
Көктем келіп, күннің көзі жылынған соң табиғат аясына шығып, демалыс ұйымдастыратындар саны артады. Әсіресе, орманға бару жиілейді. Бұл уақытта жасыл желектерді, гүлдер мен дәрілік өсімдіктерді кесіп алатындар да болады. Бірақ бұл әрекеті үшін айыппұл арқалап қалуы ғажап емес. Осы орайда ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық Полиция департаментінің өкілдерінен нақты мәлімет алуды жөн көрдік. Сонымен, қандай өсімдіктерді кесуге тыйым салынған? Қандай жағдайда айыппұл салынады? Бұл сауалдардың жауабы осы мақаламызда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Ормандар мен егістіктерде азаматтар қандай әрекеттері үшін айыппұл арқалуы мүмкін?
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, төмендегідей жағдайларда әкімшілік жауапкершілік көзделген:
Ағаштарды кесу
Шаруашылық, саяжай және бақша учаскелеріндегі ағаштар мен бұталарды қоспағанда, орман қорының құрамына кірмейтін және кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды заңсыз кескен, жойған немесе зақымдаған жеке тұлғаларға 50 АЕК (196 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Орман қорына кіретін ағаштар мен бұталарды заңсыз кескен, жойған немесе зақымдаған адамдар 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалайды.
От жағу
Өрт қаупі жоғары кезеңде жас қылқан жапырақты ормандарда, ескі өртенген аумақтарда, зақымдалған орман учаскелерінде, кепкен шөп бар жерлерде, ағаштардың түбінде от жағуға болмайды.
Арнайы бөлінген және жабдықталған орындардан тыс жерде мангал және ошақ орнатуға тыйым салынады. Бұл ормандарда өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитарлық ережелерді бұзу болып саналады. Аталған ережелерді бұзғаны үшін 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Ал өрт болып, адам денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтірілсе, жеке тұлға 25 АЕК (98 300 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.
Қоқыс қалдыру
Ормандарды сарқынды сумен, химиялық заттармен, өндірістік және тұрмыстық шығарындылармен бүлдіріп, қалдық пен қоқыс тастағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 372-бабы бойынша 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
- Өңірде жабайы жемістерді жинаудың қазіргі стандарттары қандай? Өткен жылмен салыстырғанда өзгеріс бар ма?
Нормативтік актке аздаған өзгеріс енгізілді. Дегенмен жабайы жемістерді тегін жинау және дайындау стандарттары сол қалпы. Әр адам орманға бір рет барғанда 25 келі саңырауқұлақ, 15 келі құлпынай, таңқурай, көкжидек, қарақат, 10 келі шетен, бүрген, мойыл, долана, 10 келі балқарағай жаңғағын тегін жинауға құқылы.
Егер ол белгіленген шектен асып кетсе, АЕК мөлшерінде төлем белгіленген. Мысалы, құлпынай немесе көкжидектің әрбір қосымша келісі үшін 0,03 АЕК (118 теңге), саңырауқұлақтың бір келісі үшін 0,02 АЕК (79 теңге), балқарағай жаңғағының тағы бір келісі үшін 0,008 АЕК (31 теңге) көлемінде төлем бекітілген.
Аянат МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер