A+ A A-

talgatzhan 30 22-08-2025, 09:40 0

Ағашты сөйлеткен шебер

Бүгін / Сұхбат

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтпаған. Домбыра – қазақтың жаны, рухы мен тарихы. Сыры мен сазын, қасіреті мен қуанышын, тұтас болмысын бойына сіңірген қос ішекті қара домбыра – халқымыздың көне шежіресін бүгінге жеткізген киелі мұра. Бүгінде осы киелі мұраны көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оны қолдан жасап, қайта тірілтіп отырған жандар саусақпен санарлық. Солардың бірі – Жанарбек Қазезұлы. Оның қолынан шыққан әр домбырада ұлттық нақыштың ізі, әр өрнегінде қазақтың рухы жатыр. Алтайдың төрінен түлеп ұшып, Атамекенге арманын арқалап жеткен шебер бүгінде ағашқа жан бітіріп, үн қондырып келеді. Домбыра жасау – тек кәсіп емес, жүрекпен істелетін өнер. Бұл жолда қаншама ізденіс, маңдай тер, табандылық жатыр. Жанарбек Қазезұлы осы жолдағы жүріп өткен белестері, ізденісі мен арманы жайлы бізге сыр шертті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Бұл кәсіппен айналысып келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

- Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында дүниеге келдім. 1996 жылы оқуымды аяқтап, ағаш шеберлігін үйренуге бет бұрдым. Домбыра жасау өнеріне қызығушылығым артып, танымал шеберден тәлім алып, осы салаға ден қойдым. Содан бері 20 жылға жуық осы кәсіппен айналысып келемін.

 

- Бұл өнерге қызығушылығыңыз қалай оянғаны жайлы толығырақ айтсаңыз.

- Бала күнімізде үйде әкеміз домбыра шертетін. Сол сәттер жүрегіме ерекше әсер қалдырды. 4-сынып оқып жүрген кезімде домбыра тартуды үйрене бастадым. Домбыра үніне қызығып қана қоймай, біртіндеп ағаш жонып көру, оны өңдеу деген дүниелерге де көңіл бөле бастадым. Кейін оқуымды аяқтай сала, осы кәсіпке шындап бет бұрдым. Қазір домбырадан бөлек астау, ұлттық нақыштағы кесе, сандық сынды бұйымдарды да жасаймын.

 

- Домбыра жасау өнерін алғаш кімнен үйрендіңіз?

- Бұл өнердің қыр-сырын алғаш үйреткен адам – Файзолла есімді ұста. Ол кісі Алтай аймағында аспап жасаудан кең танылған шебер болатын. Біз үйреніп жүргенде ол кісі «Аспап жасаумен 40 жылдан астам уақыттан бері айналысып келемін» деп отыратын. Сол Файзолла ұстазымның жанында бір жылға жуық болып, қолөнердің негіздерін меңгердім. 2011 жылы Атамекенге – Қазақстанға қоныс аударған соң, осы кәсіпті одан әрі дамытып, жалғастырып келемін.

 

- Домбыра жасау барысында қандай материалдар қолданасыз?

- Домбыраны негізінен қайың мен үйеңкіден жасаймыз. Қайың – қатты ағаш, одан шыққан домбыраның үні ашық, анық болады. Ал үйеңкі сәл жұмсақтау, оның үні – қоңырлау, жұмсақтау естіледі. Домбыраның бет тақтайын көбіне самырсыннан дайындаймыз. Қазіргі уақытта шетелден келген қара ағаш, қызыл ағаш сынды қымбат материалдар да бар. Солардан да домбыра жасап көрудемін. Алайда олар бағасы жағынан қымбатырақ келеді.

 

- Жақсы домбыра қандай болуы керек? Оның сапасын қалай анықтайсыз?

- Ең алдымен, сапалы домбыра қатты әрі жақсы кепкен ағаштан жасалуы керек. Ағаштың құрғақтығы мен тығыздығы дыбысқа тікелей әсер етеді. Содан кейін оны шертіп көру арқылы дыбысын тыңдаймыз. Домбыраның үнін сезіп, әуезділігін анықтау – шебердің тәжірибесіне байланысты.

 

- Жасаған домбыраларыңызда ұлттық нақыштарды қолданасыз ба? Олардың маңызы қандай?

- Әрине, әрбір домбыраға қазақи ою-өрнек салуға тырысамыз. Бұл – жай ғана сән емес, ұлттық болмыстың бір бөлшегі. Ою-өрнек домбыраның көркемдігін арттырып қана қоймай, қазақы рухты оятады. Ою салу үшін сүйекті қайнатып, ерітіп, арнайы желіммен араластырып қолданамыз. Бұл әрі дәстүрлі, әрі сапалы әдіс.

 

- Домбыраға сән беру, оны әшекейлеу ісіне жұбайыңыз да көмектеседі екен.

- Балаларым да сабақтан бос уақыттарында көмектесіп тұрады. Әйелім – ою-өрнекке жауапты. Ол кісі кесте тігу, тоқыма тоқу, безендіру сияқты істерге өте шебер. Балаларым ағаш жонып, кесу жұмыстарында көмектеседі. Бұл отбасылық еңбек. Бірігіп жасаған іс берекелі болады.

 

- Жасаған домбыраларыңыздың бағасы қандай? Қай аспап ең қымбатқа бағаланды?

- Оқушылар үшін аққарағайдан жасалған стандартты домбыра жасаймыз. Сабының өлшемі 38x36. Бағасы – 25 000 теңге. Ал қымбат домбыралар сапалы, сирек кездесетін ағаштардан жасалып, бағасы 150 000 теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар колонкаға жалғанатын, микрофонмен жұмыс істейтін домбыраларды да дайындаймыз. Оларға сұраныс бар.

 

- Бұл кәсіптің қандай қиындықтары бар? Ал қандай сәттері сізге ерекше қуаныш сыйлайды?

- Домбыра жасау – өте нәзік, ұқыптылықты қажет ететін жұмыс. Басында бір нәрсені келтіре алмай, қиналған сәттер болды. Бірақ ұстазымның көмегімен бұл қиындықтарды жеңдім. Ең бастысы – шыдам мен еңбек. Ал ең қуанышты сәт – домбыра алу үшін арнайы іздеп келген адамдардың разы болған жүзін көру. Сол кезде еңбегіңнің еш кетпегенін түсінесің.

 

- Бір домбыраны жасауға шамамен қанша уақыт кетеді?

- Орташа есеппен бір аптада бір домбыра дайын болады. Ал сапасы жоғары, қымбат домбыраларды жасауға 10-15 күн кетеді. Айына шамамен 3-4 домбыра шығарамыз. Қолымнан шыққан домбыраларды нақты санап көрмеппін, бірақ осы уақытқа дейін мыңға жуық домбыра жасалған болуы мүмкін.

 

- Бұл бағытты ары қарай дамытуды жоспарлайсыз ба?

- Иә, алдағы уақытта қаланың ішінен үлкен шеберхана ашып, түрлі ұлттық аспаптарды жасайтын орталық құру ойда бар. Қазір сол мақсатқа біртіндеп жақындап келеміз. Еңбек етсең, барлығы да болады.

 

- Осы кәсіпті үйренгісі келетін жастарға не айтар едіңіз?

– Жастар бұл өнерге қызығатын болса, шеберханамның есігі әрдайым ашық. Үйренемін деген адамға бар білгенімді үйретуге, үйімде қонақ етіп, баулуға дайынмын. Тек өкініштісі – қызығушылық танытатын жастар өте аз. Сол себепті жастарға айтарым: келіңдер, үйреніңдер. Ешкімді қайтармаймыз, өнер жолына түскісі келгендерге көмектесуге дайынбыз.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив