
Зайсандық ата-аналар директордың қызметінен алынуына қарсы
Зайсан қаласындағы Сауыр жалпы орта білім беретін мектебіндегі оқушылардың ата-анасы жуықта бейнежазба жариялаған болатын. «Директор қызметін жалғастырсын! Балаларымыз да, өзіміз де ол кісіге үйренісіп қалдық» дегендер тез арада оң шешім шығарылуына тілек білдірді. Мектеп басшысы қызметінен неліктен босатылғалы жатқанын Buqara.kz тілшісі анықтап көрді.
Ата-аналардың өзара қарым-қатынасы жақсарған
Былтыр мектеп тізгінін ұстаған Сұңғат Анапиев аз уақыт ішінде оқушылар тәрбиесі мен білім алуға деген ұмтылысына оң ықпал етіп үлгерген. Мұны ата-аналар растап отыр. Қазір үшінші баласын оқытып отырған Қарлығаш Оспанованың сөзінше, мұның алдында дұрыс бағыт-бағдар берген біршама мектеп басшысын көрді. Бірақ қазіргі директордың білімге деген қарым-қатынасы мен қолданып отырған әдісі мүлде бөлек.
– Бұл директордан айырылып қалғымыз келмейді. Ол кісі бір жиналыста «бәріміз ата-ана, мұғалім және бала деген үштаған арасында жүруіміз керек деген болатын». Түрлі шараға жиі барғаннан ба – ата-аналар да өзара жақсы араласа бастады. Сұңғат Құмарбекұлының Өскеменде жұмыс істеген мол тәжірибесі бар деп естідік. Жаңашыл көзқарасқа ие адам білім саласында да ең озық әдістерді қолданып жатыр, – деді ол.
Айта кетейік, Сауыр орта мектебі былтыр ғана салынып, қолданысқа берілген жаңа білім ошағы. Сұңғат Анапиев алғашқы директоры. 1-11 сыныпты алғанда, ұзын-саны 488 оқушы білім алып жатыр.
Қарлығаш Оспанова директордың жоғары сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге де тегін дайындап жатқанын жеткізді. Ұлдарды көргенде әрбірімен «ассалаумағалейкүм» деп қол беріп амандасып, жөн сұрасатын көрінеді. Ал оның не себепті қызметінен босатылғалы жатқанын алдымен аудандық білім бөлімінен біліп көрдік. Олар ұсынған мәліметке сенсек, мектеп директорының еңбек өтілі – 11 жыл.
– Сұңғат Анапиев облыстық Білім басқармасы жүргізген конкурс қорытындысында Сауыр жалпы орта білім беретін мектебі директорына Зайсан аудандық білім бөлімі басшысының 15.09.2025 жылғы №52 бұйрығы негізінде тағайындалды. Сұңғат Құмарбекұлын жұмысында қалдыру туралы ата-аналар таратқан бейнежазба негізінде аудан әкімдігі өкілдері мен білім бөлімінің басшысы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деді білім бөлімінің басшысы Меруерт Мұратқызы.
Сұраухат жауабында мектеп директорын бос лауазымдық орынға тағайындау туралы ұзын-сонар сөйлем берілген. Соны ықшамдап алсақ, тағайындау Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31-ші наурыздағы №57 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.
– Сұңғат Анапиевтің жұмыста қалу, қалмауы Өскеменде өтетін сот шешімі негізінде анықталады. Қазіргі уақытта білім бөліміне сот шешімі жолданған жоқ, – делінген білім бөлімі ақпаратында.
Комиссияға шағым түсті
Әрі қарай толық мәліметті облыстық Білім басқармасы өкілдері ұсынды. Олар әуелі жалпы орта білім беру ұйымдары басшысы лауазымына қандай талаптар қойылатынын айтып берді. Соған сәйкес, алдымен жоғары педагогикалық білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат; педагогикалық еңбек өтілі кемінде бес жыл, оның ішінде, екі жыл үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Басшының орынбасары лауазымында немесе орта білім беру ұйымының басшысы лауазымында кемінде екі жыл отыруы қажет. Мұнымен қоса, «үшінші біліктілік санатты басшының орынбасары», «екінші біліктілік санатты басшының орынбасары», бірінші біліктілік санатты басшының орынбасары», «басшы-менеджер», «басшы-көшбасшы» біліктілік санаттары бар.
Білім басқармасы өкілдері Сұңғат Анапиевтің еңбек өтілі 10 жыл екенін алға тартып, алғашқы директор екенін растады. Қазір жағдай қалай болып жатқанын мектеп басшысының өзінен сұрадық.
– Негізі бұл заңсыз емес. Сот шешімі негізінде қызметімізден алады, оған қарсы тұра алмаймыз. Жалпы, осы Сауыр мектебінің директоры болуға екі адам конкурсқа түстік. Облыстық білім басқармасы директор тағайындау үшін комиссия бекітеді. Құрамында бес адам болады. Олар мемлекеттік тілді қаншалықты білетінімізді, ҚАЗТЕСТ-і бар, мемлекеттік қызмет емтиханы бар – түгел тексереді. Ең соңында комиссия өкілдеріне қарама-қарсы отырып, қойылған бес сұраққа жауап береміз, – деді Сұңғат Құмарбекұлы.
Айтуынша, директор атануға ниеттілер бірнеше мектептен барып, бақ сынады. Ал Сауыр жалпы орта білім беретін мектебі бойынша конкурсқа түскен екі адам ішінде Сұңғат Анапиевтің баллы жоғары болған.
– Сол екінші адам ақыры комиссияны сотқа беріп, әділетсіздікке жол берілгенін айтты. Ол жерде не болғаны бейнежазбада көрініп тұр. Заңгер көмегіне жүгініп, аталған видеодан болмашы бір-екі кемшілік тапты. Соңғы сот отырысы қаңтардың 13-і күні болып, табылған бір-екі қателік негізінде комиссия қабылдаған шешім жоққа шығарылды. Әрі қарай мен автоматты түрде директорлықтан алынатын болып қалдым, – деді ол.
«Директорымыз қалады деген үміттеміз»
Сұңғат Анапиев сот шешім шығарған соң, шамамен екі ай ішінде заңды күшіне енетінін жеткізді. Әзірге директор қызметінде. Шешім заңды күшіне енген соң директордың міндетін атқарушы болып жұмысын жалғастырады. Сауыр жалпы орта білім беретін мектебі директорсыз қалуына байланысты қайта конкурс өткізіледі. Енді Сұңғат Құмарбекұлы соған қайта түсуге ниетті.
– Басқа директор болса, бұлай уайымдамас едік. Директорымыз ауысады дегенде жүрегіміз біртүрлі ауырып кетті. Бір рет балаларымызға «сендер жазғы демалыста босқа жүрмей, мектеп спортзалына келіп, волейбол, баскетбол ойнап тұрыңдар» депті. Көп жерде ондай жоқ қой деймін. Осы кісі мектебімізге Елжас Ертайұлы деген мықты балалар психологын әкелді. Ата-аналармен де, балалармен де тәрбие тақырыбында тамаша тренингтер өткізді. Өткенде Білім басқармасы өкілдері әлеуметтік желіде осы бойынша аппеляция түсіргендерін жазды. Директорымыз қалады деген үміттеміз, – деді Қарлығаш Оспанова.
Сұңғат Анапиев мүмкіндік болса, Өскеменде жинаған тәжірибесін Сауыр жалпы орта білім беретін мектебіне енгізуге дайын екенін жеткізді. Басқа мектептер де мұндағы серпілісті естіп, өздерін қамшылап жатқан көрінеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер