A+ A A-

talgatzhan 51 10-10-2024, 09:29 0

ШҚО-да айласын асырған алаяқтар азаймай тұр

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Соңғы он жылда ғаламтор мүмкіндіктері қарыштап дамып, адам өмірін едәуір жеңілдеткені рас. Әсіресе мобильді қосымшалар арқылы үйден шықпай-ақ онлайн сауда жасауға, есепшоттағы қаржыны басқаруға мүмкіндік жасалған. Алайда «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл ақшаны ардан артық көретін алаяқтардың да «жұмысын» жеңілдетіп жіберді. Халық арасында интернет алаяқтардың арбауына ілігіп, сан соғып қалатындар да жиі кездесіп жүр. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, биыл олар 11 765 қазақстандықты қақпанға түсіріп, 18,2 млрд теңге пайда көрген. Мұндай статистика тек мегаполистерде емес, басқа да аймақтарда тіркелген. Оның ішінде Шығыс Қазақстан да бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 


Шырмауға түскен шығысқазақстандықтар

Өскемендік Саят Тұрғымбеков (аты-жөндері толықтай өзгертілген) көлігі сынып қалған кезде керекті автобөлшекті іздеу үшін ғаламторға кіреді. Түрлі сайттың арасынан бір хабарландыруды көзі шалған. Жарнамалық мәтін бастапқыда ешқандай күдік туғызбаған. 

- Хабарландыруда көрсетілген байланыс нөмірін теріп, қоңырау шалдым. Өздерін онлайн дүкен ретінде таныстырды. Маған қажет автобөлшектің бар екенін де айтты. Бірақ Қазақстанда емес, Ресейде екен. Жеткізу қызметі туралы сұрағанымда оны да ұйымдастырып бере аламыз деді. Тек толық соманы төлеп, түбіртекті жіберуімді сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, 300 мың теңгені көрсетілген есепшотқа бірден аудардым, - дейді ол. 

Бірақ ақшаны алған бойда дүкен иесі із-түссіз жоғалып кеткен. Бірнеше рет хабарласса да, телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Көлік иесі мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін құқық қорғау органында жұмыс істейтін туысының көмегіне жүгінеді. Бірақ ол мұндай схеманың кең таралғанын, бірнеше адамның осыған ұқсас арызбен келгенін айтқан. Әккі алаяқтардың сөзіне сеніп қалған Саят ақшаны еш қайтара алмайтынын сонда ғана түсінді. 

Ғаламторда айқайлаған атаумен жалған жарнама беріп, ақша жымқыратындар көп. Бірақ бұл - интернет алаяқтықтың жалғыз тәсілі емес. Жақыны қиын жағдайға түскен Балжан Досболова әлеуметтік желі арқылы қайырымдылық мақсатында халықтан көмек сұраған. 

- Бірде телефоныма бөгде біреу хабарласып, өзін қайырымдылық қорының өкілі ретінде таныстырды. Ол емге керекті соманың жартысын бере алатындарын айтты. Шыны керек, жүгіміздің сәл де болса жеңілдейтінін ойлап, қуанып та қалдым. Бірақ 10 млн теңге алу үшін 100 мың теңге жіберу керектігін айтты. Не үшін деп сұрағанымда банк картасының бұғаттаулы емес екенін тексереміз деді. Көңілімде күдік ұялаған соң танысыма хабарласып, кеңес сұрадым. Ол қор өкілімен байланысқа шығып, толық мәлімет сұрамақшы еді. Бірақ көмек қолын созуға дайын тұрған адам лезде қоңырау тұтқасын қойып, қайта байланысқа шықпады, - деп облыс тұрғыны өз оқиғасын баяндап берді. 

Полиция не дейді?

Соңғы уақытта интернет алаяқтықтың саны артқаны соншалық, бұл мәселе қоғамдық резонанс туғызып отыр. Тұзаққа түсетіндердің көбі тез байығысы келетіндер, зейнеткерлер мен қаржылық сауаттылығы төмен адамдар. Осы тұста Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментіне өңірдегі жағдай жайында білу үшін сұраухат жіберген едік. Ресми жауапқа сүйенсек, жыл басынан бері өңір аумағында алаяқтардан зардап шеккендер тарапынан полицияға 700-ден астам арыз түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біраз кеміген екен. 

- Биыл интернет алаяқтар өңір тұрғындарына 800 млн теңгеге жуық материалдық залал келтірген. Полиция қызметкерлері 58 интернет алаяқты ұстады. Келіп түскен барлық арыз бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта жедел тергеу шаралары жүргізілуде, - дейді ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков. 

Сондай-ақ полицейлердің ұйымдастыруымен облыста интернет алаяқтарға қарсы түрлі шаралар қолға алынуда. «Тоқта, алаяқ!» жедел алдын алу шарасының үшінші кезеңі аясында әр азаматқа интернет алаяқтардан қорғануға арналған әрекеттер түсіндіріліп жатыр. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында қоғамдық орындарда ескерту сипатындағы 120-дан астам полицейдің мүсіні қойылған. Банкоматтар маңында 180-нен астам жер трафареті салынып, бұқаралық ақпарат құралдарында өзекті мағұлматтар жариялануда.

Қазіргі таңда интернет алаяқтардың қолданатын әдіс-тәсілдері өте көп. Соңғы уақытта тіс қаққан алаяқтар өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Кейде тіпті мемлекеттік қызметшімін деп те қоңырау шалады. Жиі қолданылатын мессенджерлер арқылы да зиянды сілтемелер жіберетін көрінеді. Тағы бір кең таралған тәсіл - сим-картаның қолдану мерзімінің өтіп кеткенін айтып, тұзаққа түсіру. Бірақ бұл соңы емес. Алаяқтар коммуналдық қызметкер рөліне де еніп, есептегіш құралды ауыстыру қажет екенін айтып сендіреді екен. Осылайша, жеке деректерді сұрату арқылы залал келтіреді. 

- Осы тұста азаматтар келесі ережелерді есте сақтау керек: банк қызметкерлері ешқашан өз клиенттеріне қоңырау шалмайды. Себебі, олардың ондай құқығы жоқ. Кез келген құқық қорғау органының немесе мемлекеттік мекеменің қызметкері де ұялы телефон арқылы іс жүргізбейді. Ал сим-картаға келетін болсақ, сіз өзіңіз қолданбаған жағдайда ғана оның мерзімі өтуі мүмкін. Оған қатысты барлық шара тек қана ұялы байланыс операторларының филиалдарында шешіледі, - деп түсіндірді Ерлан Болатұлы. 

Интернет алаяқтардың құрбаны болмас үшін қандай жағбай болса да бірінші кезекте сабыр сақтау қажет. Тәртіп сақшыларының айтуынша, олардың психологиялық қысым көрсетуі әбден мүмкін. 

- Қандай да бір әрекет жасар алдында асықпай ойланып, байыбына барып алыңыз. Жеке деректеріңіз бен қаражатыңыздың сақталуы өз қолыңызда екенін ұмытпаған жөн. ЖСН, SMS-кодтар, банк карталарының нөмірлері сынды жеке деректеріңізді бөгде адамдарға ешқашан жібермеңіз. Ұялы телефонға да белгісіз бағдарламаларды орнатуға болмайды. Қандай да бір қосымшаны жүктеу алдында оның не үшін қолданалатынын біліп алған дұрыс. Кез келген күдікті жағдайда «102» арнасына хабарласып, толықтай ақпарат алғаныңыз жөн, - деп ескертті полицейлер. 

Halyk Bank кеңестері 

Осы тұста Halyk Bank қызметкерлері де азаматтарға алаяқтықтан сақтанудың бірнеше жолын көрсетіп, кеңес берді. Алаяқтар клиенттердің шоттарына қол жеткізу үшін түрлі амалдарға барады екен. Соның бірі - фишинг әдісі. Бұл - пайдаланушылардың құпия және карта деректеріне, логин мен парольдеріне қол жеткізу арқылы жасалатын интернет алаяқтықтың бір түрі. 

- Фишинг сайттарында сауалнамалар өткізіп, сол үшін ақшалай сыйлық береміз деп сенімге кіретіндер көп. Сондықтан түрлі төлемдер, ұтыс ойындары, ақша үшін сауалнама жүргізу туралы кез келген ақпаратты мұқият тексеру керек. Әдетте кәсіби маркетологтар сауалнамаға қатысушыларға ешқашан қаржы ұсынбайды. Қаражат салуды немесе жеке деректерді айтуыңызды да сұрамайды. Мұндай әрекеттерді тек әккі алаяқтар жасайды. Фишинг сайтына сілтеме WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінде де кездеседі. Қаңдай да бір байқауда балаға дауыс беруді сұрайтын немесе осыған ұқсас хабарлама келсе, сақ болыңыз. Бұл да жеке мәліметтер мен ақша ұрлауға бағытталған жаңа схемалардың бір түрі. Егер білместіктен сілтемеге өтсеңіз, алаяқтар телефоныңыздағы барлық чатқа сіздің атыңыздан ақша сұрайтын хабарламалар жібереді. Салдарынан клиенттің жақындары мен достары ақша жіберіп, алданып қалып жатады, - дейді Halyk Bank маманы Ілияс Алчинов. 

Қарапайым халықты сан соқтыратын схеманың тағы бірі - сәлемдеме жеткізу туралы хабарлама. Алаяқтар клиенттерге қаңдай да бір заттың келгені жайлы SMS-хабарлама жібереді. Мәтіндегі мекенжайды көрсетуді сұрайтын сілтеме арқылы клиент фишингтік сайтқа қалай өткенін байқамай да қалады. Сол үшін де сәлемдеме күтсеңіз, сақ болыңыз. Алдаудың түрі көп, ал алдын алудың жолы қаңдай? Ілияс Алчиновтің сөзінше, банк картасының деректерін де ешкімге айтпау керек 

- Белгісіз сілтемеге өтпеңіз, онда карта мәліметтерін көрсетпеңіз. Ешкімге, тіпті банк қызметкерлеріне де картаның нөмірін, оның жарамдылық мерзімін және үш таңбалы CVV/CVC кодын айтпаңыз. Аталған мәліметтерді “ұтыс ойындары” мен “сауалнама өткені үшін қаржылай сыйлық” беретін сайттарға енгізбеңіз. SMS және PUSH-хабарламаларды ешкімге бермеңіз, - деді ол. 

P/S:

Заман өзгерген сайын талап та арта түсуде. Техника мен технологияның жеткен жетістіктері адамзатты ілгері жүруге ұмтылдырады. Дегенмен, әр нәрсенің шегі бар екенін ұмытпаған жөн. Технология дамыған сайын алаяқтардың да айла-қулықтары арта түсері анық. Сондықтан қаңдай жағдай болмасын жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал. Сөз соңында қаржылай сауатты болу, фейк пен шындықтың ара-жігін ажырату әр адамның өз қолында екендігін айтқымыз келеді. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив