Өскеменде облыс әкімінің бірінші орынбасарына қатысты сот талқылауы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жақсылық Омар алаяқтық және пара алу айыптары бойынша сот алдында жауап берді. Судья қорғаушы тарапқа сөз бергенде ол алдымен бірінші орынбасардан қай уақыт аралығында қала әкімі болғанын, кейін қандай лауазымға отырғанын сұрады.
– 2018 жылдың 20 тамызынан 2025 жылдың қараша айына дейін қала әкімі қызметін атқардым. Сосын облыс әкімінің кеңесшісі болдым. 2025 жылдың 7 сәуірінде облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне кірістім. Өскемен әкімі болғанда қаланың дамуына, шағын және орта кәсіпті ілгерілету бойынша жаңа жобалар іске асыруға жауапты болдым, – деді Өскеменнің экс-әкімі.
Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғандағы міндетін сұрады. Жақсылық Омардың сөзінше, қарамағында бірнеше басқарма болды. Оған қаржы, экономика сияқты салаларды басқару кірді. Қорғаушы тарап Жақсылық Омардан азамат Б.-дан ақша алған-алмағанын, алса, қандай көлемде екенін сұрады.
– Иә, алты миллион теңге алдым. Бастапқыда 20 млн теңге беруі қажет болатын. Қалған соманы бөліп беремін деді. Оған келістім, – деді Жақсылық Омар.
Сотта Жақсылық Омар өзіне тағылған айыптарды (қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары (ірі мөлшердегі алаяқтық), сондай-ақ 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ірі мөлшерде пара алу) мойындайтынын мәлімдеді. Сот талқылауы барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары айыппұл түрінде жазаға дайын екенін, ол үшін туған-туыстары тиісті соманы жинап қойғанын да мәлім етті. Ендігі отырыс жарыссөз ретінде наурыздың 26-сы күні сағат 15:00-де өтеді.
Фото: kz.kursiv.media
Пікірлер