
Күйзеліске ұшырап, күйі кеткен жастар қалтарысы мол қоғамның қозғаушы күшіне айнала алмайды
Заман дамыған сайын жастардың күйзеліске түсуі де жиіледі. Неге деген сұрақ туындауы мүмкін. Мұның артында физикалық, психологиялық және әлеуметтік мәселелер жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, тән саулығының әлсіреуіне күйзелістен бөлек, дұрыс тамақтанбау, экологияның бұзылуы әсер етеді. Ал жастардың жан саулығының тоқырауына не әсер етті? Осы және басқа да сауалдардың жауабын бұл мақалада кеңінен тарқатуға тырыстық.
Қысым сезілсе, қоғамнан көмек бар ма?
Қазіргі таңда жастардың күйзеліске түсіп, әлемнен тысқары өмір сүруі көпшілік үшін қалыпты жағдайға айналды. Дегенмен бұл мәселенің артында шешілмеген түйін мен ескерілмеген жағдайлар бар екенін көбісі біле бермейді. Психологтардың сөзінше, жастардың күйзеліске түсуіне әлеуметтік желі мен шамадан тыс эмоциялық жүктеме әсер етеді. – Жастардың күйзеліске түсуі – бұл олардың эмоционалды дамуы мен қоршаған ортаның қысымына төтеп беру қабілетінің қалыптасуымен тікелей байланысты құбылыс. Ақпараттың ағылып келуі, әлеуметтік желілердегі салыстыру мен идеал өмірдің көріністері, атаана мен қоғам күтетін үкілі үміт – мұның бәрі жасөспірім психикасына ауыр салмақ салады. Өз эмоциясын бақылауда ұстай алмайтын жастардың қысымға төтеп бере алмауы да заңдылық бір жағынан. Мұндайда жанжақты психологиялық қолдау қажет. Оларға өз-өзіне сенуге, ішкі ресурстарын табуға, эмоциясын тануға және жеткізуге көмектесу – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі, – дейді психолог Айым Кенжебаева. Психолог маман күйзелістегі адамға қалай көмек беру керектігін де айтты. – Жастарға күйзелісте көмектесу үшін ең алдымен оларды тыңдап, түсінуге тырысу керек. Эмоциясын ашық айтуға жағдай жасап, қолдау білдіру маңызды. Көбі психологқа барудан қысылады. Маманмен орнатқан диалог барысында оның асықпай ой қорытуына, өзі ұшырасқан мәселеге басқа тұрғыда қарауға мүмкіндігі бар, – деді Айым Кенжебаева. Күйзеліске түскен жастардың көбі әртүрлі психотроптық заттарды тұтынып, теріс ағымдағы жолға түсіп кетеді. 2022 жылғы ҚР Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жүргізген зерттеуде жастардың 30%-ынан күйзеліс белгілері байқалған. Негізгі себептері: оқу жүктемесі, болашаққа деген сенімсіздік, әлеуметтік қысым, әлеуметтік желі әсері. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, елде психикалық белсенді заттарды пайдалану салдарынан "Психикалық мінезқұлықтың бұзылуы" диагнозымен 107 898 адам динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде 18- 29 жас аралығындағы жастар саны 6 245 адамды құрайды. Бұл жастардың 46%-ы (2 888 адам) есірткі және психотроптық заттарды тұтыну салдарынан есепке алынған. – 6 балам бар. Үлкені 21-де, кенжесі 4-те. Балаларыма барынша жағдай жасап, жандарын түсінуге тырысамын. Өйткені, өтпелі кезеңде жастар күйзеліске түсіп, мазасызданып, өздерін қоярға жер таппайды. Осындай қиын шақта жандарында болып, демеу көрсеткеніміз оларға күш береді. Үлкен қызым 11-ші сынып бітірерде емтиханнан құлап қалсам, оқуға түсе алмасам қайтемін деп қатты уайымдады. Сол сәтте оған бардым да қандай жағдай болсын жанынан табылатынымды, оқуға түспесе де өмір жалғасатынын жүрекпен жеткізіп, түсіндірдім. Қанша жаста болса да адам өмірінде атаананың қолдауы орасан рөл атқарады, – дейді көпбалалы ана Салима Жанабай. Жастардың жағдайына алаңдап, көмектесуге тырысатын орталықтар көп. Соның бірі – жастар ресурстық орталығы. Бұл жерде мыңдаған жас буын жұмыс істеп, қайырымдылықпен айналыса алады. Аталған мәселеге байланысты Өскемен қаласы Жастар орталығы филиалының директоры Бақытжан Ерболқызының пікірін біліп көрген болатынбыз. – Қазір жастардың күйзеліске ұшырауы өте өзекті мәселе. Бұл жағдайға әсер ететін қалтарысы мол қоғамның қозғаушы күшіне айнала алмайды бірқатар фактор бар. Біріншіден, әлеуметтік қысым – оқуда үздік болу, мансап қуу, өз орнын табуға деген ұмтылыс жастарға психологиялық жүктеме түсіреді. Екіншіден, әлеуметтік желілерде өзгенің "жылтыр" өмірін көріп, өз өмірімен салыстыру жасөспірімдер мен жастардың өз-өзіне сенімсіздігін арттырады. Үшіншіден, отбасындағы түсініспеушілік, қаржылық қиындықтар да әсер етеді. Өкінішке қарай, жастардың біршамасы психологиялық қолдауға жүгінуді әлі де ұят санайды. Біз, Жастар ресурстық орталығы, бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Психолог мамандардың қатысуымен тренингтер, жеке кеңестер ұйымдастырылады. Сонымен қатар жастарға өзінөзі тануға, сенімділікті арттыруға бағытталған мотивациялық кездесулер өткіземіз. Жастар күйзеліске ұшырамауы үшін қоғамда ашық диалог пен қолдау ортасын құру маңызды. Әр жас өз дауысының естілетінін, оны түсінетінін сезінуі тиіс. Сол кезде ғана біз күйзелістің алдын ала аламыз, – дейді Бақытжан Ерболқызы.
Қаржы қысса қиын
Жастар – болашағына бағдар жасап, өмірлік жолын айқындайтын уақытта барынша қателеспеуге тырысады. Алайда жұмыссыздық, жоғары оқу ақысы, тұрғын үй мәселесі, тұрақты табыс көзінің жоқтығы секілді қиындықтар жастардың болашаққа сенімін әлсіретіп, үмітсіздікке итермелейді. Бұл – күйзелістің басты себептерінің бірі. Одан бөлек, әлеуметтік желілер мен қоғамдық стереотиптер жастарға үнемі жетістікке жетуді, сымбатты болуды, табысты болуды міндеттейді. Мұндай қысым адамның өзін қабылдауына кедергі келтіріп, өзін төмен бағалауына алып келеді. "Ауруын жасырған – өледі" демекші, дер кезінде шара қолданбаса адам бойындағы мазасыздық пен күйзеліс асқынып кетуі мүмкін. – Мен осыдан 2 жыл бұрын қатты күйзелісте болдым. Себебін анықтай алмай, миым ашып кетті. Кейін психологқа жүгінуді жөн көріп, ішімдегі ауыртпашылықтан арылдым. Негізі жастардың көбі жұмыссыздық пен өзара тартыстан, қаржылық қиындықтар мен жақындардың қолдауының жетіспеушілігінен күйзеліске түсіп жатады. Менде де дәл солай болды. Басымда бірнеше қарызым болып, ортам да нашарлап кетті. Содан тығырыққа тірелдім. Бірақ уақытында қабылданған шешім мені құтқарып қалды. Сондықтан, күйзелістен дер кезінде арылмаса, арты жақсылыққа апармайды, – дейді Алида Қуанышқызы.
Депрессия туралы дәрігердің дегені
Күйзеліске түскен адамның күйі кетеді. Жан саулығынан бөлек, тән саулығы да бұзылып, адам дағдарысқа түсе бастайды. Жүрек жұмысы бұзылып, қан қысымы көтеріледі, ағзаның қорғаныш жүйесі нашарлап, демікпе, бүйрек сынды ауруларға әкелуі ғажап емес. Сондықтан дәрігерлер психикалық денсаулыққа немқұрайлы қарамау керектігін айтады. – Депрессия – жай ғана көңіл күйдің түсіңкі болуы емес. Бұл – адамның психологиялық, физиологиялық және әлеуметтік жағдайына әсер ететін күрделі ауру. Оның жеңіл, орташа және ауыр түрлері бар. Әсіресе, ұзаққа созылған күйзеліс ағзаға көп салмақ түсіреді. Қан қысымының көтерілуі, жүрекқан тамыр жүйесінің бұзылуы, ұйқысыздық, тәбеттің төмендеуі – мұның бәрі депрессияның белгілері болуы мүмкін. Уақытында маманға жүгінбеу түрлі созылмалы аурулардың өршуіне әкеліп соқтырады. Сондықтан кез келген психологиялық ауытқуды елемей, дер кезінде дәрігерпсихолог немесе психотерапевтке қаралу қажет. Депрессия емделеді, тек оған немқұрайлы қарамау керек, – дейді дәрігерпсихотерапевт Айгүл Жолдасова.
Әлемдік статистика не дейді?
Соңғы кездері жүйке ауруына ұшырағандар саны да өсіп бара жатқан көрінеді. Сол себепті, бұған алаңдаушылық білдірген кейбір шетелдерде оны әлеуметтік, ұлттық деңгейдегі мәселе ретінде қарап, мемлекеттік тұрғыда шешімін табудың жолын қарастыра бастаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, бүкіл әлем бойынша шамамен 322 миллион адам күйзелістен зардап шегеді, бұл жалпы халықтың шамамен 4,4% құрайды. Бұл планетадағы әрбір 20 адамның бірінде депрессия белгілері бар дегенді білдіреді. Депрессияның таралуы әлемнің әртүрлі аймақтарында әртүрлі. Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка мемлекеттерінде депрессия Африка мен ОңтүстікШығыс Азия елдеріне қарағанда жиі кездеседі. Мысалы, АҚШ-та ересек халықтың шамамен 7%-ы жыл сайын депрессиядан зардап шегеді, ал Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш шамамен 6% құрайды. P/S: Күйзеліс, қайғы, мұң – өмірдің соңы емес. "Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғы оянады" деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, күйзеліс туралы жиі ойлау да адамды ауруға шалдықтырады. Ал экзистенциалды психотерапияның негізін қалаушы, логотерапия ілімінің авторы Виктор Франкл бұл туралы: "Қиындықтар – бұл тек мүмкіндік. Өзгеруге, өсуге, тереңірек түсінуге мүмкіндік" деген екен. Яғни, күйзеліс – өмірдің соңы емес, өсу мен өзіңді танудың бастамасы. Сондықтан, қайғы-мұңға берілмей, өмірімізді мәнді де мағыналы етейік.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер