A+ A A-

talgatzhan 62 12-06-2025, 10:10 0

Тағдырмен тілдестірген мамандық: Зайсандық Айжан Шаймуратова 25 жыл денсаулық күзетінде

Бүгін / Зайсан / Сұхбат

Кейде өмір бізге үнсіз сабақ береді. Ауырсаң – өзің ем іздейсің, шөлдесең – су сұрайсың. Ал сол тіршіліктің тынысын түзеп жүрген жандар – дәрігерлер мен медбикелер екенін біз көбінесе кеш түсінеміз. Олар – адам жанының шипагері, үміт отын маздатар қайырымды қауым өкілдері. Ақ халатты абзал жандардың әр күні күрес пен үміттің, жан күйзелісі мен жүрек шуағының арасында өтеді. Аурухана іші – үнсіз. Бірақ бұл үнсіздіктің арты мазасыздықпен астасып жатыр. Мұнда уақыт сәл кідіріп, тыныштықтың өзіне сыр жүктеп тұрғандай. Дәрігердің не медбикенің әрбір қимылы, әр сөзі – жанға дем, жүрекке жұбаныш. Науқас олардың жүзіне үмітпен қарайды. Өйткені олар – үмітті тірілтетін, өмір мен өлім арасындағы нәзік шекте тұрған тағдырлардың жанашыры. Осындай жүрегі мейірімге, жан дүниесі төзімге толы жандардың бірі – Зайсан қалалық дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелік медбике болып еңбек етіп жүрген Айжан Шаймуратова. Ол – ширек ғасыр бойы ақ халаттың абыройын арқалап келе жатқан, жүздеген жанның тағдырымен бетпе-бет келіп жүрген кәсіби маман. Біз медбике Айжан Шаймуратовамен тілдесіп, мамандықтың мәні мен маңызы, жеке өміріндегі қызықты сәттер төңірегінде әңгіме өрбіттік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

– Әңгімені өзіңізден бастасақ… Қай өңірдің тумасысыз, қай оқу орнында білім алдыңыз?

– Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында дүниеге келдім. Ол жер менің балалық шағымның куәсі, алғашқы арманым ұшқан қасиетті мекен. Осы тыныш та мейірімге толы қалада мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге алғашқы қадамымды жасадым. Сол кездің өзінде кішкентай жүрегімде үлкен арман бүр жарып, адам өміріне араша болатын маман болғым келді. Мектепті аяқтаған соң Республикалық медицина колледжіне құжат тапсырдым. Қабылданған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл – жай ғана білім алудың емес, өмірлік жолымды айқындаудың алғашқы баспалдағы болды. Үш жыл бойы осы оқу ордасында білім алдым, іс-тәжірибеден өтіп, алғаш рет науқасқа көмек көрсеткен сәттегі жүрек дүрсілін әлі күнге дейін ұмытқан емеспін. Сол сәттен бастап бұл мамандық тағдырыма айналды.

 

– Білуімізше, сіз бұл мамандықта 25 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келесіз. Осы саланы таңдауыңызда ата-анаңыздың ықпалы болды ма?

– Иә, бұл жолға ең алдымен ата-анамның ақылымен түстім. 1996 жыл еді. Ел енді ғана еңсесін тіктей бастаған қарбалас кезең. Тұрақтылық пен жұмыс орындарының тапшылығы байқалатын шақ. Сол жылы мен медицина колледжінің медбике бөліміне оқуға түстім. Ашығын айтайын, бұл шешімді алдымен мен емес, анам қабылдады. Сол кезде ол:

– «Қызым, сенің мінезің осы мамандыққа сай. Жанашырсың, төзімдісің. Адаммен тіл табыса аласың» деген еді. Алғашында мен бұл мамандықты міндет ретінде қабылдадым. Бірақ уақыт өте келе науқас жанның көзіндегі үмітті, алғысты, сауығып шыққан сәттегі қуанышты көргенде жүрегім бұл жолдың менікі екенін анық сезді. Осылайша, жүрек қалауын да, ана тілегін де арқалап келемін.

– Ақ халат кию – үлкен жауапкершілік. Бұл мамандықтың жүгі ауыр екені белгілі. Қызмет барысындағы тәжірибеңізден не түйдіңіз?

– Адам өмірін сақтау – бұл мамандық емес, адамзат алдындағы қасиетті парыз. Біз үшін әрбір науқастың сауығуы үлкен жеңіспен тең. Күн сайын аурухана табалдырығын аттаған сәттен бастап, иығыңа қаншама жанның үміті артылары сөзсіз. Мұнда кешірім де, салғырттық та болмауы тиіс. Себебі, біздің әр әрекетіміз бір адамның тағдырын өзгертуі мүмкін. Мен медицина саласында 25 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Осы жылдар ішінде мен өстім, шыңдалдым, жауапкершілік пен шынайы мейірімділіктің не екенін терең түсіндім. 

 

– Қызмет жолыңызда есте қалған ерекше оқиға болды ма?

– Иә, ол оқиға менің өмірімді түбегейлі өзгертті. 1999-шы жылы диплом алып, алғашқы еңбек жолымды Зайсан ауданына қарасты Шүршітсу ауылынан бастадым. Жас маман ретінде жолдамамен бардым. Ол кезде тұрмыс жағдайы оңай емес, жалдамалы шағын үйге орналастым. Жалғыздық, жаңа орта, жаңа жұмыс – барлығы да оңайға соқпады.

Бір күні сол үй, сол тыныш ауыл менің тағдырыммен байланысып кетті. Жолымда өмірлік серігім – жарымды жолықтырдым. Қарапайым таныстық үлкен тағдырға ұласты. Қазір ойласам, сол үйге мен тек жас маман ретінде емес, болашағымның табалдырығын аттап кіріппін.

 

– Егер осы мамандықты таңдамағаныңызда, өзіңізді басқа қандай салада елестетер едіңіз?

– Егер уақытты кері қайтару мүмкін болса, мен бәрібір осы мамандықты таңдар едім. Ақ халат мен үшін киім емес, адалдықтың, сенім мен үміттің белгісі. Әр күні жұмысқа алғаш барғандай сезіммен барамын. Себебі бұл – менің тағдырым. Ал тағдырды таңдамайды, ол тек сенен адалдық пен жанқиярлықты талап етеді.

 

– 25 жылдық тәжірибеңізде не түйдіңіз?

– Дәрігер немесе медбике болу жай ғана жұмыс емес, тағдырмен тілдесу. Әрбір сырқат жанның ішкі жанайқайын естіп, соған демеу болу – үлкен сын. Сондықтан халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған. Барша халыққа амандық, елге тыныштық тілеймін. Біз үшін ең үлкен марапат – бір адамның денсаулығының жақсаруы, бір жүректің қайта соғуы.

 

– Әсерлі де шынайы сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Еңбегіңіз елене берсін!

- Көп рахмет!

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив