A+ A A-

talgatzhan 44 Бүгін, 09:10 0

Өскемен зообағындағы жануарлар қыстан қалай шықты?

Бүгін / Өскемен

Қаладағы этносаябаққа барып, бой жазып қайтамын деген тұрғындар аралап жүріп, түрлі аңды көзі шалуы мүмкін. Бірақ жыртқышқа да, адам атаулыдан ат тонын ала қашатын жасқаншақ жануарға да қыс әрқилы әсер етуі мүмкін. Жуықта Сол жағалау кешеніндегі хайуанаттар бағына барып, қонжық, түйе, сусар және тағы басқасының аяз бен боранды қалай өткергендерін біліп қайттық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сусар зообақтан «сүйіктісін» тапты

Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, хайуанаттар бағының жануарлары қыстан аман-есен шықты. Әлсіреп, көтерем күйге түскендері жоқ көрінеді. Оларға күтім жасау маусымдық жағдайларды ескере отырып жүргізілген.

Күн суыта, жылу сүйетін жануарлар тұрақты температура сақталатын жылы бөлмелерге ауыстырылған. Онда электр қуаты өшкен жағдайда пешпен жылыту жүйесі қарастырылыпты. Суыққа үйренген жануарлар үшін оқшауланған қоршаулар, желден қорғайтын баспаналар бар, жерге сабан, шөп қалың етіп төселген.

Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, қыс мезгілінде жануарларға қажетті энергия деңгейін, физикалық жағдайын сақтауға мүмкіндік беретін құнарлы тамақ, дәрумендермен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

– Хайуанаттар бағында үнемі ветеринарлық тексерулер жүргізіледі, сондықтан биыл қыста жануарлар өлімі болған жоқ. Қыс қалыпты өтті, жануарлардың жағдайы да қанағаттанарлық, – дейді олар.

2023 жылдың шілдесінде Харитон есімді сусар әкелінді. Ол келімді-кетімді адамдардың көзіне бірден түсіп, сүйкімді аңды қайта-қайта тамашалады. Жануар Семей мемлекеттік орман шаруашылығы саябағындағы орман өрттері кезінде құтқарылған. Карантин кезінде оған үлкен қоршау салынып, ағаштың төменгі жағын тесіп берді. Харитонның арғы жағында Стефа есімді ұрғашы бұлғын тұрады. Оның мінезі жайсыз. Стефа қонақтарды онша жақсы көрмейді, көңіл-күйі нашар болса өз «үйін» де қиратуы мүмкін. Бірақ Харитонның келуімен бұлғынның өмірі күрт өзгерді. Олар бір-бірін ұнатып қалды. Ғашықтық әсерінен, бұлғынның бірден сусар сияқты белсенділігі оянды.

– Харитон есімді сусар қыстан аман шықты. Бұл кішкентай сусар жыртқыш мінезі мен талмайтын күш-қуатының арқасында келушілердің сүйіктісіне айналды. Сусарлар епті және өте белсенді. Харитон әрдайым қозғалыста. Ол тез жүгіреді, қоршаудың қабырғаларына оңай өрмелеп, әр түкпірді зерттейді. Рас, кейде көршісі, бұлғын Стефаниямен ұрысып қалуы да мүмкін. Кәдімгідей, біразға барып қалады. Бірақ оның сабырлы мінезінің арқасында қақтығыстар сирек болады, – деді қызметкерлер.

Сусардың күнделікті ас мәзірінде ет, жұмыртқа, көкөніс сияқты азықтардан бөлек, дәрумендер де бар. Олардың жүні суықтан қорғайтындықтан, қысқа жақсы төтеп берді.

Зообақта бірнеше ірі мысық мекендейді. Олар мұнда әртүрлі себеппен жеткізілген. Кейбірі жарақат алса, енді бірі төңіректі танып-біле бастағанда жетім қалып, жабайы табиғатта жалғыз өмір сүре алмаған. Ал тағы біреулері олардың тәртіпсіз мінезіне төтеп бере алмай, қайырымды адамдар осында жеткізіпті.

2014 жылы жануарлар саябағында Багир есімді пума пайда болды. Оны жеті айлық кезінде орыс циркінің жаттықтырушылары әкелді. Сол жылы олар Өскеменге гастрольдік сапармен келген еді. Багир әуелде тентек мысық болды.

– Ол цирк қызметкерлеріне бағынбады және бұйрықтарды мүлдем орындағысы келмеген. Қысқасы, қиқарлыққа басты. Осы себепті цирк қызметкерлері Багирды осы жерге әкеліп тастады. Шеба мен Багир – біздің хайуанаттар бағындағы ең үлкен мысықтар. Олар қыс мезгілінде баспаналарында жатады. Ал ауа райы жылынған сәттен бастап қоршауды аралап, әсем жүрістерімен көзге түседі, – деді қызметкерлер.

 

Қораға жасырынған қонжық

Аңдардың ішінде де ұялшағы немесе тәкаппары болады екен. Келушілер сирек көретін аңның бірі – Лора есімді сілеусін. Ол хайуанаттар бағына 2017 жылы жеткізілді. Оны Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы (КШТ) балабақшалардың бірінің маңынан тауып алған. Ол ашығып, әлсіреп қалғандықтан оны ұстауға келген қызметкерлерге қарсылық көрсетпеген.

– Сілеусін басқа да мысықтар сияқты, күндіз аса белсенді емес. Келушілер оны әрдайым көре бермейді, бірақ түстен кейін немесе таңертең ерте ұясынан шыққанын көруге болады. Бұл үлкен, жүні мамықтай мысық – біздің әдемі Лора, – деп түсіндірді хайуанаттар бағының қызметкерлері.

Өткен күзде Риддер қаласындағы саяжайлардың біріндегі қорадан тұрғындар кішкентай қонжықты тауып алды. Тұрғындардың айтуынша, жалғыз қалып қойған. Өздеріңізге белгілі, былтыр кенді қала маңын маймақ басқан еді. Жануарлар жанашырлары анасын пойыз қағып кеткен болуы мүмкін деп топшылады. Содан саяжай иелері орман шаруашылығы және аңшылық басқармасының жедел әрекет ету тобына қонжыққа көмек сұрап өтініш берді. Нәтижесінде, жануарды ұстап, Өскемен хайуанаттар бағына әкелу туралы шешім қабылданған. Қонжық әкелінгеннен кейін, біраз уақыт карантинге жабылып, келушілерге көрсетілмеді.

Қызметкерлердің айтуынша, шамамен жеті айлық болған. Ашыққан, қимылынан үрей байқалыпты.

– Жабайы жануарды құтқарудың тағы бір мысалы – Хабар есімді қонжық. Қазір оны біздің қызметкерлер мен ветеринар үнемі бақылап отырады. Оған қажетті ем-дом жасалды, бөлек қоршау жасалып, қаумал (вольер) әзірленді. Хабардың тәбеті керемет, сондықтан болар, тез қалпына келді, – деді қызметкерлер.

Бұрын зообақ қызметкерлері жануарды одан әрі қорқытпау үшін байланысты азайтуға тырысқан. Жабайы табиғатта болғаннан кейін қонжықтың басқа жануарлармен қоршауда болуы әдеттен тыс жағдай еді.

– Бүгінде Хабар өзін жақсы сезініп, тез өсіп келеді. Өзіне таңсық дыбыстарға, жануарлардың, көліктердің және құстардың дауыстарына бейімделіп қалды. Ол бізге де үйреніп келеді. Адамдардың оған ешқандай қауіп төндірмейтінін түсінді. Біз үшін бастысы сол, жабайы жануардың сеніміне ие болу. Қонжық тынышталып, қызығушылық танытып, бірақ аса сақтық таныта бастады. Аязды күндері шөп үйіндісіне көміліп ұйықтағанды ​​​​ұнатады, – деді хайуанаттар бағының қызметкерлері.


Қасқыр қақаған қыстан қорықпайды

Рада және Арчи есімді қасқырлар қысты ойдағыдай өткерді. Олар қатал ауа райы жағдайларына өте жақсы бейімделген. Мәселен, суық күндер басталғанда жүні қалыңдап, тығыздала түседі. Сонымен қатар, қыста олардың қорегі де біршама өзгеріп, күйін сақтауға мән беріледі.

– Аязды күндері Рада мен Арчи өте белсенді. Олар нағыз қасқырлардың бірлігі мен мінезінің жарқын көрінісі. Таңертең олар екі дауыста ұлып, ән айтады. Бұл жақсы көңіл-күй мен өзара байланыстың белгісі, – дейді сарапшылар.

Хайуанаттар бағында Шығыстың ауа райына үйренген тұяқты жануарлар мекендейді. Сол себепті оларды қыс кезінде де көптің көруге болады.

– Түйелер мен яктардан басқа тұяқты жануарлар да қысты жақсы өткерген. Күн суыта олардың жүні қалыңдап. Ал бұл жануарларды төмен температурадан қорғауға көмектесті, – дейді аң күтіміне жауапты азаматтар.

Олар қыстың көзі қырауда бұғы мен маралдарға арналған қоршауларда әрқашан құрғақ шөп, сабанның болуын мұқият қадағалайды. Бұл оларға жайлы жағдайда демалуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұяқтылардың ас мәзіріне дәрумендік қоспалар мен балық майы қосылады. Бұл олардың денсаулығын сақтауға сеп. Өткен жылдың соңында хайуанаттар бағына жаңа құстар жеткізілді. Алматы саябағынан алтын және гауһар түсті қырғауыл жұбы келді. Бұлар әлемдегі ең әдемі құстардың бірі болып саналады. Келушілер биылғы көктемде осы экзотикалық қауырсынды құстарды көре алады. Құстар жылуды жақсы көреді және қысты баспаналарында өткізеді. Олардың ас мәзірінде дән қоспалары, көкөніс, жеміс, дәрумендік қоспалар және шөптер бар.

Зообақ жануарлар коллекциясын дамыту және жаңарту бойынша жақсы жұмыс істеп келеді. Толықтыру мәселесі үнемі қарастырылады. Алайда оларды алу бірқатар факторға, соның ішінде тиісті тұрғын үй жағдайларының болуына, қоршаулардың дайындығына, ветеринарлық талаптарға және кешенді күтімді қамтамасыз ету мүмкіндігіне байланысты. Қазір қызметкерлер коллекцияны кеңейту нұсқаларын зерттеп жатыр.

Жануарлардың әл-ауқаты басты басымдық болып қала береді. Сондықтан жануарлар жайлы және қауіпсіз күтіп ұстау үшін барлық қажетті жағдай жасалған соң ғана жеткізіледі.

Айсана МЕДЕУБЕК

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив