A+ A A-

talgatzhan 31 10-04-2025, 11:00 0

Аудандарда алға жылжу бар ма?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Аймақтағы қай елді мекенді алсақ та қордаланған мәселелер мен орындалуы тиіс міндеттер бар. Жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыру үшін осы жылы Зайсан, Катонқарағай, Күршім мен Марқакөл аудандарының әкімдіктері тарапынан қандай жобалар жүзеге асырылатынын осы мақаладан оқи аласыздар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Мектеп пен аурухана көбейеді

Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазановтың айтуынша, биыл бірқатар құрылыс жұмысы бастау алмақ.

- Үлкен-Қаратал ауылында 150 орындық мектеп, Айнабұлақта спорт модулі,
Жарсуда мектептің спортттық корпусын салу жоспарланып отыр. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 14 пәтер бой көтереді. Жамбыл, Қаратал, Жаңатұрмыс, Біржан, Қарабұлақ, Тасбастау, Сарытерек, Жарсу ауылдарында мал қорымдарының құрылысын бастау көзделуде. Айнабұлақта сауда дүкені, техникалық жөндеу орталығы, қонақүй және көлік жуу орталығының құрылысы басталады. Қарабұлақ ауылындағы Омбы-Майқапшағай тасжолының бойында дәмхана мен аудан орталығында паркинг орталығын салу да жоспарда бар, - дейді ол.

Бұған қоса М.Мәметова атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебі, Мұжықсу негізгі орта мектебі, өнер мектептерін, «Еңлік» балабақшасын жөндеу, аудандық ауруханадағы жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Биыл аудан орталығында салынған 300 орындық «Сауыр» мектебінің салтанатты ашылуы ұйымдастырылмақ. Үлкен Қаратал ауылындағы мектеп пен дәрігерлік амбулаторияның құрылысы мен Сарытерек ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары да осы жылы аяқталады.

Ал Катонқарағай ауданында биыл баспана құрылысы қарқын алатын көрінеді. Ресми мәліметке сүйенсек, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жалпы ауданы 840 шаршы метрді құрайтын 6 екі пәтерлі тұрғын үй, 70 шаршы метр болатын 12 пәтер салу жоспарлануда.

Күршім ауданындағы Бірлік ауылында биыл жаңа білім ордасы бой көтермек. 50 оқушыға арналған мектептің құрылысы тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаевтың сөзінше, қазір онда ішкі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

- Қыстау Күршім ауылында жаңа мектеп ғимараты салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ Күршім ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Ю.Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебіне ангар үлгісіндегі спортзал салу қолға алынбақ. Бірлік ауылында фельдшерлік акушерлік пункт бой көтереді, - деді аудан әкімінің орынбасары.

Бұдан бөлек, Күршім ауылындағы су құбыры желісі мен орталықтандырылған №1, №5 жылу қазандықтары қайта жаңартылады. Аудандық ауруханадағы жұқпалы аурулар, хирургия бөлімдеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, №1, №2 лифті жөнделеді.

Марқакөл ауданындағы Игілік, Қайнарлы ауылдарында 100 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Аудан орталығындағы спорт кешені де осы жылы іске қосылады.

 

Байланыс сапасы – басты назарда

Биыл Зайсан ауданындағы Шілікті, Жалши, Тасбастау, Жаңаауыл, Жаңатұрмыс ауылдарында интернет қосылады.

Катонқарағай ауданындағы 27 елді мекенде 5-АМС бар, қалған 9 ауылда базалық стансалар жоқ. 18 ауыл басқа елді мекендердегі стансадан сигнал алу арқылы мобильдік байланыспен қамтамасыз етілген. Сондықтан жергілікті халық сапалы интернетке қол жеткізе алмай отыр. Белгілі болғандай, Согорное, Мойылды, Ақмарал, Шұбарағаш, Бекалқа, Ақшарбақ, Үшбұлақ ауылдарында ұялы байланыс жоқ.
Бұдан бөлек, Топқайың ауылында антенна-діңгек құрылысы аяқталды. Байланыс жабдықтары орнатылған соң «Кар-Тел» ЖШС АМС қосады.

Күршімдегі Аманат, Егіндібұлақ, Қыстау-Күршім ауылдарында интернет желісі ұстамайды. Биыл Қаратоғай, Үшбұлақ, Жолнұсқау ауылдарында антенналық-діңгек құрылысы іске қосылып, Beeline, Tele2, Activ, Altel, Kcell байланыс операторларымен келісім-шарт жасалады.

Марқакөл халқының 80%-ы интернет желісіне қосылған. Аудан әкімдігі аталған көрсеткішті 2027 жылдың соңына дейін 100%-ға жеткізбек. Биыл Игілік, Шеңгелді, Былғары Табыты, Урунхайка ауылдарын ғаламтормен қамту жоспарланған.


Сусыз отырған ауылдар бар ма?

Ауызсу мәселесі – облыс халқының басты мәселелерінің бірі. Себебі өркениеттен қол үзіп, су тапшылығын көріп отырған ауылдар әлі де бар. Дегенмен Зайсан ауданындағы барлық елді мекен толығымен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.

Катонқарағайдағы 27 елді мекеннің 26-ы ауызсумен қамтамасыз етілген. Аудан әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, қолмен су таситын ауыл жоқ. Су құбырларының жалпы ұзындығы 108 шақырымды құрайды. Қазір Топқайың және Катонқарағай ауылдарында су құбыры желілері қайта жаңартылуда. Биыл Коробиха, Берел, Жаңа Үлгі ауылдарында су құбыры жөндеуден өтеді.

Ал Күршімдегі Барақ батыр ауылы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған. Осы жылы су құбыры желісінің құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Марқакөл ауданындағы Тақыр, Жаңаауыл, Боран ауылдарын орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

 

Көшелер жөнделе ме?

Зайсан ауданы әкімдігінің мәліметінше, биыл Жалши, Сарытерек, Кеңсай, Жарсу, Қарабұлақ, Дайыр, Біржан, Айнабұлақ ауылдарының жарық шамдары жөнделіп, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. «Зайсан-Жаңатұрмыс» тасжолын орташа жөндеу жұмыстары да осы жылы соңына жетеді.

Катонқарағай ауданында осы жылғы бірқатар жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, Шыңғыстай ауылындағы Баекин көшесі (0-2, 3 шақырым) орташа жөндеуден, Топқайың ауылындағы Ауғанбаев көшесі (2 шақырым) шұңқырлы жөндеуден, Қазақстан (2,1 шақырым), Самархан (800 метр), Жастар (700 метр), Есімхан (800 метр), Қ. Исабаев (800 метр) көшелері орташа жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, 8 елді мекенде балалар алаңын орнату жоспарлануда. «Жаңа Үлгі-Жамбыл-Берел» (0-12 шақырым), «Согорное-Барлык-Ақсу» (28-41 шақырым), Аршаты ауылына кіреберіс (0-12, 8 шақырым) тасжолдарын орташа жөндеу қолға алынбақ.

Күршімдегі Қойтас, Бурабай, Күршім, Қыстау-Күршім, Ақсуат, Жолнұсқау ауылдарында көшелерді жарықтандыруға қаражат бөлінді. Бурабай, Қалғұты елді мекендерінде демалыс орны, ал Қойтас, Ақсуат ауылдарында футбол алаңы салынады. Теректібұлақ, Күршім, Қайыңды, Қайнар, Аманат, Жолнұсқау елді мекендерінде балаларға арналған ойын алаңы, Барақ батыр ауылында хоккей алаңы қолданысқа берілмек.

Марқакөл ауданындағы барлық ауылдық округте көшелерді аббатандыру жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде Марқакөл, Қайнарлы, Ақжайлау ауылдарында балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр.

Баспана мәселесі

Белгілі болғандай, биыл Зайсан ауданында әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы 40 адамға баспана беріледі деп жоспарлануда. Катонқарағайда «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 12 жанұя қоныс тойын тойлайды. Ал Күршім ауданында аталған бағдарлама бойынша салынған 20 пәтердің кілті халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасыларға табысталмақ.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив