Жаның жүдеп, мазаласа жалқы мұң,
Бері қарап, құлақ түрші алтыным.
Өзіңді өзің сүйремесең бақытқа,
«Мә, ала ғой» деп, алып келер жалпы кім?
Шаттығыңнан шерің басым болса да,
Өмір атты шаршы алаңда шаршама.
Бақытыңнан күдер үзбе ешқашан,
Күтеді алда бақытты күн қаншама!..
Адам әркез жемісі өз ойының,
Талғамыңнан биік болсын пайымың.
Өмір – театр, біз – кәдімгі актерміз,
Қоятұғын жақсы, жаман қойылым.
Кеше анаған жаман сөздер айттым деп,
Кеше тойдан сөз сөйлемей қайттым деп.
Өткеніңмен арпалысу қателік,
Екендігін тұр ғой саған айтқым кеп.
Нені ексең, соны орасың, заңдылық,
Арманыңа адаспай жет, мәңгілік.
Бақыт өзі табыстырсын бағыңа,
Армандаған қаншама күн зарығып.
Гүлім Еркінқызы,
Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 9-сынып оқушысы.
Пікірлер