Оқушылар шығармашылық сарайында өткен кездесуде жаңа Ата заңда жобасына енгізілген негізгі өзгерістер мен жаңа нормалар талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Коалиция мүшесі Шынар Бақытханқызының айтуынша, Конституция жобасында экология мәселесіне ерекше мән берілген. Бұл бағыт, әсіресе, Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін өзекті болып отыр.
- Облыс тұрғындары үшін ең маңызды мәселелердің бірі – экология. Сондықтан жаңа заң жобасында бұл салаға қатысты талаптар нақты әрі қатаң бекітілген. Яғни, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы қоршаған ортаны қорғауға жауапты. Ал қоршаған ортаға зиян келтірген жағдайда лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады, - деді коалиция мүшесі.
Сонымен қатар жаңа өзгерістердің бірі отбасы институтына байланысты болмақ. Конституция жобасында Қазақстандағы отбасы моделі ерікті және тең құқықты ер мен әйел арасындағы одақ ретінде айқындалған. Бұл норма қыздарды алып қашу, еркінен тыс некеге мәжбүрлеу сияқты жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Бұдан бөлек, ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілікке қатысты норма да толықтырылды. Бұрын ата-аналар балаларға жауапты болса, енді жаңа өзгерістерге сәйкес кәмелетке толған балалар да қартайған ата-аналарына жауапты болады.
Кездесу барысында тұрғындарға әлеуметтік желілерде таралып жатқан жалған ақпараттардың алдын алу мақсатында нақты мәліметтер беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
- Бүгінде әлеуметтік желілерде түрлі алыпқашпа әңгімелер мен жалған ақпараттар жиі тарайды. Сондықтан біз азаматтарға нақты ақпарат беріп, барлығын жан-зақты түсіндірдік, — деді Шынар Бақытханқызы.
Пікірлер