
Қазіргі жаһандану дәуірінде әр ұлт өз тілін, мәдениетін сақтап қалуға барын салып жатыр. Ішінде небір полиглоттар да бар. Ал мемлекеттік тіл мәртебесін биіктетуге үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдерін көргенде саясат сөресінен суырылып шыққан нақты әрекеттің түбі жүз пайыз орындалатынына көз жеткізуге болады. Осындай жандардың бірі – Мария Колчина. Ұлты орыс болса да, қазақшаға судай бойжеткен жергілікті ұлт беретін тәрбиенің, ұлттық болмыстың қадірін терең түсінеді. Ол қазақ тілін жатсынбай, қайта жүрегіне жақын тұтып, өмірінің бір бөлшегіне айналдырып үлгерген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Алдымен өзіңіз туралы қысқаша таныстырып өтсеңіз. Қай жерденсіз, мамандығыңыз қандай?
– Аты-жөнім – Мария Колчина. Жасым – 20-да. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығына оқып жатырмын. 11-ші сыныпты Катонқарағай ауданына қарасты Ақсу ауылында бітірдім.
– Қазақ тілін үйренуге не түрткі болды? Қандай жағдай немесе себеп сізді осы тілге жақындатты?
- Қазақ тілін арнайы үйрендім деп айта алмаймын, өйткені оны бала кезімнен табиғи түрде меңгердім. Мен өскен ортада – аулада, мектепте, көрші-қолаң мен достарымның арасында тек қазақ тілі қолданылатын. Достарымның барлығы қазақ, ал орыс тілінде сөйлейтіндер болмады. Сол себепті, балалармен ойнап, достасу үшін, жалпы ортаға сіңісіп, қарым-қатынас орнату үшін қазақ тілін үйренуге тура келді. Бұл тіл мен үшін жай ғана құрал емес, күнделікті өмірімнің, балалық шағымның бір бөлшегіне айналды. Бала кезден қалыптасқандықтан, бүгінде қазақ тілінде еркін, сенімді түрде сөйлей аламын.
– Қазақ тілін меңгеру барысында қандай қиындықтарды кездестірдіңіз? Қалай еңсердіңіз?
– Қазақ тілін меңгеру барысында айтарлықтай қиындық болған жоқ. Себебі, бұл тілді бала кезімнен бастап үйренгендіктен, көп қиналмадым. Қазақ тілі мен үшін табиғи ортада сіңген, күнделікті қарым-қатынас тілі болды. Оның үстіне қазіргі таңда қазақ тілінен курс сабақтарын өткіземін. Сабақ барысында кейде өзім де бұрын елемеген немесе тереңірек мән бермеген кейбір дүниені оқушыларыммен бірге қайта ашып, үйреніп жатамын. Бұл жағдай менің тілді меңгеруімді одан әрі тереңдете түседі әрі ұстаз ретінде өзімді жетілдіруге мүмкіндік береді.
– Қазақ тілінің сіз үшін өмірдегі маңызы қандай? Қызметіңізге, қарым-қатынасыңызға қалай әсер етті?
– Қазақ тілінің менің өмірімдегі маңызы зор. Бұл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар мәдени болмысымның, ұлттық сана-сезімімнің бір бөлшегі. Менің ойымша, әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге тиіс. Бұл елге деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.Қазақ тілі маған күнделікті өмірде де, кәсіби қызметімде де үлкен септігін тигізіп келеді. Қазіргі таңда араласатын ортам негізінен қазақ тілді адамдар. Сол себепті олармен еркін сөйлесіп, ойымды ашық жеткізу мен үшін еш қиындық туғызбайды. Бұл жағдай менің қарым-қатынасымды жеңілдетіп қана қоймай, өзімді сенімді сезінуіме ықпал етеді.
– С.Аманжолов атындағы ШҚУ университетінде баспасөз қызметінде жұмыс істейсіз. Ол жерде қазақ тілін білудің маңызы мен пайдасын қалай сезінесіз?
– Әрине, мұнда жұмыс істеп жүріп, қазақ тілінің маңызын да, пайдасын да тереңінен сезініп келемін. Себебі, сұхбат алу кезінде, түрлі материалдар дайындау мен бейнероликтер түсіру барысында мемлекеттік тілді еркін меңгеру мен үшін үлкен артықшылық. Қазақ тілінде сауатты сөйлеп, жаза білу – ақпаратты дұрыс жеткізуге, тыңдарман мен көрермен сеніміне ие болуға көмектеседі. Сонымен қатар бұл менің кәсіби біліктілігімді арттыруға да өз үлесін қосып жатыр.
– Қазақ тілінде контент дайындау барысында қандай ерекшеліктерге мән бересіз? Қай аудиторияны басты назарда ұстайсыз?
– Көбінесе жастармен жұмыс істейміз, сол себепті дайындалатын контент те оларға түсінікті әрі қызықты болуы қажет. Контентімізді қазақ және орыс тілінде дайындаймыз. Әрине, мұндай жұмыста грамматикалық сауаттылыққа ерекше мән береміз. Өйткені, бұл жоғары оқу орны, ал мұнда жарияланатын кез келген материалдың сапасы мен мазмұны жіті бақылауға алынады. Сондықтан ролик түсірер алдында немесе әлеуметтік желіге пост жазар кезде, барлығын бірнеше мәрте тексеріп, редакциялап барып жариялаймыз. Қазақ тілін дұрыс әрі көркем қолдануға тырысу – мен үшін де, жұмысымыз үшін де маңызды талаптардың бірі.
– Сіз қазақ тілін басқа адамдарға да үйретіпсіз. Бұл тәжірибеңіз туралы айтып беріңізші. Қандай әдіс-тәсілдер қолдандыңыз?
– Мен 18 жасымнан бастап қазақ тілін үйретумен айналысып келемін. Осы уақыт аралығында сабағыма әртүрлі жастағы адамдар қатысты. Кішкентай балалардан бастап ересектерге дейін ниет танытты. Әр топтың тілді меңгеру ерекшеліктерін ескере отырып, сабақ жоспарын да соған сай бейімдеймін. Сабақ барысында теория мен практиканы қатар қолдануға тырысамын. Мысалы, егер сабақ уақыты 1 сағатты құраса, оның 30 минуты теорияға, ал қалған 30 минуты практикалық тапсырмаларға арналады. Практикалық бөлімде көбіне сөздерді дұрыс оқу, жазу және сөйлем құрау дағдыларын жетілдіруге назар аударамын. Бұл тәсіл оқушылардың тілдік қорын байытып қана қоймай, нақты қолдану арқылы тілді тезірек меңгеруіне мүмкіндік береді.
– Қазақ тілінің қазіргі қоғамдағы мәртебесін қалай бағалайсыз? Ол жөнінде жеке пікіріңіз қандай?
– Қазір бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары деп айта аламын. Мемлекеттік тілге деген көзқарас өзгеріп, оның қажеттілігі күн сайын артып келеді. Менің ойымша, қазіргі қоғамда қазақ тілін білмей жұмысқа орналасу – өте қиын. Себебі, көптеген мекеме, ұйымдарда қызметкерлерден қазақ тілін меңгеру міндетті талап ретінде қойылады. Бүгінде құжаттардың өзі үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Соның ішінде қазақ тілі негізгі мемлекеттік тіл ретінде алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін маңызды қадам. Сондықтан қазақ тілін білу тек міндет емес, бұл – әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі деп білемін.
– Болашақта қазақ тілінің дамуына қандай үлес қосуды қалайсыз?
– Оқу бітірген соң мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрайын деп жатырмын. Одан бөлек, өзімнің курстарымды дамытып, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйреткім келеді. Сонымен қатар, жеке блогымды жүргізіп, қазақ тілі сабағын басқа қала тұрғындарына онлайн түрде жүргізу ойымда бар.
– Жалпы, қазақ тілін қанша уақытта үйрендіңіз және болашақта басқа тілдерді үйрену жоспарда бар ма?
– Қазақ тілін 5-6 жасымда толықтай меңгердім. Мектепте, сабақ кезінде қазақ тілінен ешқандай қиындық болмайтын. Енді алдағы уақытта ағылшын және түрік тілдерін үйренгім келеді. Сол 2 тілді үйренсем, жетістікке жетемін деп ойлаймын. Себебі, тек қазақ және орыс тілін ғана білу қазіргі дамыған заманда аз сияқты.
– Сұхбатыңызға рахмет!
– Сізге де көп рахмет!
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер