Облыс орталығында «Күй күмбірі» республикалық домбырашылар акциясы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған іс-шара ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Акцияның мақсаты – мәдени мұраны сақтау, білім алушылардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, балалардың домбырада орындау шеберлігін насихаттау.
ШҚО Білім басқармасы «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы тәрбие және әлеуметтік жұмыс бойынша әдістемелік бөлімінің әдіскері Әйгерім Нұрланқызының айтуынша, биылғы іс-шара «Наурызнама» онкүндігінің Жаңару күніне орай өткізілген.
— Бұл акцияның мақсаты – өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік мәдениет пен патриотизмге тәрбиелеу, еліміздің мәдени мұрасын сақтау және балалар арасында домбыра тартуды насихаттау. «Күй күмбірі» – ұлттық музыканы дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын маңызды мәдени шара. Ол алғаш рет 2023 жылы ұйымдастырылып, содан бері маңызды мәдени оқиғаға айналды, – дейді Әйгерім Нұрланқызы.
Шараға өңірдегі білім беру ұйымдарының оқушылары қатысып, бір уақытта халық күйлері мен белгілі композиторлардың шығармаларын орындады. Атап айтқанда, «Тепеңкөк», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Дәулеткерей Шығайұлының «Көроғлы», Байжігіттің «Көксерке» күйлерін орындады.
Айта кетейік, акцияға Шығыс Қазақстан облысынан 3500-ден астам оқушы қатысса, оның ішінде Өскемен қаласынан 300 оқушы өнер көрсетті.
Балауса ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ
Пікірлер