A+ A A-

talgatzhan 33 8-07-2025, 12:00 0

Күршімдік кәсіпкер Эльмира Есманбек: Ұлттық нақыштағы заманауи үлгілерді жарыққа шығарғым келеді

Бүгін / Сұхбат

Қазіргі таңда жеке брендін қалыптастырып, кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер саны артып келеді. Нәзіктік пен батылдықты ұштастыра отырып, кәсіпті ілгерілету – нәзік жандылар үшін оңай шаруа емес. Дегенмен елде отандық өнім шығарып қана қоймай, өзінің есімін брендке айналдыра білген жандар да бар. Солардың бірі – күршімдік Эльмира Есманбек. Кейіпкеріміз бүгінде ұстаздық қызметпен қатар өз кәсібін жүргізіп отыр.

- Эльмира ханым, алдымен өзіңіз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз. Қайда туып-өстіңіз? Қандай мамандық иесісіз?

- 1978 жылы Күршім ауданына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келдім. Білімім бойынша – тарих пәнінің мұғалімімін. Жоғары оқу орнын орыс тілінде тәмамдасам да, бүгінде қазақ сыныптарына Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы және құқық пәндерінен сабақ беріп келемін. ? Киім дизайны әлеміне қалай келдіңіз? Бұл бала күнгі арман ба, әлде кейін пайда болған қызығушылық па? - Негізі бала кезімнен тігін тігу ісіне жақын болдым. Дегенмен, оны бала күнгі арманым деп нақты айта алмаймын. Бар болғаны - қолымнан келетін іске ықылас танытып, бойымдағы қабілетті дамыттым, шеберлігімді шыңдадым. Отбасымызда тігін ісіне мен ғана қызығушылық танытыппын десем болады. Нағашы апам қолынан неше түрлі қолөнер бұйымдары шыққан шебер болған деседі, бәлкім, сол кісінің өнері дарыған шығар деп ойлаймын. Алайда бұл істі маған ешкім арнайы үйреткен жоқ. Бәрі өз қызығушылығымнан басталды. Кішкентай күнімнен-ақ тігінге ықыласым ауып, мектептегі еңбек сабағында қабілетімді жетілдіре түстім. 11-сыныпты аяқтар тұста тігіншілік бойынша емтихан тапсырып, ІІ категориялы тігінші деген куәлік те алдым. Бұл іс менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Тағы бір себеп – сол кездегі тұрмыстың қиыншылығы. Мен бала күнімде қуыршақтай нәзік қыз болдым. Сол себепті өзіме лайық киім табу қиын еді. Оның үстіне, 90-жылдары мата сатып алуға мүмкіндік болмайтын. Сондықтан, матасы ұнаған дайын киімді сатып алып, өз өлшеміме сай етіп қайта пішіп, тігіп киюге тура келді. Осылайша, менің бұл хоббиім өмірдің талабынан, күнделікті қажеттіліктен туындады деуге де болады.

- Мұғалімдіктен киім тігетін кәсіпкерлікке ауысу оңай болмаған шығар. Бұл шешімді қабылдауыңызға не түрткі болды?

- Ұстаздық жолымды тастаған жоқпын. Әлі де мектепте шәкірттерге білім беріп, тарих пен құқық пәндерінен сабақ жүргізіп келемін. Алайда бұрын анда-санда ғана айналысып жүрген тігін ісін 2025 жылдың ақпан айынан бастап жаңа деңгейге көтеріп, жеке кәсіпкерлікке тіркеліп, үлкен шешім қабылдадым. Енді екі бағытты қатар алып жүру оңай емес, әсіресе ұстаздық - асқан жауапкершілік пен білімді талап ететін еңбек. Дегенмен тігін ісі маған ерекше шабыт сыйлайды, жанымды тыныштандырады. Бұл – менің сүйікті ісім, ішкі әлемімнің тынысы десе де болады. Алғашында адамдардың қалауы бойынша, яғни тапсырыспен кімге қандай көйлек ұнаса, соны ғана тігетінмін. Бірақ уақыт өте келе бұл маған аздық ете бастады. Мен өз қиялымнан туған, жүрегімнің тереңінен шыққан киімдер тіккім келді. Себебі шығармашылық еркіндік пен сол процестің өзі – маған рахат сыйлайды. Киім пішіп, матамен жұмыс істеп, оны өмірге әкелу – бұл менің жан дүниемнің бір көрінісі іспетті. Ал шалбардың балағын қысқарту секілді ұсақ жұмыстар менің шынайы қабілетімді шектеп, шығармашылығымды тұншықтырып жатқандай әсер қалдырды. Сол себепті енді өзімнің жеке стилімді, айтар ойымды киім арқылы жеткізе алатын жеке бренд қалыптастыру туралы шешім қабылдадым.

- Киім үлгілеріңізден ұлттық нақыш анық байқалады. Сізге шабытты не береді?

- Тарихшы болғандықтан ба, менің киім тігудегі басты мақсатым – ұлттық нақыштағы заманауи үлгілерді жарыққа шығару болды. Бұл жай ғана сән жасау емес, бұл – ұлттық болмысты сақтап, жаңаша түрлендіріп, жастардың санасына сіңірудің бір жолы деп білемін. Ұстаз ретінде менің алдымда әр күн сайын еліміздің ертеңі болатын шәкірттер отырады. Сол балалардың жүрегіне ұлтына деген сүйіспеншілікті, отансүйгіштікті, өз мәдениетіне, тілі мен дініне, тарихына деген құрметті ұялату – мен үшін аса маңызды. Осы идея мені шабыттандырып, ұлттық киім мен заманауи стильді ұштастыруға итермеледі. Менің кәсіпкер екенімді оқушыларым да біледі. Өз пәнімнен бөлек, тігін ісіне қатысты шеберлік сабағын да өткіземін. Бұрын бұл бағытта арнайы маман болған. Алайда ол кісі зейнетке шыққан соң, орны бос қалды. Содан бері мектеп ұжымы мені жиі осы бағытқа тартып отырады – себебі тігінге қатысты іс болса, бәрі бірден мені еске алады. Арнайы дизайнерлік оқу оқыған маман емеспін. Бірақ өмірден көргенбілгенім, жүрегімнен шыққан шабыт пен табиғи талғамым арқылы өз ойымдағы дүниелерді тігіп жүрмін. Бұл - нағыз жан қалауым. Киімді пішіп, тіккен сайын, мен тарихты, мәдениетті, ұлттық ерекшелікті жаңа тілмен сөйлетіп жүргендей боламын.

- Қазақы ою-өрнек пен заманауи стильді үйлестіруде қандай қағидаларды ұстанасыз?

- Өз жұмысымда ұқыптылық пен минималистік қағиданы басты орынға қоямын. Киім дизайнында барлық түсті араластыра бермей, белгілі бір үйлесімді түстер палитрасын ғана қолдануға тырысамын. Әр киім үлгісін талғаммен, мән бере отырып жасаймын. Мен үшін сән – жай әдемілік емес, терең мағына мен үйлесімділіктің көрінісі. Қазір көкейімде жүрген бір ерекше идея бар – ол туған өлкем мен оның бай тарихын киім үлгілері арқылы бейнелеу. Бұл әзірге тек ой деңгейінде жүрген жоба болғанымен, болашақта жүзеге асырамын деген сенімдемін.

- Қазіргі жастардың ұлттық киімге деген қызығушылығы қандай?

- Менің ойымша, қазіргі жастардың ұлттық киімге деген көзқарасы оң бағытта қалыптасып келеді. Иә, олар күнделікті өмірде толықтай қазақы киім кимеуі мүмкін, бірақ соның элементтерін өз стиліне икемдеп, заманауи образдармен шебер үйлестіріп жүр. Мысалы, ұлттық өрнегі бар көйлек, белбеу, сырға немесе тақия сынды сәндік бұйымдарды жиі байқаймыз. Бұл – жастардың ұлттық нақышқа бейжай қарамайтынын, қайта керісінше, өз мәдениетіне қызығушылық танытып, оны жаңаша тұрғыда қабылдай алатынын көрсетеді.

- Естуімше, сізге қазақстандық атақты дизайнерлерден ұсыныс түсіп жатыр екен. Сол туралы айта кетсеңіз?

- Өзімнің тігінге деген қабілетімді кәсіби деңгейде дамыту үшін Балнұр Ахметқазиева есімді тәжірибелі дизайнерден білім алдым. Ол кісінің маған үйреткені көп. Ал ең алғашқы ерекше тапсырыстардың бірі – белгілі стилист Мира Берген тарапынан келген еді. Оның шығармашылығын, өмірлік ұстанымдарын құрметтейтін болғандықтан, әлеуметтік желідегі парақшаларына жай ғана тіркелуші едім. Өзім оған арнайы жазып, ұсыныс білдірмегенмін. Бірақ пікірлер жазып отыратыным бар еді – бәлкім, сол арқылы ол мені байқаған шығар. Бір күні өзі хабарласып: "Егер менімен серіктестікте болуға дайын болсаңыз, мен сіздің шапандарыңызды киіп шығуға әзірмін" деп жазды. Бұл хабар мен үшін күтпеген, бірақ өте қуанышты әрі мақтанышпен қабылданған сәт болды. Қазір ұлттық киімге деген сұраныстың артып келе жатқаны мені ерекше қуантады. Мысалы, 18 наурыз – Ұлттық киім күні болып белгіленді, ал көптеген мекемелерде әр аптаның жұма күні ұлттық киім кию дәстүрге айналып келеді. Алайда осындай сұраныс артқан сайын көпшілік арзан, сапасыз киімге жүгініп жатады. Мен үшін бұл – көңіл аударарлық жағдай. Себебі ұлттық киім тек киілетін бұйым ғана емес, ол – адамның болмысын, даралығын көрсететін мәдени айшық. Сол себепті менің басты мақсатым – сапалы, талғаммен тігілген, әр адамның өзіндік ерекшелігін айқындай алатын заманауи ұлттық киім үлгілерін жасау.

- Ішкі дауыспен күресетін сәттер болды ма? "Кәсібім жүрмей қалса ше?" деген күдікпен қалай күрестіңіз?

- Әрине, болды. Егер сол күдік пен күмән болмағанда, бәлкім, бұл кәсіпті әлдеқашан бастап кетер ме едім. Бірақ отбасы болған соң, тұрақты табыс әкеліп отырған жұмысты тастап, бірден жаңа іске бел шешіп кірісу оңай болмады. Себебі, сен өзің үшін ғана емес, артындағы отбасың үшін де жауаптысың. Кәсіпті бастаймын деп шешкен сайын ішкі қорқыныштар мен сенімсіздік қайта-қайта бас көтеретін. Көп жағдайда барлығына жалғыз өзім жүгіріп, ешкіммен бөлісе алмай, шаршап, күйзеліске де түсіп кететін кездерім болды. Инстаграмды ашып, бір-екі жазба салып, артынан тастап кеткен сәттерім де аз емес. Кейде өзөзімді күштеп, міндеттеп істеуге тырыстым, бірақ ондайда нәтиже де, шабыт та болмайтын. Сол себепті шаршаған кезде өзіме уақыт беріп, тынығып, қайта күш жинап алуға тырысамын. Маңыздысы - өз-өзімді дамыту жолында тоқтап қалмау. Өмірдегі әрбір қиындық - адамның ішкі дүниесін тазартып, шынайы болмысын ашатын сынақ сияқты. Қиын сәттерде бойыңдағы күмән мен қорқыныштан арылып, жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік туады. Сол себепті, мен өзіме деген сенімділікті жоғалтпауға, ішкі мотивациямды үнемі ояу ұстауға тырысамын. Бүгінде сол өткен жолдар мен сынақтардың арқасында өз кәсібімді тоқтатпай, тұрақты түрде дамытып келемін. Ең бастысы - тек өз пайдама ғана емес, елімнің өркендеуіне де үлес қосып жүргеніме шын қуанамын.

- Ең басты ұстанымыңыз қандай?

- Мен үшін кез келген істің бастауы – пайда табу емес, айналама қандай пайда әкеле аламын деген сұрақтан басталады. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Өзімді де, ісімді де осы оймен бағамдаймын.

- Әр топтамаңыз белгілі бір идея немесе маусымға негізделе ме? Мысалы, көктем топтамасы, ұлттық мерекелерге арналған киімдер деген сияқты.

- Әр маусым сайын топтама шығаруды мақсат етпеймін. Себебі, идеяны ойластырудан бастап, дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді тек өзім ғана басқарып, жүзеге асыру – үлкен еңбекті талап етеді. Сондықтан негізінен көктем мен күзге арналған әйелдер шапандарын тігемін. Бұл киімдер мерекелік емес, күнделікті киюге ыңғайлы әрі стильді үлгілер болып табылады.

- Сіздің жолыңызды қайталағысы келетін жас қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Берер кеңесім – қорықпау. Қазір 47 жастамын. Кейде ойлаймын: "Осы істі ертерек, қорықпай бастап кеткенде ғой" деп. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар. Қалай болғанда да, адам жүрегіндегі арманы мен идеясын кейінге қалдырмай, қателесуден қорықпай іске асыруы керек деп ойлаймын. Себебі қателік – даму жолындағы табиғи қадам. Қателеспей, адам өз мүмкіндігін, бағытын, қабілетін білмейді. Сол себепті ең бастысы – әрекет жасау. Қорқынышқа орын жоқ. Жолда қиындықтар да, күмән да, кідірістер де болады. Бірақ соның бәрінен өтудің өзі – үлкен сабақ. Адамның ниеті түзу болып, шын көңілмен әрекет етсе, сол істің берекесі де болады. Бұл – жай ғана табыс табу немесе тауар сату емес. Бұл – одан әлдеқайда терең, рухани мағынасы бар жол. Мен үшін тігін ісі – тек кәсіп емес, шығармашылық арқылы өзімнің туған жеріме, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігімді жеткізу жолы. Сол арқылы адамдардың да жүрегіне ұлтына, мәдениетіне, тамырына деген махаббатты оятқым келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив