453.26 506.7 5.58
A+ A A-

ШҚО-да Президент Жолдауындағы негізгі бағыттар талқыланды

ШҚО-да Президент Жолдауындағы негізгі бағыттар талқыланды [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Бүгін ҚР Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған Шығыс Қазақстан облысы активінің отырысы өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов төрағалық етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру» тақырыбында баяндама жасаған ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратовтың айтуынша, Мемлекет басшысы халық табысын арттыруды және инфляциямен жүйелі күрес жүргізуді басым міндеттер ретінде айқындады.
- 1 қарашадағы жағдай бойынша өңірде жылдық инфляция 9 пайызды құрап отыр. Қалалар мен аудандар деңгейінде бағаның өсуіне әкелетін себептерді, атап айтқанда тауар тапшылығын, сақтау кезіндегі ысырапты, жоғары логистикалық шығындарды және саудадағы артық аралық буындарды жою қажет. Өңірде халық табысын арттырудың 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жалғасады. Жоспар аясында сапалы жұмыс орындарын құруға, адами капиталды дамытуға, кәсіпкерлік пен өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамытуға басымдық беріледі, - деді ол.
ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстанда 407,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2026 жылы бұл көрсеткішті 408,4 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. 
Қазіргі уақытта облыста жалпы ауданы 961,1 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 859,8 мың шаршы метрі - көппәтерлі тұрғын үйлер, ал 101,3 мың шаршы метрі - жеке тұрғын үйлер. Денсаулық сақтау саласында осы жылдың басты нәтижелерінің бірі - Өскемендегі Гематология орталығы құрылысының аяқталуы болып отыр. Аталған орталық - Қазақстанда баламасы жоқ, бірегей медициналық нысан. Сонымен қатар қалада 300 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Бұдан бөлек, Онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусын реконструкциялау, Ана мен бала орталығының стационарын перзентхана ретінде қайта жабдықтау жұмыстары қолға алынған. Аталған екі нысанды да жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Спорт саласында Өскеменде Волейбол орталығы ғимараты салынып жатыр. Қазан айының соңында Республикалық ұлттық үстел теннисі академиясының спорт кешенінің құрылысы басталды.
- Шығыс Қазақстанда медициналық ұйымдар желісін дамыту, денсаулық сақтау инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жаңарту, саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету және медицина мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2021-2026 жылдар аралығында облыс бойынша 45 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында медициналық ұйымдардың басшылары Семей қаласындағы медициналық университет түлектерімен кездесулер өткізуде. Ауылға жұмысқа барған 28 медицина маманына біржолғы ақшалай төлем берілді. Кадр тартумен қатар, қолданыстағы медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға да басымдық беріліп келеді. 2026 жылы 29 маман әлемнің жетекші шетелдік клиникаларында жалпы сомасы оқудан өтті. Біліктілікті арттыру курстары Германия, Израиль, Ресей, Түркия және Беларусь елдерінде ұйымдастырылды, - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев.
ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетов аймақта іске асырылып жатқан цифрлық жобалар туралы айтып берді. 
- Ақпараттық технологиялар орталығы» базасында Аймақтық талдау орталығы жұмыс істейді. 108 ведомстволық цифрлық тізілім құрылған. Ұшқышсыз ұшу аппараттары мен инфрақұрылымды бақылайтын датчиктер қолданылады. Орталыққа 25 экологиялық бекеттен, жылумен жабдықтау жүйесіндегі 23 датчиктен, қатты тұрмыстық қалдықтарды бақылау жүйесінен және гидрологиялық бекеттерден деректер түседі. 569 контейнер алаңы мен 52 техника цифрлық бақылауға алынған. Бұл қоқыс шығару кестесінің бұзылуын анықтауға мүмкіндік береді. 243 фото-бейнетіркеу кешенін қамтитын «Мерген» жүйесі жұмыс істейді. 6 ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен 10 мың гектардан астам аумақ зерттеліп, 24 гидробекет автоматтандырылды, - деді ол.
Бүгінде облыс халқының 99 пайызы тұратын елді мекендер байланыс және интернетпен қамтылған. Енді «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 204 елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосу көзделіп отыр.
Жиналыс барысында жер қойнауын пайдалануды дамыту туралы баяндама жасаған ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсаттың айтуынша, қазіргі уақытта өңірде пайдалы қазбалардың 250-ге жуық кен орны бар. 
- Оның ішінде 129-ы кең таралған пайдалы қазбаларға жатады. Бұл ресурстар инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылысы үшін аса маңызды. Осыған байланысты облыстың құрылыс материалдарына деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін өзіміздің шикізаттық әлеуетімізді тиімді әрі ұтымды пайдалану басым міндеттердің бірі болып отыр. Сондай-ақ өнеркәсіптік игеруге әлеуеті жоғары жаңа кен орындарын барлау мен анықтауға ерекше назар аударылған. Бұл бағытта минералдық-шикізаттық әлеуетке кешенді талдау жүргізу, перспективалы және резервтік кен орындарын айқындау, оларды одан әрі игерудің орындылығын бағалау мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу көзделген, - деді ол.
Аталған бағыттағы жұмыстарды үйлестіру және жүйелі түрде ілгерілету мақсатында ШҚО әкімінің жанынан Критикалық материалдар және тұрақты металлургия жөніндегі жобалық кеңсе құрылды. Ол өңірдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға, ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы өзара ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді. Ірі кәсіпорындар тартылып, оларға өңірдің әлеуеті жан-жақты таныстырылмақ.
Облыс әкімі өз сөзінде Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы Шығыс Қазақстан үшін нақты нәтижелерге қол жеткізілетін, жаңа нысандар бой көтеріп, инфрақұрылым сапасы жаңа деңгейге көтерілетін жыл болуы тиістігін жеткізді. 
- Сол үшін 2027 жылға арналған басым құрылыс жобалары шоғырландырылған тізбе әзірленуі керек. Денсаулық сақтау саласында бастапқы медициналық-санитариялық көмектің, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі арттыруымыз қажет. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, қалалар мен аудандардың әкімдері өңірдің минералдық-шикізат әлеуетіне талдау жүргізіп, сирек және сирек жер металдарын қоса алғанда, геологиялық барлаудың әлеуетті бағыттарын айқындасын. Біздің міндетіміз - Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтынымызды білдірумен ғана шектелмей, оларды жергілікті жерде іске асырудың нақты тетіктерін айқындау. Әр тапсырма мемлекеттік органдардың қызметінде көрініс тауып, атқарылып жатқан жұмыс нәтижесін халықтың сезінуі маңызды, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив