27 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасы мен ШҚ лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен өңірдегі өзге ұлт өкілдерінен шыққан мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қоғамдық өмірде қазақ тілінің мәртебесін көтеру және мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге этнос өкілдері арасынан белсенді жастарды анықтап, ынталандыру.
Сайысқа Шемонаиха, Үлкен Нарын ауданы, Глубокое аудандық соты, «KEGOC» АҚ Шығыс ЖЭТ филиалының қызметкерлері келіп, бақтарын сынады.
– Бүгінгі шараға қазылар алқасының мүшесі ретінде алғаш рет қатысып отырмын. Бұл – өте жақсы бастама, керемет ұйымдастырылған сайыс. Әсіресе аудандардан қатысушылардың келуі тілге деген құрметтің, ынтаның жоғары екенін көрсетеді. Осындай іс-шаралар алдағы уақытта жиі өткізіліп тұрса екен деймін, – деді «Eastiler» ұлттық-патриоттық ұйымының жетекшісі Аян Қалымбек.
Сайыс 3 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең – бейнеролик арқылы өзі жайлы қысқаша баяндама жасау. Екінші кезең – ұяшықтан таңдап алған тақырып бойынша ой қозғау. Соңғы кезең - «Ата Заңым – айбыным» тақырыбында эссе жазу. Қатысушылар барлық кезеңде қазақ тілін жетік меңгергендерін, ойларын еркін жеткізе алатындарын және мемлекеттік рәміздер мен Ата Заңға деген құрметтерін көрсете білді.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер