A+ A A-

talgatzhan 18 17-07-2025, 14:00 0

ШҚО дағы арнайы кітапханада көру қабілеті нашар жандарға арналған заманауи LED-экран орнатылды

Бүгін / ШҚО

Шығыс Қазақстан облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада келушілер үшін жаңа мүмкіндік жасалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кітапхана жаңа заманауи құрал-жабдықтармен, оның ішінде көз жанары әлсіз және мүлде көрмейтін оқырмандарға бейімделген арнайы LED-экранмен жабдықталды. Бұл бастама ел ішінде инклюзивті қоғам құруға бағытталған нақты қадамдардың бірі саналады. Жаңа технологияны орнатуға “Казцинк” компаниясы демеушілік көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік аясындағы маңызды жобалардың бірі ретінде қолдау көрсеткен. Көз жанары әлсіз жандар күнделікті өмірде ақпаратқа қол жеткізу тұрғысынан кедергілерге жиі ұшырайды. Әсіресе қоғамдық орындар мен мәдениет мекемелерінде олардың қажеттіліктеріне сай жағдайлар ескерілмей жатады. Дегенмен, Шығыс Қазақстан облыстық арнайы кітапханасы бұл олқылықтың орнын толтыруда үлкен қадам жасап отыр.

Орнатылған LED-экран да ерекше. Үлкен әрі анық қаріптермен көрсету арқылы көру қабілеті төмен адамдарға ақпаратты қабылдауды жеңілдетеді. Жоғары контрастылық пен жарықтылық мәтін мен бейнелердің анық көрінуін қамтамасыз етеді  және аудиосүйемелдеу функциясы арқылы экранда көрсетілетін жазбаларды дыбыстап, толықтай зағип жандардың ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

- Бұл экран біздің ерекше оқырмандарымыз үшін зор көмек болмақ. Олар енді кітапхана ішінде ұсынылатын ақпаратты визуалды түрде де, дыбыстық түрде де қабылдай алады. Мұндай құрылғылар ақпаратпен еркін жұмыс істеуге, мәдени өмірге белсенді араласуға сеп болады, - деді К
кітапхана директоры Бекайым Ұябаева.

Қуанышты жаңалықтың жалғасы ретінде шығысқазақстандық жазушы Қалихан Ысқақтың шығармашылығына арналған инклюзивті кездесу өтті. Жаңа жабдықтың арқасында кітапханада алғаш рет арнайы инклюзивті форматтағы әдеби кеш ұйымдастырылды. 

«Жазушының әдеби әлемі» деп аталатын бұл іс-шара Қалихан Ысқақтың шығармашылығына арналды. Кездесу барысында қатысушылар жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы көпшілікке беймәлім мәліметтермен танысты. Сонымен қатар оның әдеби мұрасы талқыланып, шығармаларының заманауи қоғамға берер мәні сөз болды.

Оқырмандар LED-экран арқылы көрсетілген мәтіндерді оқып, дыбыстық сүйемелдеудің көмегімен шығармалармен танысты. Бұл – ерекше қажеттілігі бар жандарға да толыққанды мәдени ортаға араласу мүмкіндігін берген алғашқы тәжірибелердің бірі.

Айта кетерлігі, бұл техникалық жаңғырту «Казцинк» компаниясының арнайы қолдауы нәтижесінде жүзеге асты. Компания бұған дейін де кітапхана жұмысына жүйелі түрде демеушілік көрсетіп келеді. Мәселен, Брайль қарпінде кітап шығаруға арналған заманауи бедерлі-нүктелі баспа құрылғысы алынған. Бұдан бөлек, балаларға арналған оқу-зерттеу кеңістігін безендіретін дамытушы материалдар сатып алынып, кітапхана қорын жаңарту және инклюзивті іс-шаралар ұйымдастыру мақсатында түрлі техникалық көмек көрсетіліп келеді.

“Казцинк” компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазаревтің сөзінше, әр адамның қандай да бір ерекшелігіне қарамастан кітап оқуға, білім алуға басқалармен теңдей мүмкіндігі болуы тиіс.

- Осындай жобалар ерекше жандардың мүмкіндігін кеңейтіп, олардың өзін-өзі дамытуына, қоғамға белсене араласуына жол ашады. Бұл біз үшін жай ғана қайырымдылық емес, адамгершілік парыз, - деді ол.

Шығыс Қазақстан облыстық арнайы кітапханасында іске асырылып жатқан мұндай жобалар – елімізде инклюзивті қоғам құруға бағытталған маңызды қадамдар. Бұл тек зағип және көзі нашар көретін азаматтарды қолдау ғана емес, қоғамда тең мүмкіндіктер принципін нақты іспен дәлелдеудің жарқын мысалы. 

Жаңа LED-экран мен басқа да заманауи құрылғылар арқылы ерекше қажеттілігі бар адамдар да білімге, ақпаратқа және мәдени мұраға еркін қол жеткізе алады. Бұл – тек бір мекеменің ғана емес, барша қоғамның жетістігі.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив