
Сауда сахнасындағы сабын Гаухар Таукенова үшін табыс көзі ғана емес, өмір салтына айналып үлгерді
Қолдың табынан туған нәрсе адамға да, табиғатқа да зиян емес. Жан жылуын жұтқан дүние ғана шын мәнінде ұзақ жасайды. Бұл сөздердің шынайы иесі – қолөнер мен кәсіпті өмірінің мәніне айналдырған Гаухар Таукенова. Жуықта сабын жасап, оны тек өнім ретінде емес, мәдениет, көзқарас, өмір салты ретінде қабылдайтын жанмен әңгімелесудің сәті түсті. Оның ізденісі мен алға қойған арманы жету жолындағы ұмтылысы көп адамға үлгі боларлықтай десек артық айтпаспыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Гаухар Қыдырәліқызы, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
– Мен Жамбыл облысында дүниеге келіп, өмір жолымды қарапайым саудадан бастадым. Киім саттым, балаларға арналған газет шығардым, отбасылық жолбелгі жасайтын бизнесті де жүргіздік. Бұл салада жүргеніме 20 жылдан асты. Бірақ сол уақыттардың өзінде бір арман көкейімде тұратын – ауылға көшу, таза ауада, табиғат аясында өзіме ұнайтын іспен шұғылдану. Күнделікті қарбаласқа ілесіп жүріп, шын көңіліңмен, асықпай жасайтын істің жетіспейтінін сезінесің.
– Сабын жасау сол арманнан туған іс пе?
– Иә. Бұл кәсіп хобби ретінде басталды. Қарағанды қаласында тұрған кезімізде алғашқы сабындарды жасап көрдім. Ол кезде бұны табыс көзі деп емес, жан рахаты үшін жасайтынмын. Кейіннен тұрақты, бірақ пассив табыс көзіне айналдыруды көздедім. Өзімнің брендімді – Jupar деген атпен заңды тіркеп, Астанада дүкен аштым. Бірақ пандемия басталғанда оффлайн сауда тоқтап, онлайн форматқа көштік. Содан отбасымызбен күйеуімнің туған жері – Катонқарағайға қоныс аудардық. Бұл ерекше табиғаты бар, тылсым тыныштықты сыйлайтын өңір. Жолдасым осы жердің тумасы. Шығысқа келген соң сабын цехымды да өзіммен бірге көшіріп әкелдім.
– Сабындарыңыз несімен ерекшеленеді?
– Біз сабынды тек табиғи өнімдерден жасаймыз: күнбағыс майы, кокос майы, кастор майы, қойдың құйрық майын арнайы рецептурамен қосамыз. Табиғи шөптердің өзін және сығындыларын пайдаланамыз. Бұл – крафт әдіс деп аталады, яғни қолдан жасалатын тәсіл. Мұндай шағын өндірістен қоршаған ортаға зиян келмейді. Су тазарып, топырақ бүлінбейді. Тіпті, қолданылатын судың өзі табиғи ортаға қауіп төндірмейді. Сондай-ақ біз синтетикалық қоспаларды мүлде қоспаймыз. Бұл әдіс тек таза өнім беріп қоймай, экологияға деген жауапкершілікті де арттырады.
– Бұл кәсіпті жалғыз өзіңіз жүргізесіз бе?
– Иә, ондай кәсіпте қосымша адам күші аса қажет емес. Бұл көңіл, ықылас пен ниетке байланысты жұмыс. Бірақ отбасым әрқашан жанымда, көмектеседі. Қазір Instagram желісіндегі парақшамыз арқылы өнімдерімізді ұсынып, тапсырыс қабылдаймыз. Сонымен қатар сабын қайнатуға қажет өнімдерді де сатамыз, яғни хоббиді бастағысы келетіндерге көмек береміз.
– Қазақ қоғамында сабын қайнату дәстүрі бар ма еді?
– Әрине. Бұрын әр үй өзінің сабынын өзі қайнататын. Қазақ тұрмысында үйреншікті іс болатын. Кейіннен жаһандану, өндірістік тауарлардың көбеюі бұл дәстүрді ұмыттырды. Қазір сол табиғи әдістерді қайта жаңғырту маңызды. Олай ету денсаулыққа, экологияға, экономикалық тұрақтылыққа да пайдалы. Сабын – кішкентай нәрсе сияқты көрінеді, бірақ оның экожүйеге, су ресурстарына, тұтыну мәдениетіне әсері орасан. Мысалы, синтетикасыз жасалған сабынды қолдану – жердің тазаруына, судың табиғи айналымына кедергі келтірмеуге әсер етеді. Жергілікті өнімдерді қолдаудың өзі көміртек ізі деген ұғымды азайтады. Бұл – жай ғана кәсіп емес, ой мен көзқарас өзгерісі.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Менің басты арманым – осы істі тек табыс көзі емес, рухани, экологиялық ағарту бағытына айналдыру. Сабын – адамды тазартатын, тазаруға жетелейтін дүние. Сондықтан оған шын жүректен қарау керек. Қазір көп адам табиғи өмірге ұмтылып жатыр, біз де сол қозғалыстың кішкентай бір бөлігі болсақ деймін.
– Сөзіңізден байқағаным, сіз үшін бұл кәсіп шын мәнінде өмір салты екен...
– Иә, бұл жан тыныштығы мен табиғатпен үндес өмірдің көрінісі. Қалада жүрген кезде сағатқа қарап өмір сүреміз, ауылда – күн мен көңілге қарап. Сабын жасау мен үшін сол сағатсыз, асығыссыз өмірдің белгісі.
– Сырлы сұхбатыңызға көп рақмет! Еңбегіңізге жеміс тілейміз!
P.S: Сабын – біз үшін тек тұрмыстық қажеттілік қана болуы мүмкін. Бірақ бір адамның оны рухани құндылыққа, экологиялық мәдениетке, шын мәніндегі шығармашылыққа айналдыруы – таңғаларлық жайт. Гаухар Қыдырәліқызындай жандар арқылы ғана біз қарапайым нәрсенің де қасиетін қайта тани бастаймыз.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер