A+ A A-

talgatzhan 37 15-05-2025, 09:15 0

Той жасау дархандық па, дарақылық па: Қазақ қоғамында той мәдениеті мен әдебі қалай сақталып жатыр?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Қазақ халқы ежелгі заманнан бері қонақжайлығымен, кеңпейілдігімен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қасиетімен ерекшеленіп келген. Соның бір көрінісі - той жасау дәстүрі. Той - қуаныш пен берекенің нышаны. Дегенмен, соңғы жылдары бұл салттың мәні мен мағынасы өзгеріп, дарақылыққа, бәсекеге, тіпті ысырапшылдыққа ұласып бара жатқаны алаңдатады. Осы тұста «Той жасау дархандық па, дарақылық па?» деген сауал туындайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Той бәсекесі белең алғандай

Қазақтың әрбір тойы - ата-баба салтын дәріптеу. Ас беру, қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той - барлығы да елдің бірлігі мен руханиятына негізделген дәстүрлер. Той арқылы ел арасындағы татулық күшейіп, адамдар бір-бірімен қауышып, дидарласады. “Көрпеңе қарай көсіл” демекші, шамаңа қарап той жасау - руханилық пен өнегенің белгісі.

Алайда қазіргі таңда көпшілік арасында той бәсекесі белең алғандай. Қымбат мейрамханалар, жұлдыздар, ұзын-сонар кортеждер, тойдың сән-салтанатын көрсету үшін алынған несие - мұның бәрі дарақылықтың, көрсеқызарлықтың көрінісі. Бұл жағдайдың арты көбіне қарызға белшеден батуға, отбасылық кикілжіңдерге, өкінішке апарады. Сонда бұл - қуаныш па, жоқ әлде өз-өзімізді алдау ма? Осы сұраққа психолог маманның пікірін біліп көрдік.

- Бұл мәселенің негізгі психологиялық себебі - стандартқа сай болғысы келу, сыртқы адамдардың ойы мен өсегінен қорқу, өзін күшті көрсеткісі келу. Қазіргі тойлар ысырапшылдық пен мақтаншақтыққа айналып барады. «Ел не дейді?» деп қарызға батып той жасалуда. Оның артында ешқандай бақыт та, қуаныш та, құндылықта жоқ. Бүкіл ақшасын тойға беріп тастап, қарыз үстіне қарыз, күйзеліс үстіне күйзеліс қосылып, жалдамалы пәтерде жүрген жас жұбайлар да бар. Елдің сөзінен қорқып, стандартқа сай болу үшін бар-жоғыңды шашудың еш қажеті жоқ. Тойдың негізі құндылығы бұл екі жастың бақыты, солардың қуанышына қуану, - дейді психолог Әсем Рахым.

Расыменде тойдың басты мақсаты - қуанышты бөлісу, жақсы тілек естіп, бата алу. Көпбалалы ана Динара Әбунасырдың айтуынша, ең бастысы - тойдың мазмұны мен мағынасы болуы керек.

- Той жасау қанымызға сіңген қасиет. Одан бас тарта алмаймыз. Тек өткізу деңгейін өзгертіп, мазмұнына басымдық берген жөн. Өз басым той-жиынның болуына қарсы емеспін, тек қарызсыз, бата алу мақсатында болуы керек деп ойлаймын. Өзім де осы қағиданы ұстанамын, - дейді ол.


Халықтың 76%-ы тойды несиеге жасаған

Той жасауға байланысты шығысқазақстандықтардың пікірін біліп көрдік. Біреулер той өткізу дұрыс десе, енді бірі артық шығын деп есептейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың 76%-ы той жасау үшін несие алған. Бұл көрсеткіш жастардың қаржылық жағдайына және той жасау мәдениетіне әсер етпей қоймайды. Халық арасында несие алмай той жасағандардың бірі - Жанар Кәрімқызы.

- 2023 жылы қызыма ұзату тойын жасадық. Шығынсыз, қарызсыз өткіздік. Тойға барлығы 3,5 млн теңге кетті. Қызым минимализм стилінде болғанын қалады. Соған сай қарапайым әрі әдемі той болды. Негізі қазір заман солай болып барады ғой, мақтану үшін миллиондап несие алады, сосын оны өмірінің соңына дейін төлейді. Тойды шама келгенше жасап, ақ тілек естіп, бата ал. Екі жасқа одан басқаның қажеті де жоқ, - дейді Жанар Саттыбаева.

"Тойдың болғанынан боладысы қызық" демекші, той әбігері мейрамхана таңдаудан басталады. Баға әр қалада әр түрлі. Мәселен, Өскемендегі мейрамханаларда бір орынның бағасы 13 000 теңгеден басталады. Қымбат мейрамхана аламын десеңіз біраз шашылуыңызға тура келеді. Ал асабалардың құнына келетін болсақ, тәжірибесіне қарай түрлі баға ұсынылады. Егер танымал асаба болса 4 мың АҚШ долларын төлейсіз, ал жалпы той жүргізушілердің гонорары 250 000 теңгеден асады. Осыған бишілер мен әншілерді қосыңыз, шоу көрсетемін десеңіз оны да жазыңыз. Қалыңдық көйлегі, екі жастың тәтті торты мен мейрамхананың безендірілуі бар, бас-аяғы бір той үшін 6-7 миллион теңгеге дейін ақша кетеді.

Ал діни тұрғыдан қарастырсақ, ислам дінінде ысырапшылдыққа жол берілмейді. Өскемендегі «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Дәулет Тілеуханұлы тойдың өзінің әдебімен, әдемілігімен өтуі керектігін айтты.

- Жалпы ислам діні ысырапшылдыққа қарсы. Әрине, адам қуанышын бөліскісі келеді, көпшіліктің болғанын қалайды. Бірақ не нәрсе өз орнымен болғаны абзал. Себебі оның арты ренішке, қарызға алып келетіні хақ. Елден қаламыз ба деп түрлі нәрселерді ойластырудың орнына екі жасқа үй алып берген әлдеқайда сауапты іс болады. Ысырапшылдық туралы Қасиетті Құранда да, Пайғамбардың аяттарында да жақсы айтылған. Алла Тағала қасиетті Құранда ол жөнінде былай деген: «Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпендер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» (Ағраф суресі, 31-аят). Сондықтан тойды қалыпты түрде өткізген дұрыс, - дейді Дәулет Тілеуханұлы.


Той – тек көңіл көтеру емес

«Той десе қу бас домалайды» деген қазақ ежелден-ақ той сүйер халық. Осы орайда тойдың кешегі мен бүгінгі сипатын салыстыра отырып, оның түпкі мағынасына тарихи тұрғыдан көз салу артықтық етпес. Оның мәні мен мазмұны жайлы тарихи тұрғыдан баға беру үшін тарихшы маманның пікірін сұрап көрген болатынбыз.

- Қазақ қоғамында той – тек көңіл көтеру емес, әлеуметтік-мәдени маңызы бар үлкен оқиға болған. Ертеде әрбір той – елдің берекесін арттыратын, ру арасындағы татулықты бекітетін, билік пен беделдің көрінісі ретінде өткен. Мысалы, қазақтың ұлы тойлары – ас беру, Ұлыстың ұлы күні, қыз ұзату – барлығы белгілі бір қоғамдық міндет

атқарған. Мал сойылып, ел шақыру – дархандықтың белгісі саналды. Бірақ бұл жомарттық ешқашан ысырап пен мақтанға ұласпаған. Бүгінде тойдың тарихи мәні көмескі тартып, оның орнына дарақылық пен даңғазалық басып бара жатқандай. Сондықтан тарихқа қарап, әр дәстүрдің түпкі мәнін ұғыну маңызды, - дейді тарихшы, этнограф Зәйнеш Құмарқызы.


P/s:

Той – қазақтың мәдениетінің бір бөлігі. Тойсыз қазақ ормансыз бұлбұлдай. Десе де оны жасау-жасамау өз еркіңізде. Ең бастысы аста-төк дастархан жаймай, ысырапқа жол бермей, салтқа, дәстүрге қарай қарапайым той өткізген жөн.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив