Бүгіннен бастап ШҚО драма және оперетта театрында «SHYGYS SAHNA FEST” театрішілік фестиваль басталады. Бұл туралы Мәдениет басқармасы Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ләззат Жұмашева мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған фестивальде бір сахнада 4 театр труппасының өнерін көруге болады.
– Театр құрамындағы төрт шығармашылық труппа – қазақ, орыс, жас көрермендер және оперетта бағыттары бір сахнада бас қосып, өзара тәжірибе алмасу мен кәсіби бәсекеге түсуде. Әр труппаның өзіндік көркемдік мектебі мен сахналық ерекшелігі бар. Фестиваль – жай спектакльдер байқауы емес. Бұл кәсіби тұрғыда өсуге, қойылымдарды сараптауға және театрдың стратегиялық дамуына бағытталған маңызды алаңға айналары сөзсіз, – деді Ләззат Жұмашева.
Арнайы шақырылған театртанушылар мен сыншылар тәуелсіз баға беріп, 14 номинация бойынша үздіктерді анықтайды.
– Бұл театр үшін өте маңызды оқиағалардың бірі. Өйткені, Өскемендегі бір театрдың ішінде 4 труппаның болуы үлкен мақтаныш. Біз сыншы ретінде театрдың көркемдік жағын, сахнада өздерін ұстауларын бағалайтын боламыз. Сондықтан, бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді театртанушы, кәсіби сыншы Анар Еркебай.
Айта кету керек, бұл фестиваль 5 күнге жалғасады.
Пікірлер