Облыс әкімдігінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі бойынша жиын өтті. Онда мал шаруашылығына бағытталған инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдаудың тиімді пайдаланылуы талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиында айтылғандай, өңірде жалпы саны 17 инвестициялық жоба бар. Оның жетеуі – сүт-тауар фермасы, ал онысы – мал бордақылау алаңы.
Жобаны жүзеге асыру кезінде ветеринарлық бақылауға ерекше көңіл бөлу ұсынылды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, малды емдеу мен вакцинациялау әр инвестициялық жобаның міндетті бөлігі болуы тиіс. Яғни, қандай дәрі-дәрмек, қай уақытта және қандай тәртіппен қолданылатыны алдын ала нақты жоспарлануы қажет. Сондай-ақ, әр ауданның табиғи ерекшелігі ескерілуі керек, себебі малды жайылымға шығару уақыты әр жерде әртүрлі. Бұл вакцинация кестесіне тікелей әсер ететін көрінеді.
Аймақ басшысы инвестициялық жобаларға жауапкершілік тек салалық басқармаға ғана емес, қала мен аудан әкімдіктеріне де жүктелетінін атап өтті. Жергілікті билік фермерлерге құжат рәсімдеуде, соның ішінде бордақылау алаңдарына тіркеу нөмірін алу барысында жедел көмек көрсетуі тиіс.
Жиында «Ауыл аманаты» бағдарламасына да ерекше назар аударылды. Әкімдік бұл бағдарламаны ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін ең тиімді жобалардың бірі санайды. Сондықтан фермерлерге бағдарламаның артықшылықтарын кеңінен түсіндіру қажет екені айтылды.
Сонымен қатар мемлекеттік субсидия есебінен алынған мал басына қатаң бақылау жүргізілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары барлық ауданға шығып, фермерлерге негізгі талапты түсіндірген: субсидиямен алынған мал кемінде екі жыл бойы сақталып, мақсатты түрде пайдаланылуы керек.
Тексеру барысында Зайсан және Күршім аудандарында бірқатар мәселе анықталған. Кей шаруашылықтарда малға тиісті күтім жасалмаған, ал кей жағдайда субсидияланған малдың сойылғаны да мәлім болды. Мұндай жағдайда мемлекет берген субсидия кері қайтарылады.
Аймақ басшысы агроөнеркәсіп кешенін қолдау жалғаса беретінін, алайда ол тек сала дамуына жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.
Пікірлер