
Көктемдегі көпір әлегі: Ертіс көпіріндегі шұрқ тесік салдарынан көлік бүлініп, іс сотқа жеткен
Қаланың оң және сол жағалауын жалғап жатқан Ертіс көпірі қазір өскемендіктер жиі талқылайтын тақырып. Бірнеше жылдан бері солай, өкінішке қарай. Алдымен бұл нысан жеті жыл бойы жөнделіп, оған он миллиард теңге жұмсалды. Кейін қайта жаңғыртудың сапасыз жүргізілгені анықталып, көпірді қайтадан жөндеу қажет делінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дегенмен осы жобаның бастамашысы болған облыстың экс-әкімі Даниал Ахметовке ешкім кінәрат тақпай келеді. Ал автокөлік жүргізушілері алдағы жазда ұзын-сонар кептеліс туындауы мүмкін деп бүгіннен болжап отыр.
Қазіргі уақытта да таңғы және кешкі қарбалас мезгілдерде көлік кептелісі жиі байқалады. Бұған көпір бойындағы жол жабындысындағы ірі шұңқырлар себеп. Жүргізушілер көлік жылдамдығын азайтып, шұрқ тесіктен қашуға мәжбүр. Әлеуметтік желілерде бұған қатысты тұрғындар наразылығы біршама. Темір тұлпарым бүлінді деп ашу мен ренішін қатар білдіріп жатыр. Ал жолды күтіп-ұстауға жауапты «Таза Өскемен» мекемесі көбіне ауа райы қолайсыздығын алға тартып, жөндеу жүргізу мүмкін болмағанын айтып келген.
Алайда Өскемен қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотында бір автокөліктің зақымдануына байланысты басталған сот отырысы барысында бұндай уәждің негізсіз екені анықталды. Нәтижесінде кәсіпорын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 631-бабы, 2-бөлігі бойынша 90 825 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Айыппұл сомасы аса үлкен болмағанымен, коммуналдық кәсіпорын шешіммен келіспей, шағым түсірген. Қазір бұл шағым сот қарауында. Істі талқылау кезінде «Таза Өскемен» өкілдері қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау жұмыстары тізіміне шұңқырларды жамау кірмейтінін алға тартқан. Бірақ сот мемлекеттік сатып алу келісімшарты мен техникалық сипаттаманы негізге ала отырып, бұл уәжді жоққа шығарды.
Сотта жол жабындысындағы ақауларды дер кезінде жоймауға қаржы жетіспеуі сылтау бола алмайтыны да атап өтілді. Құжаттарға сәйкес, коммуналдық қызмет жолдар мен қалалық инфрақұрылым жағдайын тәулік бойы бақылап отыруға міндетті. Ал жолда шұңқыр анықталған жағдайда жыл мезгіліне қарамастан, дереу қауіпсіздік шараларын қабылдауы тиіс. Бұған ескерту белгілерін орнатып, ақауды жедел жоюға кірісу, қажет болса шұңқырларды уақытша толтыру жұмыстары кіреді.
Дәл осындай пікірді полиция өкілдері де қолдады. Сот отырысында Өскемен қалалық полиция басқармасы бөлімінің бастығы Сергей Коваленко Ертіс көпірін қоса алғанда, жолдардың барлығы аталған кәсіпорын теңгерімінде екенін түсіндірді. Сондықтан мекеме қыс мезгілінде де, жазда да жолдағы шұңқырларды жамау немесе жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзге де жұмысты жүргізуге міндетті.
Сот қаулысында Қазақстан Республикасы «Жол қозғалысы туралы» заңының 37-бабына да арнайы тоқталды. Онда:
– Жолдардың жай-күйіне жауапты лауазымды және өзге де тұлғалар (…) жолдарды ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес қозғалыс үшін қауіпсіз жағдайда ұстауға, (…) қозғалысқа кедергі келтіретін жағдайларды дер кезінде жоюға, ал жолдың жекелеген учаскелерін пайдалану қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіргенде ондағы қозғалысты тоқтату немесе шектеу шараларын қабылдауға міндетті, – деп көрсетілген.
Айтпақшы, осы сот талқылауынан кейін қалалықтар көпір бойында мердігерлердің арнайы техникасы жұмыс істеп жатқанын байқаған. Өскемен әкімдігі де мұны растады: нысанда шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер