A+ A A-

talgatzhan 54 Бүгін, 15:35 0

Бірнеше тіл меңгерген адам ақпаратты тез талдайды – ағылшын пәні мұғалімі

Бүгін / Өскемен / Сұхбат

Мамандық таңдау – кез келген адам өміріндегі шешуші қадамдардың бірі. Ол тек табыс табудың жолы ғана емес, тұлға ретінде қалыптасудың, өз орныңды табудың басты шарты. Осы жолда жүрегінің үніне құлақ асқан жандар қаншама. Солардың бірі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақтоты Жеңісбекқызы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шет тілі несімен қызықтырды?

Бүгінде ол шәкірт тәрбиелеумен қатар өз білімін үздіксіз жетілдіру үстінде. Қаладағы ҚАЕУ-да Шет тілі мамандығы бойынша магистратурада білім алуда. Шәкірттеріне білгенін үйретіп, өзі де үйреніп жүрген жас маман ұстаздыққа қалай келгенін, бала кезіндегі қызығушылығын ерекше бір тебіреніспен жеткізеді.

– Шынымды айтсам, мұғалім болу менің бала күнгі арманым емес еді. Кішкентайымнан дәрігер болуды армандайтынмын. Бірақ есейе келе, ол арманыңды бір шетке ысырып, бойыңдағы қызығушылықтар мен мінез-құлқыңа мән бере бастайсың. Жалпы табиғатымнан балаларға қатты жақынмын. Олармен ортақ тіл табысып, бірге уақыт өткізгенді ұнатамын. Осы қабілеттерімді ескере келе ұстаздық жол маған ең жақын екендігін түсіндім, – деді Ақтоты Жеңісбекқызы. 

Ал шет тіліне  қызығушылығы мектеп кезінен басталды. 

– Ауылда оқып жүргенімде ағылшын тілінен сабақ берген ұстазымның арқасында тіл арқылы әлемді тануға болатынын түсіндім. Сонымен қатар тілдің көмегімен тек сөз үйреніп қана қоймай, басқа елдің мәдениеті пен дүниетанымынан хабар аласың. Осы себептен де бұл саланы саналы түрде таңдадым, – дейді жас маман.

Әрбір жас маман үшін студенттік кезең құдды бір өмір мектебі іспетті. Ақтоты үшін де бұл кезеңнің өміріндегі алған рөлі өте зор деуге болады.

– Студенттік шақ мені жауапкершілікке және өз бетімше шешім қабылдауға үйретті. Мектепте мұғалімдер оқушыны әрдайым қадағалап, уайымдаса, ал студент болғанда сен тек өзің үшін жауап беріп, өз мәселеңді өзің шешесің. Бұл кезең біздің ересек өмірге деген алғашқы қадамдарымыздың бірі, – деді ұстаз. 

Ол ағылшын тілін оқумен ғана шектелмей, қосымша испан тілін де меңгерген. Бұл таңдауы да кездейсоқтық емес.

– Негізінен таңдауда бірнеше тілдер болды: герман, қытай, түрік. Бірақ мәдениеті мен әуезділігі жағынан испан тілі мені ерекше тартты. Бала күнімнен сол елдің фильмдерін көріп, футболына қызығып өстім. Бойымдағы қызығушылықтарымның арқасында осы тілді таңдадым, – дейді Ақтоты Жеңісбекқызы.

 

Фильмдерді ағылшын тілінде көргенді ұнатады

Әр жас маман бойында алғаш рет сабақ берген кезде қобалжу, қорқыныш, толқу сезімдері болатыны анық. Дәл осындай сезімдерді Ақтоты да басынан өткізді.

– Бастапқы кезеңдерде қобалжу болды. “Оқушылар мені қалай қабылдайды?”, “Мен бұл мамандыққа лайықпын ба?” деген ойлар мені айналып өтпеді. Бірақ уақыт өте келе балалармен ортақ тіл табыстым. Ең маңыздысы – оқушылармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, сабақты түсінікті әрі қызықты еткізіп өткізу. Сонда ғана олар өздері-ақ саған қарай бейімделе бастайды екен, – деді жас ұстаз.

Қазіргі заман талабына сай сабақты қызықты етіп өткізу – әр мұғалімнің міндеті.

– Тіл үйренуді қызықты ету үшін түрлі әдісті қолданамын. Көбінесе бір-бір рөл алып, соны ойнатып, диалогтар ұйымдастырамын. Әр жаңа тақырып өткен сайын оқушыларға шағын көрініс қоюды ұсынамын. Сонымен қатар Quizlet және Kahoot сияқты платформаларды жиі қолданамын, – дейді ол.

Мұғалім болу – тек сабақ жүргізу ғана емес, болашаққа жол ашу. Оқушыларының ойы мен сезіміне саналы түрде ықпал ету – негізгі мақсат.

– Мен үшін мұғалім болу тек білім берумен ғана шектелмейді. Мұғалім болу – оқушылардың бойына сенім ұялату, дұрыс бағытты нұсқау, олардың мүмкіндіктерін ашуға көмектесіп, тұлға ретінде қалыптасуларына ықпал ету, – деді Ақтоты Жеңісбекқызы. 

Жұмысты да, сабақты да бір арнаға тоғыстыру үлкен өнер деуге болады.

– Бастапқы кезде жұмыс пен оқуды қатар алып жүру өте қиын болды. Бірақ уақыт өте келе нақты жоспар мен мақсаттың арқасында барлығына үлгере бастадым. Ең маңыздысы – тәртіп, табандылық және уақытты тиімді пайдалану, – дейді ол.

Сабақтан тыс уақытта Ақтоты Жеңісбекқызы шетелдік фильмдерді ағылшын тілінде көргенді ұнатады. Сонымен қатар қазір ол корей тілін үйренуде. Кәсібін өміріне айналдырған ұстаз шабытты шәкірттерінен алатынын атап өтті.

– Мені шабыттандыратын бірден бір дүние – шәкірттерімнің жетістігі. Бұрын сөйлеуден қорқатын оқушыларым қазір сабақта өз ойын еркін жеткізіп, ашық сөйлесе бастады. Бұл – мен үшін ең үлкен мотивация. Сонымен қатар оқушыларымның «Сіз өте керемет мұғалімсіз!» деген бір ауыз сөзі мені одан сайын ынталандыра түседі, – деді жас маман.

 

«Тіл үйрену – ерік-жігерді қажет етеді»

Көп адам тіл үйренуді қиынсынып жатады. Оның қандай да бір құпиясы бар деп ойлаулары да мүмкін. Шын мәнінде бұл ерік-жігерді талап етеді.

– Тіл үйренудің нақты бір құпиясы жоқ. Әркімнің өз қарқыны болады. Мысалы, бір адам тілді бес айда үйренсе, енді біреуіне екі-үш жыл уақыт қажет болады. Бұл жерде ең маңыздысы – тұрақтылық. Күн сайын, тым болмаса күніне 10-15 минут уақытыңды тіл үйренуге жұмсасаң, міндетті түрде өзің қалаған нәтижеге жетуге болады. Ең бастысы жарты жолдан тастап кетпеу, – дейді ұстаз.

Көп тіл білу адамның ойлау қабілетіне тікелей әсер етіп, тұлға ретінде ойын ашық жеткізуге әрі өзін сенімді ұстауға септігін тигізеді.

– Бірнеше тілді меңгерген адам өз ойын ашық жеткізіп қана қоймай, ақпаратты тез талдайды. Жаңа тіл үйренген сайын мен де ақпаратты тез қабылдап, ойымды нақты жеткізетіндігімді түсіндім. Бірақ қорқу – тіл үйренудегі ең үлкен кедергі әрі қателік десем болады. Қазір көбі қателесіп қалмаймын ба, не айтсам болады деп ойлап, қорқынышқа бой алдырып жатады. Бұл – дұрыс емес. Қанша жерден қате айтып тұрсаң да, одан еш қысылмай, ойыңды ашық жеткізіп, сол тілде үнемі үздіксіз сөйлеп отыру қажет. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге жетуге болады, – деді Ақтоты.

Ақтоты Жеңісбекқызының ұстаздық жолы – бұл тек білім беру емес, әр оқушының ішкі потенциалын ашуға бағытталған жұмыс. Оның тәжірибесі, қажырлы еңбегі мен шәкірттерінің жетістіктері білім жолында алға қарай дамуына мүмкіндік бермек.

 

Балауса ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ

Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив