A+ A A-

talgatzhan 43 Бүгін, 10:45 0

Мектепте аз мәселе айтылмады: Алмат Ақышов халық алдында үшінші мәрте есеп берді

Бүгін / Өскемен

Өскемен әкімі жолғы басқосуы Жібек маталар комбинаты шағынауданында ұйымдастырылды. Нақтысында, 46-шы орта мектеп. Жиында қаладағы инфрақұрылым, қоғамдық көлік, жол тазалығы, қаңғырған иттер мәселесі сияқты тақырыптар көтеріліп, тұрғындар әкімге тікелей сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жұрт иттен әлі именеді

Әкім алдымен өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, Maxi Mall сауда кешені, Altaimai ЖШС-нің май зауыты, AitasAgroAstyk ЖШС-нің астық сақтау қоймасы және Заречный базары сауда үйі пайдалануға берілген. Білім беру саласында да айтарлықтай өзгерістер бар көрінеді.

– «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында жалпы 1500 орындық үш мектеп салынды. Оның ішінде Увалиев көшесінде және Ілияс Есенберлин даңғылында 600 орындық екі мектеп, Тимофеев көшесінде 300 орындық білім ошағы ашылды. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 1200-ден астам жаңа орын іске қосылған. Қаладағы жол-көлік инфрақұрылымы да назардан тыс қалмаған. 2025 жылы 155 жол телімі жөнделіп, оның 59-ы асфальтталып, 96 учаскеге қиыршық тас төселген, – деді әкім.

Сондай-ақ 11 шақырым жаңа тротуар салынды. Қоғамдық көлік жүйесін жаңарту мақсатында үш трамвай сатып алынып, тасымалдаушылар тарапынан 45 автобус пен 14 шағын автобус алынған. Алдағы уақытта тағы 12 электробус сатып алу жоспарланып отыр.

Кездесу барысында қалалықтар қаңғырған иттер тақырыбын тағы бір қозғады. Әл-Фараби көшесінің тұрғыны бұл мәселенің қауіпті деңгейге жеткенін айтты. Есімі естілмеген, бірақ өзін көпбалалы ана деп таныстырған нәзік жанды кей көшеде 15-20 ит топтасып жүретінін, бұл әсіресе мектепке баратын балаларға қауіпті екенін жеткізді.

Қала басшысы бұл мәселенің заң талаптарына байланысты күрделі екенін жеткізді. Қазіргі заңнамаға сәйкес қаңғырған иттерді жоюға болмайды, олар тек стерилизациядан өткізіліп, қайтадан босатылады. Ал ит аулаумен айналысатын ұйым өкілдерінің айтуынша, ақпан айында 200 ит пен күшік ауланған, бірақ үлкен қала үшін бұл көрсеткіш жеткіліксіз.

 

«Автобусты көп күтеміз»

Жиында қоғамдық көлік мәселесі де көтерілді. Әл-Фараби көшесі тұрғындары 255-ші бағыттағы автобусқа шамадан тыс жүктеме түсетінін айтты.

– Бұл бағытта небәрі төрт автобус жүріп, аралығы бір сағатқа дейін созылады. Салдарынан таңертең мектеп оқушылары мен жұмысқа баратын тұрғындар автобусқа сыймай қалады. Желіге тағы бір автобусқа шықса ғой, – деді олар.

Әкім бұл мәселе қарастырылып жатқанын, алдағы уақытта жаңа автобустар сатып алынған жағдайда жаңа бағыттар ашылып, қолданыстағы маршруттар күшейтілуі мүмкін екенін айтты.

Кездесу барысында Меновной ауылындағы Солнечный көшесі тұрғындары да өз мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, бұл көшеде алты жылдан бері жол салынбаған, ал көше ұзындығы шамамен 850 метр. Қала әкімі бұл жобаның шамамен 200 миллион теңге көлемінде қаржы талап ететінін айтып, қажетті есептеулер жүргізілгеннен кейін мәселе қарастырылатынын жеткізді.

Жібек маталар комбинаты шағынауданында өткен кездесу тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді жасырмай айтып, нақты жауап алуға тырысты. Ал әкімдік тарапынан көтерілген түйткілдерді кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отырғаны айтылды. Дегенмен тұрғындар көтерген мәселелер – қаңғырған иттер, қоғамдық көлік тапшылығы мен жол сапасы – әлі де өз шешімін күтіп тұрған маңызды тақырыптар екені байқалды.

 

Ұлжан ЖАЛЫНДАҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив