Облыстың эндемиялық аумақтарында кене шағып, медициналық көмекке жүгінгендердің ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 21%-ды құрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, аурудың алдын алу мақсатында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді кене шағудан зардап шеккендердің 95%-ы алды. 5%-ы медициналық көмекке кеш жүгіну және эндемиялық аумаққа жатпайтын елді мекенде кене шағуына байланысты серопрофилактикамен қамтылмаған.
- Облыс аумағында кене жұқпаларымен ауырған науқастар тіркелген жоқ. Көпжылғы эпидемиологиялық талдаудың нәтижесі бойынша алғашқы аурушаңдық жағдайлары мамыр айынан бастап анықталады. Қазіргі уақытта эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті мөлшерде бар. Кене энцефалитінің табиғи ошақтарының қатарында Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан, Шемонаиха аудандары бар, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ эндемиялық аумақтарда эпидемиологиялық кезеңде медициналық ұйымдар базасында кене шағудан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету үшін серопрофилактика пунктері құрылды.
Өскеменде ересектер №4 қалалық ауруханасына (Серікбаев көшесі, 1/5), ал балалар Ана мен бала орталығына (Қазбек би даңғылы, 11) жүгіне алады.
Пікірлер