A+ A A-

talgatzhan 33 2-05-2025, 11:20 0

Декреттік төлемнің тәртібі қандай?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Былтыр Қазақстанда декреттік төлемнің көлемін көбейту үшін түрлі әрекетке барғандар жиі кездесті. Мәселен, бірнеше жеке кәсіпкерлік нысанын (ИП) ашып немесе бірнеше жерде тіркеліп, жалған құжат толтырған. Біраз қаражат алу үшін табысын көбейтіп көрсеткендер де бар. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, былтыр бала күтіміне байланысты төлемді көп алу үшін заңға қайшы қадамға барған 113 келіншекке қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған. Келтірілген шығын көлемі 158 миллион теңгені құрады. Мұндай кері әрекеттердің алдын алу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі декреттік төлемге қатысты түзетулер енгізді. Жаңа ереже 8 сәуірде күшіне енді. Осы ретте ШҚО бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы мен Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің мамандары бірқатар мәселені түсіндіріп берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

- Қазақстандағы қыз-келіншектер декреттік демалысқа шығып, бала туғанда қандай төлемдер алады? Жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге арналған төлемдердің айырмашылығы неде?

Дүниеге сәби әкеліп, декреттік демалыста отырған аналардың мынадай көмек алуға құқығы бар:

жүктілік және босану бойынша біржолғы әлеуметтік төлем (тек жұмыс істейтін әйелдер ғана алады). Ол еңбекке жарамсыздық парағындағы декреттік демалысқа шыққан күннен бастап беріледі. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына және жұмыс беруші бала күтімі үшін берген демалыс күндерінің санына байланысты;

бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бюджет қаражаты есебінен тағайындалады және әйелдің жұмыс істегені немесе істемегі маңызды емес): бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК мөлшерінде (149 416 теңге), төртінші және одан кейінгі балаға – 63 АЕК (247 716 теңге).

Жәрдемақыны тағайындау өтініш берген күннен бастап жүргізіледі. Екі және одан да көп бала туған кезде жәрдемақы әр балаға төленеді.

Бала күтімі бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем бала туғаннан кейін тағайындалады. Жұмыс істейтін әйелдер бұл төлемді соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алады. Ал жұмыс істемейтін әйелдер бюджет қаражатынан мемлекеттік жәрдемақы алады:

бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;

екіншіге – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;

үшіншіге – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;

төртіншіге және одан да көп балаға – 8,9 АЕК немесе 34 995 теңге.


- Декреттік төлемді есептеуге қатысты қандай түзетулер енгізілді?

- ШҚО бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының мәліметінше, 8 сәуірден бастап екі негізгі өзгеріс күшіне енді.

Біріншісі – енді ай сайынғы табыс жеті ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көлемінен аспауы тиіс деген талап қойды. 2025 жылы ЕТЖ мөлшері 85 000 теңгені құрайтындықтан, ең жоғары есептік табыс – 595 000 теңге болады. Бұл шектеу жүктілік және босану кезеңіне, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты төлемдерге қатысты.

Ал нақты орташа айлық табысы белгiленген шектен асатын әйелдер үшiн жұмыс берушi Қордан бала тууына байланысты әлеуметтiк төлем сомасын шегерiп, орташа жалақыны сақтай отырып, ақы төлеуге құқылы. Бұл еңбек немесе ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актісінде белгіленуі мүмкін. Егер мұндай норма болмаса, қызметкер оны енгізуге ұсыныс білдіруіне болады.

Екіншісі – жұмыстан шыққаннан кейінгі аударымдар есепке алынбайды. Бұрын әйелдер декретте жүріп өз атына аударым жасап, жәрдемақыны өсіре алатын. Егер әйел жұмыстан шықса (мысалы, декретке шықса), оның атына сақтандыру қорына жасалған қосымша аударымдар бұдан былай есепке алынбайды. Бұл ереже декреттік төлемге де, бала күтіміне байланысты жәрдемақыға да қатысты.

 - Енгізілген өзгерістердің 595 000 теңгеден аз жалақы алатын әйелдерге қатысы бар ма?

Егер соңғы 12 айдағы орташа айлық табысы 595 000 теңгеден кем немесе оған тең болса, төленетін әлеуметтік төлемнің есебі өзгермейді. Бұл ретте әлеуметтік төлем сомасын есептеуден декреттік демалысқа шыққаннан кейін төленген әлеуметтік аударымдар алынып тасталады.


- Ай сайынғы табысы 7 ЕТЖ-дан асатын әйелге берілетін төлемнің максималды сомасы қанша?

Егер соңғы 12 айдағы орташа айлық табыс 595 000 теңгені құраса, Қордан төленетін әлеуметтік төлемдердің ең жоғары мөлшері мынадай:

жүктілігі мен босануы бойынша: 126 күнтізбелік күнге еңбекке жарамсыздық парағын берген кезде – 2 499 000 теңге; жүктілігі мен босануы бойынша 170 күнтізбелік күнге еңбекке жарамсыздық парағын берген кезде – 3 391 500 теңге.

бала күтіміне – 238 000 теңге (соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы).

ШҚО бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының ақпаратынша, Қордан әлеуметтік төлемдердің белгіленген сомасынан міндетті зейнетақы жарналарының 10 пайызы ұсталып, БЖЗҚ-дағы жеке шотына аударылады.


- Өзгерістер жұмыссыз әйелдерге әсер ете ме?

Жоқ, енгізілген түзетулер жұмыс істемейтін қыз-келіншектерге қатысы жоқ. Олар бала туған кезде белгіленген төлемді және бала күтіміне байланысты жәрдемақыны бұрынғыдай алады.

 

- Декреттік төлемдерге қатысты түзетулер не себепті енгізілді?

Елдегі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі – еңбекке қабілетті халықты әлеуметтік қамтамасыз етудің қосымша нысаны. Бұл жүйе жұмыс қабілеттілігін жоғалту, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілік пен босану, бала асырап алу, бір жарым жасқа толғаннан кейін балаға күтім жасау сынды әлеуметтік тәуекелдерді қамтиды.

Әлеуметтік төлемдер қызметкердің табысы емес екенін түсіну маңызды. Себебі бұл – әлеуметтік қолдаудың бір түрі. Яғни, ол әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған.

Дегенмен өткен жылы тексеру барысында жалған еңбек қатынастарының фактілері анықталды. Оған жүкті әйелдердің декреттік демалысқа шығар алдында табысын жасанды түрде көбейту әрекетінің кең таралуы себеп. Бұл нақты еңбек қатынастары болмаған жағдайда бір уақытта бірнеше төлеушіден әлеуметтік аударымдарды төлеу арқылы жүзеге асырылады.

Сондықтан қабылданған өзгерістер жалақыны жасанды түрде көтеру мүмкіндігін азайтып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуі тиіс. Жәрдемақыларды тағайындау процесі барынша ашық және шынайы болуы керек.


- Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын қалай алады?

Декреттік демалыс пен әлеуметтік төлем алу үшін дәрігер, бөлім меңгерушісі немесе акушер-гинеколог беретін жүктілік пен босану бойынша еңбекке жарамсыздық парағы болуға тиіс. Кейін осы қағазды мерзімді көрсетіп жұмыста өтініш жазады. Аталған өтініш пен парағы негізінде декреттік демалыс туралы бұйрық шығады. Осылайша, декреттік демалыс жүктіліктің 30 аптасынан бастап тағайындалады. Ал ядролық сынақ жүргізілген аумақтарда 27 аптадан бастап. 

Дәрігер еңбекке жарамсыздық қағазын екі данада жазу керек:

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін;
Жұмыс орны бойынша декреттік демалысқа тіркелу үшін.

Қорға жүгінер алдында жұмыс берушіден артқы жағында тиісті белгісі бар еңбекке жарамсыздық парағын алуыңыз керек. Содан соң ХҚКО-ға барып немесе eGov порталы арқылы төлемге өтініш бере аласыз.

- Қоғамда баланы асырап алған немесе қамқоршылыққа алған отбасылар бар. Егер әйел жұмыс істемесе, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар ма?
Иә, жәрдемақы төленеді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен бала күтімі бойынша жәрдемақы алу құқығы тірі туған, асырап алынған немесе қорғаншылыққа алынған балалары бар жеке тұлғаларға (отбасыларға) берілген. Мұның бәрі балаға күтім жасайтын адам жұмыс істемейтін жағдайларға қатысты.

Бала күтімі бойынша жәрдемақы туу туралы куәлікте көрсетілген баланың туған күнінен бастап бала бір жарым жасқа толғанға дейін тағайындалады.

Баланы асырауға немесе қорғаншылыққа алған отбасылар үшін жәрдемақы тағайындау сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе бір жарым жасқа толғанға дейін қорғаншылық белгіленген күннен бастап жүргізіледі.

Аянат МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Фотосурет ашық дерекөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив