұл әзірге орындалмай тұрған тілек.

 - Білім мен тәрбиенің ордасы - мектеп. Дұрыс білім беру үшін тәрбиелі жас ұрпақ өсіру біздің борышымыз. Қазір қай білім ордасында болсын ер мұғалімдердің пайыздық мөлшерлемесі - 10-15%. Яғни өте аз. 20%-ға жеткен жағдайлар саусақпен санарлық. Ер мұғалімдердің мектепте қызмет етуі бүгінгі күн үшін, қазіргі қоғам үшін өте маңызды. Ежелден қазақ қоғамында ер адамның орны ерекше. Бұл ретте әйел мұғалімдердің жұмысын жоққа шығарудан аулақпыз. Десек те, тәрбие тұрғысынан алып қарағанда мектепке ер азаматтарды жұмысқа тартуды қолға алуымыз керек. Мәселен, өзім басқарып отырған Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №1 орта мектепте басшылыққа келген жылы ер педагогтердің саны небәрі 8-9 еді. Олардың саны жыл сайын артып, бүгінде техникалық қызметшілермен қосқанда 25-ке жетті. Соның ішінде пән мұғалімдерінің саны – 17 ер адам. Бұл әрине, жақсы көрсеткіш. Себебі әр мектептің балаға өнеге беру жолында қойылатын өз мақсаты болады. Ер мұғалімдердің білім ордасында бой көрсетуі жас жеткіншектерге үлгі-өнеге, - деді Өскемен қалалық Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №1 орта мектептің директоры Әділ Сайлаубек.

 

Иә, гендерлік саясат тұрғысынан әйелдер мен еркектердің бір салада, басшылықта қызмет етуі қуанышты жағдай. Бірақ берілетін тәрбие қашанда екіжақты болғаны абзал. Ер баланы түсінер ер мұғалім, қыз баланың даму кезінде оған қолдау болар өзі сынды нәзік жан, әйел ұстаз. Қоғамда қызу талқыға салынған жастар арасында әскери борышын өтеуден жалтару, «қыз мінезді» еркектердің көбейіп бара жатқаны бесенеден белгілі. Тіпті көгілдір экран мен ұялы телефонның арғы жағынан қызша кейіпке енген, жынысы өзіне беймәлім еркектерді көріп жүрміз. Жасыратын несі бар, бұрын құлақ естіп, көз көрмегеннен кейін бе «қызтекелердің» пайда болуы қазақ қоғамы үшін маңдайға біткен қасіретке айналып барады.

- Мектепке ер мұғалімдер ауадай қажет. Ердің аты ер ғой, тіпті үйде балаларымыз бізді, аналарын тыңдай бермейді. Әкенің болмысы, қаталдығы һәм мысы баланы дереу тезге салады. Кейде әйел мұғалімдердің өзінен «Балаңыз мені тыңдамайды» деген шағымын естіп жатамыз. Мектептегі тәрбиеге келгенде ер адамның орны бөлек екенін айтқымыз келеді. Жастар арасында әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуден қашып, жалтақтау да мектептегі ағайлардың қатал тәрбиесін көрмегендіктен болар. Бұл – ерлердің мұғалімдік салада төбе көрсетпеуінің салдары. Ер балаларды мектеп жасынан нағыз ерге тән қасиет пен мінезге, өжеттілік пен батырлыққа, батылдыққа тәрбиелеген дұрыс, - деді Сақан Назира есімді оқырманымыз.

Таңдауға талас жоқ

Мәселенің төркінін ұғып, білім ордаларына ер азаматтардың қажеттілігін аңғардық. Енді мәселені қалай шешпекпіз? Ер балаларды қалай ұстаздық жолға баулымақпыз? Жалпы қазіргі жастар білім беру саласына қызыға ма? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін биыл оқу бітіретін бірнеше түлектің пікірін білуді құп көрдік.

- Мен білім алған мектепте тек екі ер мұғалім қызмет етеді. Бірі дене шынықтыру пәнінен сабақ берсе, екіншісі оқушыларды алғашқы әскери дайындықтан өткізеді. Мектеп табалдырығын аттағалы маңызды сабақтарды беретін ұстаздардың дені - әйел адамдар. Содан болар менің түсінігім бойынша мұғалімдік әйел затына арналған жұмыс болып көрінеді. Мен мұғалімдік жолды таңдаған күннің өзінде ұжымда өзім сияқты ер адамдар саусақпен санарлық болса, серік болар ұжымдас табылмайтыны анық, - деді 11-сынып оқушысы Қамза Елбақыт.

Газет тілшісіне пікір білдірген түлектің қатарластары да «Мұғалім атанып, қағазбасты болғым келмейді», «Еркек физикалық жұмысқа арналған», «Балаларды оқытуға шыдамым жетпейді» деп ат тонын ала қашты. Осы тұста мұғалімдік мамандықты таңдайтын жастардың бар екендігін жоққа шығармаймыз. Кешегі ұлт ұстаздарындай білім беруді арман еткен жастар да жетерлік. Университет қабырғасында болашақ мұғалімдерді тәрбиелеп жүрген ұстаздың айтуынша, ер адамның педагогика саласында қызмет етуі тек оқушыға ғана емес, ұжымға да, жоғары оқу орнындағы тобына да әсер етеді.

- Қалай болған күнде де ер балалар ұстаздыққа қыздарға қарағанда аз барады. Ал Отан қорғайтын, мемлекет тізгінін ұстайтын азаматтарды мектеп қабырғасында тәрбиелеуде ер мұғалімдердің алар орны ерекше екені анық. Қыз балаларға қамқор, отбасында тірек боп, жанұясын асыраушы ретінде де, жауапкершілікті сезіну үшін де ер мұғалімдер тәрбиесі шешуші рөл атқарады. Қала берді әріптестер арасында да ер азамат жүретін болса әйел заты, ұстаздар әлдеқайда өзін нәзік сезініп, соған қарап бой түзеп, тіпті әдеп пен мәдениетті сақтап, қамқоршы жанның бар екенін сезінуге түрткі болады, әсер етеді. Студенттер арасында да ер балалар ілім алып жүрсе, қыз балалардың болмысына рең кіре бастайды. Жыл сайын педагогика саласына қызыққан ер балалардың саны артып келеді. Әсіресе «Серпін» бағдарламасымен, былтырғы су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан келген студенттер ұстаздық жолды таңдауда, - деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушысы Айымгүл Сейпутанова.

Түйін

Ер мұғалімдердің мектептегі кемшіндігі – тек білім беру жүйесінің ғана емес, тұтас қоғамның өзекті мәселесі. Ұрпақ тәрбиесі мен ер баланың қалыптасуында әке мен ұстаздың рөлі қатар маңызды екенін ескерсек, мектеп қабырғасында ер мұғалімдердің болуы – балалардың тұлға болып жетілуіне тікелей әсер етеді.
Бүгінгі таңда ер азаматтардың педагогикалық қызметке аз келуінің басты себебі – қоғамда мұғалімдік мамандықтың мәртебесіне қатысты қалыптасқан көзқарас пен бұл саланың материалдық және әлеуметтік жағдайының жеткіліксіздігі. Мұны өзгерту үшін ең алдымен бәлкім білім беру саласындағы гендерлік теңгерімге назар аударып, ер азаматтарды педагогикаға тартудың тиімді тетіктерін қарастыру қажет. Ұстаздық – тек білім беретін мамандық қана емес, ұрпақтың болашағын қалыптастырушы күш. Ер мұғалімдердің санын арттыру – ертеңгі мықты ұлт қалыптастырудың алғышарты. Сондықтан бұл мәселені жеке бастың кәсіби таңдауы ретінде емес, ұлттың келешегіне әсер ететін стратегиялық міндет ретінде қарастырған жөн.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив