Өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде 150 бос орын бар. Сондай-ақ орта буын медицина қызметкерлерінің 146 орны бос. Бұл туралы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде облыста барлығы 2925 дәрігер және 7490 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді.
Анықталғандай, Өскеменге 71, Алтай ауданына 29 және Риддерге 14 дәрігер қажет.
Ал ауылдарға маман тарту үшін 100 АЕК көші-қон жәрдемақы мен жеңілдетілген тұрғын үй несиелері беріледі. Сондай-ақ тапшы кадрлар бойынша 8,5 миллион теңге төленеді. Бұл төлем 28 адамға арналғанымен, биыл оны 7 маман ғана алды.
Дегенмен бұл жеңілдіктердің Өскемен, Алтай, Риддер, Серебрянск, Зайсан және Шемонаиха қалаларына қатысы жоқ. Басқарма басшысы Төлеген Жігітаев медицина қызметкерлерін осы қалаларға тартудың қосымша тетіктерін қарастыруды ұсынды.
Пікірлер