
Қыран баптайтын қырағы қыз: Бозанбайлық мектеп оқушысы құсбегілікті жанына серік етіп келеді
Қазақ халқы ежелден табиғатпен етене араласып өмір сүрген. Ата-бабамыз тазы жүгіртіп, қыран құс ұшырып, саятшылықты серік еткен. Кеңес дәуірінде бұл дәстүрден қол үзіп қалғанымыз рас. Алайда ел тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлттық рух жаңғырып, ата дәстүр де қайта оралды. Қазіргі таңда саятшылық өнермен айналысып жүрген жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылының тұрғыны Айзере Марксқызы. Қолына бүркіт қондырып, тазы баптайтын 15 жастағы қыз бүгінде ел назарын аударып отыр. Ол үшін бұл – жай ғана хобби емес, ата-бабадан аманат болған құнды мұра. Газет тілшісі Айзеремен сұхбат құрып қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Қай мектепте білім алып жатырсың? Сабақтан бос уақытта немен айналысқанды жақсы көресің?
- Бозанбай орта мектебінің 10-сынып оқушысымын. Сабақтан босаған кезде уақытымды тиімді пайдалануға тырысамын. Көбінесе ата-анама көмектесіп, үй шаруасымен айналысамын. Уақыт табылса, жылқымды ерттеп, кең далада серуендегенді жақсы көремін – бұл мен үшін тынығу мен еркіндіктің символы. Сонымен қатар бүркітімді баптап, оны қолға үйрету ісімен де шұғылданамын. Қыран құспен жұмыс істеу – төзімділік пен шыдамдылықты талап ететін үлкен өнер. Бұл іс арқылы мен ата-бабамыздың мұрасын жалғастырып, ұлттық құндылықтарды бойыма сіңіріп келемін.
- Тазы асырауға қызығушылық қалай пайда болды?
- «Шығыс Салбұрыны – 2024» жарысына Базаралы атты тазыммен қатыстым. Осы жарысқа алғаш рет қатысқаныммен, ерекше әсер алдым. Тазы жүгірту, саятшылық сынды ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық дәстүрлеріміздің қайта жаңғырып жатқанына куә болдым. Әсіресе, Базаралының шапшаңдығы мен ептілігі мені қатты қуантты. Сол сәттен бастап саятшылық өнеріне деген қызығушылығым оянды. Тазылардың күтімі, тәрбиесі, жарысқа дайындау барысы мен үшін таңсық еді. Бұл тек жарыс қана емес, ұлттық рухты сезінетін, салт-дәстүріміздің қадірін тереңірек түсінетін тамаша мүмкіндік болды.
- Қанша тазың бар, олардың есімдері кім?
- Бізде 5 тазы бар. Есімдері: Жоламан, Көксерек, Көкжал, Базаралы және Көкқұтан.
- Ит жаттықтырудың қиындығы мен қызығы неде?
- Тазы баптаудың да өзіндік қиындықтары бар. Мысалы, олар аш болған жағдайда бір-біріне шабуыл жасап, жарақаттап алуы мүмкін. Кейде бақылаусыз қалса, көршілердің тауықтарына тиісіп, қолайсыз жағдайлар туындайды. Сондықтан тазыларды асырау - тек қызығушылық емес, үлкен жауапкершілік пен мұқият күтімді талап етеді.
Дегенмен, бұл істің қызықтары да аз емес. Аңға шығу сәттері ерекше әсер сыйлайды. Ал жарысқа қатысқанда тазылардың шапшаңдығы мен ептілігі көрерменді таңқалдырып, өзіңе де мақтаныш сезімін ұялатады. Әрбір жарыс - тазымен арадағы байланыс пен сенімділіктің нәтижесі. Осындай сәттер мені осы өнерге одан әрі қызықтыра түседі.
- Қыран құсты алғаш рет қашан қолға алдың?
- Алғаш рет 8 жасымда қолыма алдым. Содан бері қызығушылық артып, айналысып келемін.
- Қазір қанша қыран құсың бар? Аттары кім?
- Менде қазір өзімнің балапан құсым бар. Есімін «Саятай» деп қойдым. Бұл атты бекер таңдаған жоқпын – болашақта нағыз саятшының сенімді серігі болсын деген ниетпен осылай атадым. Отбасымызда құсбегілік дәстүрі жалғасып келеді. Ағамның бүркітінің есімі – Ақиық. Атына заты сай – қырағы, қайратты, төбеден түспейтін қыран. Ал әкемде екі бүркіт бар. Біреуі – Чемпион деп аталады. Ол талай жарыстарда топ жарған, тәжірибелі бүркіт. Екіншісі – жас балапан бүркіт, есімі – Мұзбалақ. Бұл атау да тегін емес, ол – ертеңгі күні көк аспанда еркін қалықтайтын, нағыз қыран боларына сенім бар.
- Құсбегілік өнерін саған кім үйретті?
- Құсбегілікке деген қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Бұл өнерді әкемнен үйрендім. Әкемнің жанында жүріп, бүркітті қалай баптайтынын, оны аңға қалай шығарғанын көріп өстім. Әр ісінен өнеге алдым. Бала болсам да, қыран құсты қолға үйретудің оңай шаруа емес екенін сол кезде-ақ түсінгенмін. Құсбегінің әр қимылы - сабыр мен жауапкершілікке, төзім мен ұқыптылыққа үйретеді. Әкемнің осы ісіне қарап, мен де қыран баптауға ынтық бола бастадым.
- Бүркітіңмен қандай жарыстарға қатыстың?
- «Шығыс Салбұрыны – 2024», Д.Қонаевтың 100 жылдығына орай өткізілген жарысқа да қатыстым. Осындай тарихи мәні бар шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе болды. Жалпы, елімізде өтетін жастар арасындағы чемпионаттардан қалмауға тырысамын. Әр жарыс – жаңа тәжірибе, жаңа таныстық, әрі өз шеберлігіңді шыңдайтын мүмкіндік. Алайда кез келген жарыстың өзіне тән қиындығы бар. Мысалы, жарыс алдында бүркіттің жағдайы үшін қатты уайымдайсың. Құс басқа жаққа ұшып кетіп қала ма, әлде жарыс алдында ауырып қалса қайтпекпін деп іштей қобалжисың. Себебі, қыран - тірі жан. Оның да көңіл күйі, денсаулығы, мінезі бар. Сондықтан әрбір жарысқа үлкен дайындықпен, жанашырлықпен баруға тырысамын.
- Қыранды баптау кезінде ең көп көңіл бөлетін нәрсең қандай?
- Бүркітті баптауда барынша абай болу қажет. Себебі, бұл құс – аса күшті және өткір тырнақтары бар жыртқыш жануар, ол адамды шоқып алуы мүмкін. Сондықтан әрқашан сақтықпен, ойланып қарау керек. Бүркітке деген қамқорлық пен назар оның мінезіне әсер етеді. Бүркітті әдемі, сау ұстау үшін оның қанаттары мен құйрығын тоздырмауға ерекше көңіл бөлу қажет. Құсқа уақытында және дұрыс мөлшерде жем беру – оның күш-қуаты мен денсаулығын сақтаудың кепілі. Осы талаптарды орындаған кезде ғана бүркіт сенімен серік бола алады.
- Мезгілдерге байланысты күтіп-баптаудың қандай ережелері бар?
- Көктем айларында бүркіттердің түлекке отырғызу рәсімі өтеді. Бұл кезеңде құстардың құйрығы мен қанаттары түгіліп, орнына жаңа, әдемі әрі мықты қанаттар шығады. Осылайша бүркіт қайта күш жинап, қарым-қабілетін жаңартады. Бұл табиғи процесс құстың денсаулығы мен ұшу шеберлігін жақсартып, саятшылыққа дайындайды.
- Салмақтарында өзгеріс бола ма?
- Қыста бүркіттердің салмағы әдетте 4-5 келіні құрайды. Бұл уақытта олар аздап арықтап, жеңілдейді. Ал жазда етті көбірек беріп, жақсы күтім жасағандықтан, бүркіттің салмағы 7-8 келіге дейін өседі. Бұл оның күш-қуатының артуын және денсаулығының жақсарғанын білдіреді. Ал тазының салмағы жыл мезгілдеріне байланысты көп өзгермейді. Оның орташа салмағы шамамен 9-10 келіге тең. Тазы күшік кезінен бапталғандықтан, дене бітімі де бірқалыпты сақталады.
- Бүркітке қандай тамақ беріледі?
- Бүркітке тамақ беру кезінде ерекше талап бар. Біз оған тек таза, балғын ет береміз. Әдетте, аңның немесе қойдың етін таңдаймыз. Бұл ет тұздалмаған және піспеген болуы керек, себебі бүркіттің ас қорыту жүйесіне жұмсақ әрі таза тағам қажет. Жаңа әрі сапалы ет құсқа күш-қуат береді, оның денсаулығын нығайтып, ұшу шеберлігін жақсартады.
- Жарысқа шығарда қандай талаптар қойылады?
- Жарыстың алдында бүркітке барынша аз тамақ беруге тырысамыз. Себебі аш болған бүркіттің тамаққа деген құлшынысы артып, ол қолға тезірек ұшып келеді. Бұл әдіс саятшылық өнерінде маңызды болып саналады, өйткені құстың сергектігі мен ынтасы жарыста жеңіске жетудің кепілі. Дегенмен, тамақ мөлшерін азайтқанда да құстың денсаулығына зиян келтірмеу үшін мұқият болу керек.
- Бүркітті қанша жасқа дейін ұстайды?
- Негізінде бүркіттерді көбінесе 7 жасқа дейін ұстайды. Себебі ұрғашы бүркіттер осы уақытта ұя салып, ұрпақ өрбітеді. Егер оларды еркін жібермей ұстап отырса, құстың табиғи тіршілігіне кедергі келіп, обал болып қалуы мүмкін. Сондықтан 7 жасқа келген соң бүркітті табиғатына қайтарып, тауға апарып ұшырып жібереміз. Бұл – құстың еркін өмір сүруіне жағдай жасап, оның табиғи тіршілігін құрметтеудің бір тәсілі.
- Тазы мен қыранды күтіп-баптауға күніне қанша уақыт бөлуге тура келеді?
- Асау бүркітті баптау – шыдамдылық мен еңбекті талап ететін күрделі іс. Жаңа ұстаған, үйретілмеген бүркітті қолға үйрету үшін шамамен бір ай уақыт қажет. Бұл уақыт ішінде құсты өзіңе үйретіп, сенімін оятып, тәртіпке салу – нағыз шеберлікті қажет етеді. Қыранды ашуландырмай, асықпай баптау – саятшының басты міндеті. Ал тазы болса, күшік кезінен қолға үйренетіндіктен, адамға тез бауыр басады. Иесін танып, айтқанға көнетін қасиеті бар. Тазы мен адам арасындағы байланыс ерте жастан қалыптасады, сондықтан олар жарыста да, аңшылықта да бір-бірін жақсы түсінеді. Қаншалықты шапшаң болса да, тазылар иесіне адалдығымен ерекше.
- Әкең, атаң немесе басқа туыстарың да осы өнермен айналыса ма?
- Иә, бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнер десем артық айтқаным емес. Құсбегілік біздің әулетіміздің өмір салтына айналған. Нағашы атам бұл кәсіппен 30 жыл бойы айналысып, талай қыран баптаған, аңға шыққан тәжірибелі құсбегі болған. Ал туған атам 15 жыл бойы саятшылықпен шұғылданған. Сол кісілерден көріп, үйренгенді бүгінде әкем мен ағаларым жалғастырып келеді. Бұл өнер бізге қанмен берілгендей. Қазір өзім де сол жолда алғашқы қадамдарымды жасап келемін. Біздің Бозанбай ауылында бұл іспен айналысатын жалғыз әулет – біздің отбасымыз.
- Қазір замандастарыңның көбі телефон мен интернетке әуес. Ал сенің табиғатпен етене араласуың олардан несімен ерекшелейді деп ойлайсың?
- Уақытының көп бөлігін экран алдында өткізетін жастар шынайы өмірмен, табиғатпен байланысын үзіп бара жатқандай. Ал мен болсам, табиғатпен етене араласып, дала өмірін сезінуге тырысамын. Жылқымен серуендеу, тазы жүгіртіп, бүркіт баптау – мен үшін тек хобби емес, өмір салты. Бұл істер маған тыныштық, тәртіп, табиғатпен үйлесім сыйлайды. Табиғатқа жақын болу – нағыз еркіндікті сезіну. Ол мені төзімділікке, жауапкершілікке, сабырға үйретеді. Қыран құсты баптау, тазымен аңға шығу – экраннан көретін видео емес, өз қолыңмен жасайтын тіршілік. Сол себепті мен өз өмірімді шынайы сезінемін, әр сәттің құндылығын түсінемін.
- Болашақта осы өнерді кәсіби деңгейге жеткізгің келе ме, мысалы жарыстарға қатысу, үлкен құсбегі атану?
- Оқу бітірген соң, туризм саласын зерттеп, осы ауылымыз бен Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін жақсартқым келеді. Құсбегілікті жалғастырып, жарыстарға қатысу да ойда бар.
- Құсбегілікке байланысты жоба қорғапсың, сол жайлы толығырақ айта кетсең.
- Мен қатысып жатқан жоба «Өлкедегі туризмді құсбегілік өнер арқылы дамыту» деп аталады. Бұл жобаның басты мақсаты – құсбегілікті насихаттау және туризм саласын дамыту. Осы мақсат аясында этноауыл ашу идеясы туындады. Біз бұл жобаны тек сөз жүзінде қалдырмай, нақты іс-әрекетке айналдыру үшін бизнес-жоба ретінде қорғадық. Нәтижесінде республикалық түрлі сайыстарда жүлделі орындарға ие болдық. Қазір біздің Бозанбай ауылында этноауыл ашылып жатыр. Бұл этноауыл «Шығыс Салбұрыны – 2025» жарысына келетін қонақтар үшін арнайы тұрақ орны болады. Мұнда туристер ұлттық мәдениетпен танысып, құсбегілік өнердің ерекшеліктерін өз көздерімен көре алады. Осылайша, жоба өз мақсатына жетіп, өңірдің дамуына үлкен серпін береді деп сенемін.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер