A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 15:40 0

ШҚО-да 32 ауыл жойылу қаупінде тұр

Бүгін / ШҚО

Соңғы бес жылда Шығыс Қазақстан облысында 10 ауылдық елді мекен таратылған. Тағы 32 ауыл жойылып кету қаупінде тұр. Бір кездері бұл ауылдарда балалардың күлкісі естіліп, үйлер салынып, бақтар өсіп, халықаралық деңгейдегі фестивальдер өткен еді. Қазір болса – бос көшелер мен ескі күндерді еске алатын қариялар ғана қалған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

Бүгінде өңірде 105 ауылдық округ және 351 ауыл мен кент бар. Алайда олардың бір бөлігі бұрынғы сияқты өмір сүруін тоқтатуы мүмкін. 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, облыста 50 адамнан аз тұрғын бар 32 ауыл бар. Бұл – елді мекен мәртебесін сақтап қалу үшін заңда белгіленген ең төменгі шек.

 

Ауылды тарату туралы шешім қалай қабылданады

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заңға сәйкес, егер ауыл халқының саны үш жыл қатарынан 50 адамнан аспаса, ол елді мекен таратылуы мүмкін. Бұл бастаманы ауылдың немесе округтің әкімі көтереді. Бұған дейін міндетті түрде жергілікті қауымдастықтың ашық жиыны өткізіліп, тұрғындардың пікірі ескеріледі.

- Халықтың пікірі – шешуші фактор. Кез келген әкімшілік тарату туралы шешім тек тұрғындар мен жергілікті қауыммен ашық талқылаудан кейін ғана қабылданады, – деп хабарлады ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы редакцияның ресми сұрауына жауап ретінде.

 

Таратылған ауылдардың тұрғындары қайда кетеді

«Таратылды» деген сөздің өзі қорқынышты естілгенімен, іс жүзінде адамдар ешқайда көшірілмейді. Тұрғындар бұрынғы үйлерінде қала береді, ал ауылдың өзі көршілес ірі елді мекеннің құрамына енгізіледі. Мемлекеттің халық алдындағы міндеттемелері сақталады – сондықтан тұрғын үй, жер немесе өтемақы мәселелері туындамайды.

Мысалы, Алтай ауданындағы Ленинск ауылы Подорлёнок ауылының құрамына енгізілді, Ландман – Малеевск ауылының, ал Кутиха – Парыгино елді мекенінің құрамына өтті. Шемонаиха ауданындағы Заречный аумағы енді Усть-Таловка кентіне қарайды, ал Рулиха стансасы – Каменев ауылдық округіндегі Рулиха ауылының құрамында.

 

Инфрақұрылым мен тарих не болады

Ауыл таратылған соң, мектеп, клуб, фельдшерлік пункт секілді нысандар да жақын ірі ауылдың қарамағына өтеді. Ал тарихи орындар бар болса, оларды сақтау шаралары қабылданады.

Мәселен, бұған дейін Кутиха ауылында өтіп келген «Алтын Тұрғысын» өнер фестивалі енді көрші Малеевск ауылында ұйымдастырылады, бірақ Кутихадғы тарихи нысандар жоғалған жоқ. Мұндай ауылдар жайлы деректер өлкетану басылымдары мен мұрағаттарда сақталады, сол арқылы олардың атауы мен тарихы ұмытылмайды.

 

Шағын ауылдарды сақтап қалуға бола ма?

Басқарма өкілдері атап өткендей, ауылды тарату – ең соңғы шара. Өңірде ауылдарды дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «Ауыл – ел бесігі» (инфрақұрылымды жақсарту), «Ауыл аманаты» (село тұрғындарының табысын арттыру), сондай-ақ еңбек күші артық оңтүстік аймақтардан солтүстік пен шығысқа ерікті қоныс аудару бағдарламасы бар.

Бұдан бөлек, тарихи отанына оралғысы келетін қандастарды қабылдау бағдарламасы да іске асырылуда.

 

Алдағы жоспарлар қандай?

2025-2026 жылдары қанша ауыл таратылатыны әзірге нақты белгісіз. Әкімдіктегілердің айтуынша, бұл тікелей халық санына және жергілікті тұрғындардың шешіміне байланысты болады.

Қазір 32 шағын ауыл «жойылу қаупі аймағында» тұр. Ресми түрде бұл үдеріс «оңтайландыру» деп аталса да, көптеген қазақстандықтар үшін ол туған ауылдың, туған жердің картадан өшуін білдіреді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив