Облыс орталығының басшысы Алмат Ақышовтың Жібек маталар комбинаты шағынауданының тұрғындарымен кездесуі №46 орта мектеп ғимаратында өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиында қала әкімі өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарлар туралы айтты. Оның сөзінше, бұл – тұрғындармен өткізілген үшінші кездесу.
– Бір жылдан астам уақыт Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарып келемін. Бұған дейін екі кездесу өтті. Бүгінгі жиын – қорытынды есеп беру кездесуі. Бұл жолы оны Жібек маталар комбинаты шағынауданының тұрғындарымен өткізуді жөн көрдік. Себебі сол жағалау кешенінде шешімін күткен мәселелер көп, – деді әкім.
Алмат Ақышовтың айтуынша, 2025 жыл қала үшін бірқатар маңызды жобамен есте қалды. Атап айтқанда, инвестициялық жобалар аясында «Maxi Mall» сауда кешені, май зауыты және «Заречный базары» сауда үйі салынды.
Ал білім беру саласы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 1500 орындық үш мектеп пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі білім беру саласында 1204 жаңа орын ашылған.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілді. 2025 жылы шаһарда 155 жол учаскесі жөнделіп, бюджет есебінен үш трамвай сатып алынды. Сондай-ақ 45 автобус пен 14 шағын автобус әкелінді.
– 2026 жылғы негізгі мақсат – қаланың инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру, – деді Алмат Ақышов.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Әл-Фараби көшесінің тұрғыны жолдарды қардан тазалау және қаңғыбас иттер мәселесін айтты.
– Әл-Фараби мен Қазыбек би көшелерінде қар толық тазаланбайды. Көліктер қарды басып тастайды, жаяу жүргіншілерге, әсіресе оқушыларға қиын. Сонымен қатар қаңғыбас иттер мәселесі де алаңдатады, – деді тұрғын.
Өз кезегінде шаһар басшысы бұл мәселелердің назарда екенін айтты.
– Жолдарды тазалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал қаңғыбас иттер мәселесіне келсек, бұл – өте өзекті тақырып. Қазіргі заңнамаға сәйкес жануарларды аулап, стерилизациялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Алмат Талғатұлы.
Пікірлер