«Алтайым – алтын бесігім» атты айтыс бағдарламасына терме орындау да енгізілді. Бұл туралы ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Наурыз соңында өтетін айтыс Қазақстан айтыс ақындары одағының төрағасы Аманжол Әлтаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан командалық жоба аясында өтпек. Жоба былтырдан бері еліміздің бірнеше өңірінде ұйымдастырылып келеді.
Самат Қасеновтің айтуынша, шара тек айтыскер ақындардың сөз сайысымен шектелмейді. Бағдарламада дәстүрлі ән, күй, жыр және терме өнері де көрермен назарына ұсынылады.
Биыл өңір айтыскерлері Қарағанды облысы ақындарымен өнер көрсетеді. Айта кетейік, өткен жылы Қарағанды облысының командасы финалға шыққан болатын.
– Командалық айтыстың алғашқы кезеңдерінің бірі 19 наурыз күні Семей қаласында өтсе, келесі кезеңі 26 наурызда Өскеменде ұйымдастырылады. Шараға ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерманның қатысуы күтіліп отыр, – Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның тумасы Жұлдызай Маратбекова да сахнаға шығады.
Пікірлер